«Исабек ишан хазірет» мазар кешені – Павлодар облысындағы киелі жерлер картасына енген 43 нысанның бірі. Келушілердің ыңғайлы орналасуы үшін кесенеге жақын маңнан 24 төсектік орынды заманауи қонақүй салынды. «Исабек ишан хазірет» қоры қамқоршылар кеңесінің мүшесі Манат Алғамбаровтың айтуынша, ғимаратта 8 бөлме және ағартушының қолжазбалары қойылған музей бар. Жоба демеушілер қаражаты есебінен жүзеге асырылды.
Исабек ишан хазірет (1792-1871 жылдары өмір сүрген) – дін қызметкері, Ихсан ілімін алғаш таратушылардың ұрпағы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тәлімгері. Діни тұлға ел арасында қасиетімен ерекшеленіп, көріпкел, терең білімді ғалым болған. Есейе келе әкесі Мұрат Ишан ашқан медреседе діни оқу оқып, жиырма жасынан кейін білімін Бұхара медресесінде жетілдіріп келген. Ишан деген діни атаққа небәрі он төрт жасында ие болған деседі. Отыздан асқан шағында қазіргі Ақкөл-Жайылма өңіріне қоныс аударып, өмірінің соңына дейін осы жерді мекен еткен. Оның шапағатымен Баянауыл өңірінен ондаған адам ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Меккеге қажылыққа барған. Исабек ишанға әулие деген атақты халық берген. Себебі талай адамды басына түскен қасіретінен айықтырып, сырқаттарын емдеген екен.
Қазіргі Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл-Жайылма өңірінде медресе ашып, мешіт салған. Заманында Исабек ишанның шарапатын көрмеген адам кемде-кем болыпты. «Тон болған тоңдырмайтын жалаңашқа, ас болған таусылмайтын қарны ашқа» дейді бұл жайында әулие Мәшһүр Жүсіп.
Қасиет иесі 1871 жылы өмірден өтіп, Қылдыкөлдің етегінде жерленеді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Исабектей ишан жоқ бұл Арқада» деп бағалап, ишан дүниеден озғанда 85 шумақ, 340 жолдан тұратын жоқтау өлең жазған.
Хазірет жерленген қорымды жергілікті халық «Атам зираты» деп атап кеткен. Онда күні бүгінге дейін дүниеден өткен қожа тұқымдары жерленді. Исабек ишан, інісі Мұхамеднияз, баласы Нұрмұхамед жатыр. Ақкөл-Жайылма өңіріне танымал Солтан, Әшім қожалар да осында мәңгілік тыныштық тапқан. 1996 жылы көз жұмған Жандарбек қожаның бейіті де осында. Атам зиратын қожалар әулеті жергілікті халықтың көмегімен күтімде ұстап келеді. 2011 жылы кесене жаңғыртылды. Кейін мұнда электр жарығы тартылып, шырақшы үйі салынды.
Қонақүйдің ашылу салтанатынан соң хазірет рухына дұға бағышталып, ас берілді.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы,
Ақкөл-Жайылма