Үкімет • 17 Қазан, 2022

Жол сапасы қашан жақсарады?

380 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Мәжілісте Қазақстандағы жол құрылысы мен жөндеу саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Осы тақырыпта өткен Үкімет сағатына орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП өкілдері, «Қазақстан темір жолы», «ҚазАвтоЖол» ұлттық компанияларының басшылары, сондай-ақ Жол активтері сапасы ұлттық орталығының, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу инс­титуты мен Қазақстан автожолшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Жол сапасы қашан жақсарады?

Жиынды ашқан Мәжіліс төрағасының орынбасары Павел Казанцев Үкімет сағатында көтеріліп отырған тақырып ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.

«Жол сапасы еліміздің әр тұрғынын алаңдатады. Жол – экономиканың күретамыры, өңірлерді дамытудың ең маңызды шарты және өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға қарай жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіру қажет», деген вице-спикер жол сапасының төмен болуының объективті де, субъективті де себептері бар екенін атап өтті.

Депутаттарға еліміздегі жол са­ласының жай-күйі туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев баяндады. Ве­домство басшысының айтуынша, жыл соңына дейін шамамен 1 000 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланған. Қалған 3 мың шақырым жолды 2023 жылы аяқтау көзделіп отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдымызға қойған басты мақсаттың бірі – 2025 жылы респуб­ликалық желі бойынша нормативтік жағ­дайдағы жолдардың үлесін 100 пайызға дейін жеткізу. Ал жергілікті жол желілері бойынша 95 пайызға дейін жеткізу.

Көліктік-транзиттік әлеуетті дамыту автомобильді транзиттік дәліздер арқы­лы қамтамасыз етіледі. Бүгінде еліміздегі 8 автомобильді транзиттік дәліз­дің жал­пы ұзындығы 13 мың шақырымды құрайды. Қазіргі таңда республикалық желі бо­йынша норма­тивтік жағдайда 90 пайыз жол, жергілікті желі бойынша 80 пайыз жол бар.

Биыл жалпыға ортақ пайдаланылатын 11 мың шақырымнан аса автожолда құрылыс-монтаждау жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр», деді Қ.Өскенбаев.

Министр келтірген деректерге сү­йенсек, республикалық бюджеттен авто­­жол саласын дамытуға 2022 жылға 603 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда елі­­мізде 17 жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ 2024 жылға дейін 4 мың ша­­­қы­­рымды құрайтын жол желісі салы­нады.

Осы орайда, ведомство басшысы «Орталық – Оңтүстік» бағытында 2024 жылдың соңына дейін жалпы ұзындығы
1 208 шақырымды құрайтын «Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал – Күрті – Қонаев» және «Мерке – Бурылбайтал» жобалары аяқталатынын жеткізді.

«Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал – Күрті – Қонаев» учаскесінің жалпы ұзындығы – 946 шақырым. Қазіргі таңда 428 шақырымда қозғалыс ашылды. Жылдың соңына дейін тағы қосымша 106 шақырым пайдалануға берілмек. Қалған 412 шақырым 2023 жылы аяқталады.

«Еліміздің шығыс өңірлерінде жалпы ұзындығы 1 363 шақырым 3 ірі жоба іске асырылып жатыр. Олар: «Тал­дықорған – Өскемен», «Қалбатау – Май­қапшағай», «Үшарал – Достық». Келесі жы­лы осы учаскелерде құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқта­лады. Бүгінде жалпы ұзындығы 768 ша­қырым «Талдықорған – Өскемен» учас­кесінде 649 шақырым жолда қозғалыс ашылды. Қалған 119 шақырым жол құрылысы 2023 жылы аяқталады.

Жалпы ұзындығы 415 шақырымды құрайтын «Қалбатау – Майқапшағай» учас­кесінде 159 шақырым жолда қозға­лыс ашылды. Жылдың аяғына дейін тағы 15 шақырым косылады. Қалған 241 ша­қырым жолды келесі жылы іске қосамыз. Жалпы ұзындығы 180 шақырым «Үш­арал – Достық» учаскесінде 155 шақы­рым жолда қозғалыс ашылды. Ал 25 шақы­рым жол 2023 жылы пайдалануға тапсы­рылады.

Батыс өңірде жалпы ұзындығы 736 шақырым «Ақтөбе – Атырау –Астрахань» автожолы қайта жаңартылып жатыр. Ұзындығы 96 шақырым «Ақтөбе – Қандыағаш» учаскесінің 52 шақырымында бүгінде қозғалыс ашылды. Жылдың соңына дейін 44 шақырымда жұмысты (екі жолақты) аяқтап, Алға қаласы, Бештамақ ауылы және Қандыағаш қаласын айналып өту жолдарынан өзге барлық жолдарды ашамыз. Осы жобаны толық 2023 жылы аяқтаймыз», деді Қ.Өскенбаев.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау қосымша баяндамасында ведомствоның кейбір деректерімен келіспейтінін білдірді.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздегі республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың жай-күйі азаматтардың орынды шағымдарын туғызып отыр», деп мәлімдеді депутат.

Альберт Рау республикалық маңызы бар жолдарды дамыту туралы айта келе, бүгінгі таңда республикалық маңызы бар жолдарды салуға, қайта жаңартуға және жөндеуге жалпы қажеттілік 12 мың шақырымды құрайтынын атап өтті.

«Бұл республикалық маңызы бар жолдардың шамамен 50 пайызы. Дегенмен министрліктің деректері бойынша, жолдардың 90 па­йызы қазірдің өзінде нормаға сәйкес, яғни қанағаттанарлық жағдайда», деді А.Рау.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында 2025 жылдың соңына қарай жақсы және қана­ғат­танарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 100 пайызға дейін ұлғайтылатыны айтылған. Алайда депутат бұл мақсаттың орындалатынына күмән келтіреді. Өйткені ұлттық жобада қарастырылған 40 жоба­ның 18-ін (немесе 45 пайызын) жүзеге асыру тек 2025 жылдан бастап жоспар­ланған.

«2025 жылдың өзінде «Қызылорда – Павлодар – Успен – РФ» тас жолының 398 шақырымдық Қарағанды – Успен – РФ учаскесін жөндеу, «Шалқар – Бозой – Өзбекстан» 242 шақырым тасжолының құрылысы, еліміздің орталығы мен оңтүстігін байланыстыратын Жезқазған – Арқалық жолының кей жеріндегі грейдерлерді жөндеу секілді ірі жобаларды жүзеге асыру міндеті тұр», деді А.Рау.

Депутаттың айтуынша, «Орталық-Батыс – Астана – Қорғалжын – Торғай – Ыр­ғыз» көлік дәлізін жасау әлі бастал­маған, ал жобаға 3 млрд теңге жұм­салған. Оның пікірінше, ұлттық жобаның белгіленген параметрлері орындалмаған. Бұл іс-шараларды жүзеге асыру мерзімдерін немесе жоспарланған көрсеткіштің өзін қайта қарау қажет дегенді білдіреді.

Бұл ретте А.Рау құрылысқа берілетін халық­аралық несиелердің ұзартылуын Есеп комитеті белгілейтінін еске салды. Бұл бағамдық айырмашылық пен пайыздық төлемдер есебінен жоба құнының артуына әкеледі. Мәселен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы бойынша 2015-2024 жылдар аралығында несие 4 рет ұзартылған. Осыған орай депутаттар уәкілетті орган облыс әкімдіктерімен және «ҚазАвтоЖолмен» бірлесе отырып, жоспарланған жол жобаларын уақытылы пайдалануға беруді қамтамасыз етуі керек деп есептейді. Альберт Рау өз сөзінде жергілікті жолдарды дамытуға қатысты түйткілді мәселелерге де тоқталды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, жергілікті жолдардың 80 пайызы қанағат­та­нарлық жағдайда. Алайда зерттеу нә­тижесі көрсеткендей, жергілікті маңызы бар жолдардың 18 мың шақырымында немесе 26 пайызында ғана асфальт-бетон жабыны бар. Ал қалған 74 пайызы қиыршық тас, топырақпен жабылған. Сондықтан депутат министрліктің көрсеткішті қалай есептегеніне қызығушылық білдірді.

«Дүниежүзілік экономикалық фо­румның рейтингі бойынша Қазақстан жол сапасы бойынша 141 елдің ішінде 93-орында. Кения мен Танзания елдері бізден жоғары тұр», деді А.Рау.

Ол мұндай жағдайлардың себеп­те­рінің бірі – битум жетіспеушілігі екенін де атап өтті.

«Жол битумының тапшылығы 2022 жылы 200 мың тоннаны құрайды. Ал бұл үлкен көлемде мұнай өндіретін ел үшін ұят. Президент өз Жолдауында Үкімет бұл мәселені түбегейлі шешуі керектігін айт­қан болатын», деп атап өтті депутат А.Рау.

Осыған байланысты Мәжіліс депутаттары жолдардың сапасын бағалау критерийлерін қиыршық тасты және топырақты жолдарды қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар қатарына жатқызбау бөлігінде қайта қарауды ұсынды. Сондай-ақ депутат Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметтерін алға тартып, төмен көрсеткіш себептерінің бірі – жолдарды салу мен жөндеудің барлық кезеңіндегі сыбайлас жемқорлық әсері екеніне назар аударды.

«ҚазАвтоЖол» АҚ ұсынатын Авто­мо­биль жолдары комитеті мен жол сала­сының бірыңғай операторы атқарылған жұмыстар мен пайдаланылған материал­дардың сапасы бойынша жыл са­йын кө­терілетін мәселені шешетін кез жетті. Сондай-ақ Автомобиль жолдары комитеті мен «ҚазАвтоЖол» АҚ бірінші бас­шыларының орындалған жұмыс сапа­сындағы анықталған заңбұзушылықтары үшін жеке жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан бекіту керек», деді А.Рау.

Отырыс барысында Мәжіліс депутаттары жол саласын дамытуға қатысты өз ұсыныстарын айтты.

Депутат Айбек Паяев автомобиль жолда­рының ақылы учаскелерінен түскен алымдар 9,1 млрд теңгені құраға­нын, оның 45 пайызы немесе 4,1 млрд теңгесі ғана сол учаскелерді жөндеуге және күтіп ұстауға, 55 пайызы бағ­дарламалық-аппараттық кешенге қызмет көрсетуге және басқа да шығындарға бағытталғанына тоқталды.

Үкімет сағатының қорытындысы бо­йынша депутаттар тиісті министрлікке өз ұсыныстарын берді.