23 Мамыр, 2014

Бекірені тоғанда өсіреді

615 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Балықтың осы түрінің Каспий теңізі мен Жайықта ғана өсіп-өнетінін білетін қай қазақтың да бұған әп дегенде сене қоюы екіталай. Басында біз де солай ойлағанбыз. Қарғалы су қоймасы маңындағы тоғандарға «Ардағым» шаруа қожалығы 10 мың дана бекіре шабағын Атыраудан әкеліп жібергеніне куә болғанымызда да осы бір шаруаның болашағы бар дегенге илана қоймағанымыз рас. Бірақ, өңір үшін тың сала, тосын жаңалық ретінде бұл жөнінде облыстық газетке жазғанымыз да есімде. Дегенмен, жері бөлек, суы басқа бекіре балығы жерсініп кетсе, қане, деген екіұдай пікір көкейде кептеліп қалған-ды. Арада біраз уақыт – табаны күректей сегіз жыл өте шығыпты. Бекіре балығының тағдыры не болды екен деген оймен «Ардағым» шаруа қожалығының басшысы Қали Исмайыловпен кездесіп, балық туралы барлық жайтты өз аузынан естуді ұйғардық. DSC_0445– Ол кезде егемендіктің елең-алаң уақыты болатын. Өз кәсібіңді ашуға әлі ешкім бел шешіп кірісе қоймаған шақ-ты. Тәуекел деп осы «Ардағым» шаруа қожалығын құрып, банкротқа ұшыраған су тоғандарын 49 жылға жалға алдым да жұмысты бастап кеттім. Әрине, шаруаны мал өсіруден бастадық. Келесі жылы су тоғандарында тұқы балығын өсіруді қолға алдық. Бұл кезде тауарлы балық шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалығы бүкіл республика бойынша жалғыз-ақ біз болдық десем артық айтқандық болмас. Жыл өтпей жатып-ақ, тоған шаруашылығының тұқы балығын өнеркәсіптік өндіру қуатына шықтық. Бір жылда 400 тонна балық өндіріп, өткіздік. Мал сол кездегі балықшыларды және шаруа қожалығының басқа да мүшелерінің тіршілігін айыруға кәдеге асты. Әри­не, тоған шаруашылығының жина­лып қалған қарызын өтеу оңайға соқ­пады. Мал өсірдік, аздап егін ектік, балық өткіздік. Әйтеуір, тіршілік жал­­ғасып жатты. Сөйтіп, жүргенде осы то­ғандарда бекіре балығын өсі­ру­­ді қол­ға алсам қайтеді деген ой келді. Солай өңір үшін тосын шаруа­ны қолға алып, жаңа кәсіпті бас­тап кет­­тік, – дейді «Ардағым» шаруа қо­­жалығының басшысы Қали Исма­йылов. Бір қарағанда, бекіренің басқа балықтардан не айырмашылығы бар, су болса, жемі болса, болмай ма деушілер де табылуы мүмкін. Олар қатты қателеседі. Бекіре өсетін су да, оның қоректенетін азығы да бөлек. Оны бекіре өсетін Каспий мен Жайықтың бойын жайлағандар білетін болар. Қали Исмайылов та бекіре өсірудің қыр-сырына жүре- бара қанықты. Балық жайлы, балық шаруашылығы туралы оқымаған кітабы қалмады, ақыл-кеңес алудан да қашпады. Атырау балық зауы­тынан қызметінен қысқарған бекіре өсіруші-балықшысы Лида Краснованы да алып келген өзі. Алматыда тұратын, кезінде Қазақстан Балық шаруашылығы министрінің орынбасары болған, тауарлы балық шаруашылығының білгірі Борис Чайкиннің ақыл-кеңесіне талай рет жүгінгені былай тұрсын, әлі де байланысын үзбей келеді. Алғашқы топпен әкеліп, тоғанға жіберілген 10 мың шабақтың 10 пайызы ғана тіршілігін жалғастырғанда көңілі қаяу тартып жүре бергені де рас. Сөйтсе, тоғанға жіберілген шабақтардың жауы көп болып шықты. Шағалалар, құндыз, су тышқаны және басқадай зиянкестер шабақтарға құмар көрінеді. Өзі қолға алған шаруаны орта жолда қалдыруды ар санап, жыл сайын тоғандардағы балықтарды толықтырып отырды. Ол үшін банктен несие алды. – Қазір біздің тоғандарымызда Атыраудан әкелінген бекірелермен бірге Сібір бекіресі, сүйірік, құртпа, америкалық бекіре, шоқыр балықтары өсіріледі. Оларды жазда жайылым тоғандарында ұстаймыз. Ол үшін сәуір айының аяғына таман қысқы тоғаннан жазғы тоғанға ауыстырамыз. Мұның өзі аса ұқыптылықты қажет ететін шаруа. Балықтар мен шабақтарды аумен аулап, залалсыздандырылған ыдысқа салып, сонымен бір мезгілде өлшеп, санап екінші ыдысқа салады, содан кейін мұқият тасымалдап, жазғы тоғанға жібереміз. Қысқы тоғанға көшіргенде де осындай жұмыстар жасалады, – дейді Қали Исмайылов. Бір қызығы, қыста бекіре тоған­ның табанында жатып, жаздай жина­ған өзінің майымен қоректенетін көрі­неді, жазға шыққанда 10 пайыз салма­ғын жоғалататыны да сондықтан екен. Қали Исмайыловтың айтуынша, Каспий және Сібір бекірелері 8-10 жылда, қорытпа 15 жылдан кейін уылдырық шашады. Тауарлы асханалық бекіренің мемлекеттік стандартына сәйкес салмағы 1,2 келі құрауы тиіс. Ал, бекіре балығы 100 жыл өмір сүреді және баяу өседі. Бекі­ре жылына 100-200 грамм ғана салмақ қосады. Қазір тоғандардағы балықтарды жазғы жайылым тоған­да­рына жіберу басталған. Мұнда уыл­ды­рықтарды ұрықтандыру үшін «Вейса» аппараты пайдаланылады. Түмен қаласынан балықтардың әрі қарай өсіруге жарамдылығын анықтау үшін анықтайтын «УЗИ» аппаратымен маман шақыртылыпты. Олар балықтарды жынысына қарай анықтап, денсаулығына тексеру жүргізеді. Тоғандардағы балықтарға күніне 500 келіге дейін жем беріледі. – Шыны керек, балықтың жемі өте қымбат. Басында Финляндиядан 1 келісін 3,5 еуроға сатып алып жүр­дік. Кейін Ресейден, Астанада балықтың жемін өндіретін зауыт ашыл­ған соң сол зауыттан, Балқаш­тан балық майын жеткізуді жолға қойдық. Жемнің кейбір түрлерін өзіміз де дайындауға қол жеткіздік. Ақтөбедегі «Рамазан» ЖШС-нан сатып аламыз. Осының барлығы қаржы салуға итермелейді. Сондықтан жыл сайын банктерден несие аламыз. Әзірге қайтарым бола қойған жоқ. Алдағы күннен үмітіміз мол, – дейді шаруа қожалығының басшысы. Шаруа қожалығының тоған­дарын­да өсірілген бекіре тұқымдас балықтар тапсырыс берушілерге өткізіле бас­тапты. «Ардағымның» бекірелерін тұрақты түрде сатып алатын мейрамханалар да бар екен. Мысалы, «Чиндай» мейрамханасы екі жылдан бері осы шаруашылықпен әріптестік байланыс жасап, бекіре балығын сатып алады екен. Сондай-ақ, «Ардағым» шаруа қожалығының тоғандарында ақылы балық аулау да ұйымдастырылады. Әрине, осында келіп, балық аулап, тынығып қайтуға ынталылар баршылық. Оның үстіне шаруа қожалығы осы жерден шайхана және пантамен емдеу орнын ашып қойған, балық аулап, саунаға түсіп, пантаға буланып, емделуге қызығушылық танытып отырғандар қатары жыл сайын көбейіп келе жатқан көрінеді. Рас, бағасы да қымбаттау. Бірақ, тұтынушыларға көрсетілетін қызмет те соған тұрады. Маралдың пантасы Шығыс Қазақстан облысы Қатон­қарағай ауданынан жеткізіледі екен. Қали Исмайылов Атырау балық зауытынан әкелінген алғашқы топтағы бекіре шабақтарының енді бірер жылда уылдырық шашатынын көңілге медеу тұтады. Қазірдің өзінде 5-6 келі салмақ тартатындары бар екенін дәтке қуат етеді. Яғни қолға алған істің қайтарымы болар кез де жақын. Көкейінде жүрген арманның орындалатынына сенімді. Сондықтан болса керек, немерелері Жасұлан мен Момынжанды Мәскеудегі балық шаруашылығы институтында оқытып жатқаны. «Осының барлығын немерелерім үшін істеп жатырмын. Солар өз ісімді жалғастырады деп ойлаймын», дейді Қали аға. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».      Ақтөбе облысы.