23 Мамыр, 2014

Бағдарламаға өзгерістер енгізілді

290 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жуырда Үкімет «Тұрғын үй-ком­му­нал­дық шаруашылығын жаңғыр­ту­дың 2011-2020 жылдарға арналған бағ­­­дар­ла­масына өзгерістер мен толықты­ру­лар енгізу туралы» қау­лы қа­был­да­ды. Қаулы аталмыш бағдар­ла­ма­ның тиім­ділігін арттыруға және ха­лықтың қа­тысу мүмкіндіктерін жеңіл­де­туге, іске асу тетіктерін жетілдіруге ба­ғыт­­­талған. Енді, азаматтар тұрып жатқан тұрғын үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде жұмыстардың ең аз немесе ең көп пакетін өздері таңдай алатын болды. Жұмыстардың ең аз түріне тұрғын үйдің шатырын, кіреберісін, жертөлесін жөндеу (жылылау) кірсе, ең көп түріне тұрғын үйдің шатырын, кіреберісін, жертөлесін, қасбетін жөндеу (жылылау), бар болса лифтісін жөндеу жатады. Халықтың қатысу мүмкіндіктерін жеңілдетудің негізгі тетіктерінің бірі ретінде үй-жай (пәтер) иелерінің 3%, 5% және 7% мөлшерінде белгіленген алдын ала салымы алынып тасталды. Бұл шара жаңғырту бағдарламасы іске асыру кезінде көптеген тұрғындарға алғашқы төлемді қысқа уақыт ішінде жинау қиындық тудырып, бағдарламаға қатысу мүмкіндігінен айырылатындықтан қабылданып отыр. Бұл өзгерістер биыл тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша келіп түсетін өтінімдерге ықпал етпек. Бағдарламаның жаңа нұсқасында көпқабатты тұрғын үйлердің жөнделуі бірыңғай тетік бойынша іске асырылатын болады. Жөндеу құзыретіне ие өкілетті ұйымдар жөндеу жұмыстарын өз бетінше немесе қосалқы мердігер ұйымдар тартумен жүргізе алады. Қосалқы мердігер ұйымды таңдау бойынша конкурстық рәсімдер де алынып тасталды, қосалқы мердігер ұйымдарды таңдау тұрғындар құзырына берілді. Ғимаратты терможаңғырту бойынша жұмыстар кешеніне де міндетті шарттарға өзгерістер енгізілді. Енді үйге жылу тұтынуды реттейтін автоматтандырылған жүйелер мен жылу есептеудің ортақ аспаптарын орнату көзделуде. АЖТ орнату жылу энергиясын ортақ жылу тұтынудан 30%-ға дейін үнемдеуге, жылу пункттеріндегі тозған жабдықтарды ауыстыруға, тұрақты температуралық режімді қолдау есебінен үй-жайлардағы қолайлылықты арттыруға, ыстық судың тұрақты температурасын қолдау есебінен ыстық сумен жабдықтау қызметтерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Үйлерге жылу есептеудің ортақ аспаптарын орнату тұрғын үйге кірген жылу мөлшерін анықтауға, тұтыну көлемін, жылыту сапасының параметрлерін бақылап отыруға мүмкіндік береді. Бұл энергияны тұтынудың аса тиімді деңгейіне қол жеткізуге, оны автоматтандыруға және үнемдеуге бағытталған шара. Сонымен қатар, бағдарламада жылумен жабдықтау секторын реформалау және дамыту көзделген. Онда «100Гкал/сағатқа дейінгі қазандықтарды пайдаланудың секторын реформалау және дамытудың» жаңа бөлімі қазандықтарды 100Гкал/сағатқа дейінгі қуаттылықпен реформалау мен жаңғырту мәселелерін қозғайды, деп хабарлайды Өңірлік даму министрлігінің баспасөз қызметі. Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан».