Қоғам • 17 Қазан, 2022

Биыл қазақстандықтарға қанша зейнетақы төленді?

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022 жылдың 9 айында қазақстандықтарға 2,2 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді. Қыркүйек айында республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 244,8 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 74,5 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 170,3 млрд теңге бағытталды, деп хабарлайды Egemen.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл қазақстандықтарға қанша зейнетақы төленді?

2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 261 мың адамды құрайды.

2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 109 171 теңгені құрады.

Еске сала кетсек, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып, әрбір алушыға жеке тағайындалады.

Бұл ретте зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға арналған ынтымақты жүйеде әзірленген еңбек өтілі, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген кезеңдер енгізіледі.

Мәселен, егер зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-на тең болса, бұдан әрі әрбір жыл үшін 10 жылдан астам оның мөлшері 2%-ға ұлғаяды. Мысалы, қатысу өтілі 20 жыл болғанда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74%, 30 жыл - ең төменгі күнкөріс деңгейінің 94%-ды құрайды. 33 және одан да көп жыл өтілі кезінде ол ең жоғары мөлшерде-ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100% белгіленеді.

Егер бір айда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына МЗЖ бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу кезеңі бір айды құрайды.

Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық төленсе, зейнеткерлік жасқа жеткенде базалық зейнетақы төлемінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтіліне (кемінде 6 ай қажет) және зейнетақы алдындағы кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.