Аталған жиынды ұйымдастырудағы көзделген мақсат – Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәрбие жүйесіндегі тәжірибемен бөлісу, дейді ұйымдастырушылар.
«Назарбаев зияткерлік мектептері жеке тұлғаны тәрбиелеу бағытында түрлі бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асырып келе жатыр. Солардың ішінде «100 ән», «100 күй», «100 кітап», «Берік отбасы», «Туған елге тағзым», «Даналық бейсенбі» сынды жобалар мен «Шаңырақ» қауымдастығының атқарып отырған жұмыстары әр оқушыны ел мен жерді сүюге, ұлттық өнер мен құндылықтарды бағалауға, үлкенге құрметпен қарауға тәрбиелейді.
Осы семинар-практикумда жылдар бойы жиналған тәжірибемізбен жаңадан құрылған Абай облысының ұстаздарымен бөлістік. Екіжақты тығыз қарым-қатынас арқылы еліміздің келешегі жастарға сапалы білім ғана беріп қоймай, саналы тәрбие берсек ұтарымыз көп. Шараға қатысқан әр ұстаз өзіне қажетті, пайдалы ақпаратты меңгеріп, тәжірибеде пайдаланатынына сенімдімін», деді Назарбаев зияткерлік мектептерін дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ.
Семинар-практикумның барысында Павлодар, Өскемен қалаларындағы зияткерлік мектеп ұстаздарының түрлі тақырыпта әр пәнге кіріктірілген сабақтары өтті.
«Тәрбие саласындағы түрлі жобаларымыз қалалық мектептерге бұған дейін де таныстырылып, екіжақты бірлескен жұмыстар іске асырылып жүрді. Олармен жыл бойы бірнеше мәрте кездесіп, әлі тәжірибе алмасамыз. Енді тәжірибемен бөлісу аумағын кеңейтіп, ауыл мектептеріне де білгенімізбен бөлісуді қолға алдық. Семинар-практикумге қатысуға 200-ден астам ұстаз ниет білдірді. Біз мұнымен ғана тоқтап қалмаймыз. Осы бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жүйелі жүргізіледі», деді Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары Лариса Абылқасымова.
Семинар-практикумге Үржар ауданының Мақаншы ауылынан келген жас ұстаз Дархан Мамытханов бұл басқосудың тәжірибелік пайдасын айтты.
«Әр күні жаңалыққа толы қазіргі қоғамда бала тәрбиесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Осы ретте мектептің де рөлі ерекше. Қазір оқушыны ертеден келе жатқан дәстүрлі оқу процесімен тәрбиелеу мүмкін емес. Жаңаша көзқарас, жаңа бағыт керек. Міне, осы бағытты бүгінгі семинар-тренингтен көріп отырмын. Оқушыны азаматтық көзқарасы қалыптасқан, ұлтжанды, патриот болып өсуіне ықпал ететін түрлі жобаларды үйреніп, өз мектебімізде қолданысқа енгізуді жоспарлап отырмын», деді Әсет Найманбай атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған семинар-практикум ауыл мектебі ұстаздарының тәжірибе алмасып, тәрбие саласындағы білімдерін молайтуға септігі тиетін тиімді алаңға айналды.
Абай облысы