Сарыарқа және Алматы аудандарында үйлерді газға қосу мүмкіндігі толық қамтамасыз етілген. Яғни 10 тұрғын алабы мен 4 шағын ауданға (Ақбидай, Қазақауыл, Нұр-Бесік, Потанин көшесі ауданындағы шағын аудан) осындай мүмкіндік жасалды. Осы мақсатта қалада 680 шақырымнан астам газ тарату желісі салынып, кварталішілік желілер тартылды. Аталған аудандарда 6,5 мыңға жуық тұрғын үйлерін газға қосты.
Қазіргі уақытта Байқоңыр және Есіл аудандарында газ құбырын салу жұмысы жүріп жатыр. Биыл аудандық Тұран, Телман қазандықтарына, сол сияқты Ильинка (Үркер), Өндіріс, Телман, Пригородный елді мекендеріне және «Family Village» және «Garden Village» шағын аудандарына газ жеткізу желілерінің құрылысы басталып кетті.
«Газдандыру бойынша ынталандыру және көмек көрсету үшін бірқатар әлеуметтік шара қабылданды: үйлерді газға қосуға арналған құжаттар тізімі екі есе қысқартылды, мұқтаж жандарға бөлінетін сома 2 еседен аса ұлғайтылды (430 мыңға дейін), тегін негізде газды есепке алу аспаптары (есептегіштер) беріледі, газдандыру үшін банктер арқылы бөліп төлеу және пайызсыз кредиттеу бар», делінген хабарламада.
Айта кетсек, ЖЭО-1 және ЖЭО-2-де су жылыту қазандықтары толықтай газға ауыстырылды. Сондай-ақ әлеуметтік нысандарды газға қосу жұмысы жүргізіліп жатыр. Осылайша, 20 әлеуметтік нысанның (Алматы және Сарыарқа ауданы) 13-і газға ауыстырылды, қалған 7 нысан бойынша іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұрын олар автономды жылу көздері арқылы жылытылып келген. Аталған объектілерді газға ауыстыру есебінен жалпы үнемдеу жылына 1 млрд теңгеден асады.