Арал – Елбасының үнемі назарындағы аймақ. Теңіз тартылып, жұрт үдере көшкенде кіші Аралды суға толтыруды көздеген Нұрсұлтан Әбішұлы ғасыр жобасын бірден қолға алды. Соның нәтижесінде САРАТС жобасы өмірге келіп, теңіздің табанына су қайтты. Елбасы сол жұмыстың нәтижесін көріп тұрып «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын», деген еді.
Жалпы, әлеуметтік тұрақсыздық әр кезде болған. Ол әлемнің әр мемлекетінде кездеседі. Егер Елбасы Аралға су жеткізуді ойламағанда, онда біздің аймақта да осы тектес тұрақсыздықтың болуы мүмкін еді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Президент әлемге төніп тұрған он сын-қатерді атап өтеді. Соның бірі – әлеуметтік тұрақсыздық. «Қазіргі уақытта ең үлкен әлемдік проблемалардың бірі – күшейе түскен әлеуметтік тұрақсыздық. Оның негізгі себебі – әлеуметтік теңсіздік. Бүгінде әлемде екі жүз миллионға жуық адам жұмыс таба алмай отыр. Еуропалық Одақтың өзінде жұмыссыздық соңғы онжылдықтардағы ең жоғары деңгейге жетіп, көптеген жаппай тәртіпсіздіктерге түрткі болып отыр. Мұның жанында Қазақстандағы ахуал біршама қолайлы болып отырғанын мойындау керек. Бүгінде біз бүкіл жаңа тарихымыз ішіндегі жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейіндеміз. Бұл, сөз жоқ, үлкен жетістік. Солай бола тұра, біз масаттануға тиіс емеспіз. Әлеуметтік-саяси дағдарысқа ұласатын жаһандық экономикалық дағдарыс Қазақстанға сөзсіз қысым көрсетіп, біздің төзімімізді сынаққа алатын болады. Сондықтан күн тәртібіне әлеуметтік қауіпсіздік және әлеуметтік тұрақтылық мәселесі қойылады. Біз үшін маңызды міндет – қоғамымыздағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайту», деген еді Елбасы өз Жолдауында.
Бүгінде біздің аймақта әлеуметтің әлеуетін көтеретін көптеген бастамалар қолға алынып жатыр. Соның бірі «Тірек елді мекен» бағдарламасы. Арал ауданы бойынша аталған бағдарламаға Сексеуіл кенті кіріп отыр.
Арал ауданының қайта түлеп, өсіп-өркендеуіне, халықтың әл-ауқатының одан әрі жақсаруына оң әсерін тигізіп келе жатқан елді мекеннің бірі Сексеуіл кенті. Елді мекен 1937 жылы құрылып, 3472 гектар жерді алып жатқан, 11 мың халқы, 2200-ге жуық қожалығы бар, аудан орталығынан 56 шақырым қашықтықта орналасқан, тұрғындар саны жағынан республикадағы және облыс көлеміндегі кейбір аудан орталықтарының санымен тең болатын ірі кент саналады. Оған қарасты 6 ауыл бар. Сексеуіл кенті тұрғындарының 60 пайызға жуығы ел экономикасының күретамыры саналатын – теміржол саласында жұмыс істейді. Кезінде кенттегі әлеуметтік нысандар мен инженерлік құрылымдар теміржолға қарап келген. Кейін Қазақстан теміржолындағы құрылымдық өзгерістерге байланысты, Сексеуіл кентіндегі әлеуметтік нысандар, инфрақұрылымдар, инженерлік жүйелер кезең-кезеңмен коммуналдық меншікке қабылданып келеді. Қазіргі таңда, Сексеуіл кентінде 3 орта мектеп, 1 мемлекеттік, 1 жеке балабақша, 1 мәдениет үйі, 1 спорт мектебі, 2 локомотив теміржол деполары, 1 аурухана, 1 емхана, кент тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етіп отырған «Сексеуіл Су Сервис» МКК және басқа да мекеме-кәсіпорындар халыққа қызмет көрсетуде.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аудандағы әлеуметтік-экономикалық маңызы зор ең ірі елді мекен – Сексеуіл кентінде бірнеше рет іссапармен болып, өңірдің проблемалық мәселелерін шешу үшін бастама көтеріп, Сексеуіл кенті биылғы жылы «Тірек елді мекендер» қатарына еніп отыр.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында Сексеуіл кентінде 4,5 миллиард теңге республикалық бюджет қаражатына әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар іске асырылады деп жоспарланып отыр. Олардың қатарында Сексеуіл кентін газдандыру, №177, №87 орта мектептерді, Жауқазын балабақшасын, спорт мектебін күрделі және ағымдағы жөндеу, 26 шақырым тротуар жасау, 15,2 шақырым автокөлік жолдарын, ауызсу жүйесін жөндеу, кент көшелерін жарықтандыру сияқты жобалар іске асырылмақшы. Сонымен қатар, жергілікті бюджет қаражатына бір мезетте 30 адамды қабылдайтын ауылдық дәрігерлік амбулатория құрылысы, ауызсу және электр жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Сексеуіл кентінде шағын кәсіпкерлікті дамытуға, оның ішінде ауыл шаруашылығы мен халыққа қызмет көрсету салаларын көтеруге мүмкіндіктер зор. Қолда барды саралай келе, 2015 жылға дейін 14 индустриялық-инновациялық жоба жүзеге асырылатын болды. Онда 489 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін мүмкіндік туады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласы бойынша 5 жоба ұсынылып отыр, оның ішінде киізден жасалған өнімдер мен жіп өндірісін дамыту үшін жүн өңдеу пунктін ұйымдастыру және 20 бас мүйізді ірі қараға арналған бордақылау алаңы мен мал сою пунктінің құрылысы жобалары бар. Қымыз бен шұбат дайындау цехын ұйымдастыру және тамшылатып суару әдісімен 0,5 гектар жерге жылыжай салу арқылы көкөніс өнімдерін өндіру жобалары іске асырылады. Сонымен қатар, Сексеуіл кентінде тәулігіне 500 литр сүт қабылдайтын пунктін ұйымдастыру жобасы жұмыс жасайды.
Халыққа қызмет көрсету саласы бойынша 6 жоба ұсынылып отыр, оның ішінде 75 орындық жеке балабақша құрылысы және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мен жоюды ұйымдастыру жобалары іске асырылады. Бір ғимараттың ішінде дәріхана, дәмхана, сұлулық салонын ұйымдастыру және өндірістік қуатын көтеру үшін нан өнімдері цехын жаңғырту жобалары да бар. Бұдан бөлек спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы және арнайы киімдер тігу цехын ашу жобалары қолға алынатын болады.
Құрылыс саласы бойынша 3 жобаны іске асыру көзделіп отыр, оның ішінде құрылыс материалдарын өндіру және құм өндіру орнын ұйымдастыру жобаларын атап айтар едік. Сондай-ақ, 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін «Бейнеу-Жезқазған» теміржолының құрылысы да 14 жобаның қатарында. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда өндірісті дамытып, салық түсімдерін арттырып, экономиканы көтерумен қатар, әлеуметтік салаға да оң әсерін тигізері анық. Халықтың басым бөлігінің экономикалық белсенділігін арттырып, жұмыспен қамту проблемаларын шешетін болады.
Бұл жұмыстардан бөлек, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тасжолы және «Жезқазған-Бейнеу» теміржолының өтер тұсында тіршілік кешіп отырған Сексеуіл кенті әлеуметінің болашағы баянды екенін сеніммен айтуға болады.
Елбасының айрықша қолдауымен 2012 жылы ауданның жерін көктей өтетін, ғасыр құрылысы деп бағалауға тұрарлық «Жезғазған-Сексеуіл» теміржолының құрылысы басталды. Ұзындығы 517 шақырымды құрайтын болат жолдың бойынан 13 станса, 30 теміржол бекеті бой көтеріп, көптеген инфрақұрылымдар салынып, өндіріс пен бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасалатын болады. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Сексеуіл кентінің дамуы үшін 20 миллиард теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Жүзден астам қызметтік баспана теміржол саласының еңбеккерлерінің игілігіне беріледі және жұмыс орындары ашылатын болады деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда осы күрделі құрылыс басында мыңға жуық жұмысшылар еңбекке араласып, жұмыс қарқынды жүргізілуде. Теміржол құрылыс кәсіпорындары арқылы жаңа вокзал ғимараты, екі пәтерлі 64 қызметтік тұрғын үй, 300 орындық мектеп спорт залымен, 280 орындық балабақша, 3,3 шақырым айналма жол, теміржол мекемелеріне қызмет көрсететін нысандар салынып, 356 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Қазір Сексеуіл кентінен 18 шақырым жерде «Бозой-Бейнеу-Шымкент» газ құбыры, «Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбыры, 160,0 мың халықты ауызсумен қамтамасыз етіп отырған Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры өтеді. Кенттің жер көлемі ұлғайып, халық санының өсуі байқалуда. Жасалған болжам бойынша 2019 жылы халық саны 15300 адамды құрайтын болса, 2024 жылы халық саны 17700 адамға жетеді.
Биылғы жылы Сексеуіл кентін газдандыру жобасының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджеттен 33,3 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл өңірге тартылып жатқан инвестициялар, атқарылатын ауқымды шаралардың артында жаңа жұмыс көздері, Сексеуіл кентінің халқы, олардың әлеуметтік жағдайы бар екендігі анық.
Келешек Сексеуіл кенті тоғыз жолдың торабында орналасқан еліміздің батысы мен солтүстігін және оңтүстігі мен республиканың негізгі кіндігі болып саналатын теміржол тасымалындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайының өсіп-өркендеуіне орасан зор септігін тигізетін тораптық станса болады. Арал ауданының келешекте одан әрі қарыштап дамуын қамтамасыз ету үшін, халықтың жақсылыққа толы болашаққа деген үкілі үмітін баянды ету жолында жоспарланған шаралар шешімін тауып, іске асатынына сенімдіміз. Осы жағдайда Сексеуіл кенті әлеуметтік-экономикалық мәселелері шешілген, жұмыссыздықты жеңген, тұрақты жұмыс көздерімен қамтылған, облыстар ортасындағы «алтын көпір» болатыны анық.
Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ,
Арал ауданының әкімі.
Қызылорда облысы.