Спорт • 17 Қазан, 2022

Айзаданың Азиядағы жеңісі

138 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бахрейннің бас шаһары – Манамада ұйымдастырылған ауыр атлетикадан Азия чемпионаты аяқталды. Бір аптаға жалғасқан Сары құрлық бәсекесінде Азияның 30 елінен келген 187 зілтемірші 20 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Биылғы Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасының 18 спортшысы (ерлер 10, әйелдер 8) өнер көрсетіп, жүлделі орындар үшін сынға түсті.

Айзаданың  Азиядағы жеңісі

Допинг дауына байланысты әлемдік аренада беделін жоғалтып алған Қазақстан құрамасының ауыр атлеттері бірте-бірте еңсе тіктеп келеді. Мәселен, былтыр Өзбекстанда өткен Азия чемпионатында 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған Қазақстан құрамасының спортшылары Манамада 3 алтын, 2 күміс, 3 қолаға қол жеткізіп, жалпы­ко­мандалық есепте екінші орынға ие болды.

Биылғы додада ерлер арасында бақ сынаған жас дарынды ауыр атлет Асылжан Бектай (89 кг), Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Зүлфия Чиншанло (55 кг) мен жас­тар арасындағы 2017 жылғы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Айзада Мүптілда (суретте) ерекше өнерімен дара­ла­нып, алтыннан алқа тақты. Сон­дай-ақ Зүлфия Чиншанло би­ыл­­ғы Азия чемпионатының үздік спортшысы деген атаққа ие болды.

Талай дүбірлі додада ел қор­жынына жүлде салып жүрген Зүлфия Чиншанло биыл спорттық карьерасында тұңғыш рет Азия чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді. Бұған дейін Азия ойындарында екі рет күміс жүлдеге ие болған қазақстандық зілтемірші Манамада 220 килоны ырқына көндіріп, бас жүлдені олжалады. Токио Олимпиадасында 226 (95+125) киломен үшінші орынға табан тіреген жерлесімізге құрлық додасында чемпион атануға 220 килоның өзі жеткілікті болды. Зүлфиядан бақандай 10 килоға қалып қойған қытайлық Ю Линг­лонг (210 кг) екінші орынға табан тіресе, қоланы өзбекстандық Ни­гора Абдулаева (193 кг) жеңіп алды.

Ересектер арасындағы додаға алғаш рет қатысқан 22 жастағы қызылордалық Асылжан Бектай 89 килода Азияның үздігі атанды. 2017 жылы Бангкокте (Тайланд) өткен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер ара­сындағы әлем чем­пиона­тының қола жүл­десіне ие бол­ған жерлесіміз би­ыл ересектер арасын­дағы ал­ғашқы ірі же­тіс­ті­гіне қол жеткіз­ді. Жерлесіміз жалпы есеп­те 362 (165+197) кило­ны еңсеріп, ел құ­рамасының қор­жы­нына екінші алтынды салды. Бұл салмақтағы Азия чемпио­натының күміс жүл­десін Асылжаннан бір кило қалып қойған қырғыз спортшысы Эмиль Молдодосов (361 кг) мойнына ілсе, қола медаль ирандық Масуд Ша­траиге бұйырды (358 кг).

Жарыстың алғашқы күнінде алтын алып, чемпионатты сәтті бастап берген Чин­шан­ло­ның же­ңісті жолын Айзада Мүптілда бас жүлдемен түйіндеді. Әйелдер арасында 87 килодан жоғары салмақта бақ сынаған Айзада екі бағдарламада 277 килоны еңсеріп, өз салмағында Азияның алды болды. Сондай-ақ осы салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен тағы бір жерлесіміз Любовь Ковальчук қола жүлдеге қол жеткізді (266 кг).

Өкінішке қарай, осыдан бір жыл бұрын ғана Ташкенттегі толағайлар бәсекесінде топ жар­ған Чонтей бұл жолы кү­міс­ті қанағат тұтты. Токио Олим­пиа­дасының қола жүлдегері Бахрейн­дегі доданың қоссайыс бағдар­масында 260 кило (116+144) зілтемірді басынан асыра көтеріп, екінші орынға табан тіреді. Жер­лесіміз бас жүлдені жеңіп алған вьетнамдық Ла Тхань Джиа­дан небәрі екі килоға (262 кг) қалып қойды. Қола жүлде Сауд Ара­биясының өкілі Мансұр Әл-Сәлемге (259 кг) бұйырды.

Қыздар арасында 76 килоға дейінгі бәсекеде сынға түскен Арай Нұрлыбекова алтын жүл­деге сынық сүйем қалғанда сүрініп, Азия чемпионатында күміс­пен күптелді. Ол қоссайыста 221 (97+124) килоны ырқына бағын­ды­рып, екінші орынға ие болады. Алтын медалді 243 кило зілтемірді көтерген қытайлық Куитин Пэн жеңіп алса, қола жүлде таиландтық Дуангкамон Кхонгтонгтың (221 кг) еншісінде кетті.

Сонымен қатар Бахрейндегі ауыр атлеттердің басты жарысында 2017 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, 2019 жылғы жастар арасындағы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Артем Антропов пен Айша Ома­рова Азия чемпионатының қола жүлдегерлері атанды. 96 килода бақ сынаған Антропов қоссайыста 337 кило еңсерсе, қыз­дар бәсекесінде 81 килоға дейінгі салмақта сынға түскен Омарова 217 киломен үздік үштіктен табылды.

Жалпыкомандалық есепте Қы­тай зілтеміршілері 8 жүлдемен (6 алтын, 2 күміс) топ жарса, Қазақ­стан құрамасы екінші орынға ие болды. Ал үздік үштікті Вьетнам (3 алтын, 2 күміс) спортшылары түйіндеді.