Хоккей • 17 Қазан, 2022

«Амурды» алып жықты

171 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынап жатқан елорданың «Ба­рысы» кезекті тур ойынын «Барыс Аре­нада» өткізіп, Хабаровскінің «Амурын» тізе бүктірді.

«Амурды» алып жықты

 

Алты мыңға жуық жанкүйер тамашалаған Астанадағы кездесудің алғашқы кезеңі тең есеппен аяқталды. 7-минутта Никита Ми­хайлис ҚХЛ-дің осы маусымындағы бірінші шайбасын соғып, «Барысқа» басым­дық сыйлады. Дегенмен, 19-минутта сан басымдығына ие болған қонақтар үзіліске дейін таразы басын теңестіріп кетті – 1:1. Голдың авторы – Павел Махановский.

Екінші кезеңде «Барыс» ойыншылары қарқынын арттырып, қонақтар қақпасына жауапсыз үш шайба енгізді. Алдымен 26-минутта Аңсар Шайхмедденов «Барысты» қайтадан есепте алға шығарса, арада бір минут өткенде Юрий Сергиенко мен Линден Вей мергендігімен көзге түсіп, таблодағы көрсеткішті 4:1-ге жеткізді. Ал үшінші кезең басталған бетте Егор Петухов дәлдік танытып, ойынның нүктесін қойды –5:1.

Осылайша, қатарынан екі ойында жеңіске жеткен «Барыс» «Шығыс» конферен­циясы­ның турнир кестесіндегі жағдайын жақ­сартып алды. Жерлестеріміз келесі кездесуін бүгін «Батыс» конференциясында төртінші орында тұрған Нижний Новгородтың «Торпедосымен» өткізеді.