Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшелері Комиссия төрағасы Қуаныш Сұлтановтың басшылығымен елордадағы №4 емханада болып қайтты.
Астана тұрғындары амбулаторлық түрде ем қабылдайтын емханаға барудың негізгі мақсаты жалпы емдеу мекемесінің жағдайымен, азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде, Қазақстан ратификациялаған Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіде кепілдік берілген құқықтарының сақталуымен танысу болатын.
Елбасы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелері дәрігерлермен және пациенттермен әңгімелесу барысында азаматтардың денсаулығын қорғауға және білікті әрі қолжетімді медициналық көмек алуға конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету, дәрігерлер мен басқа да медициналық қызметкерлердің әлеуметтік-құқықтық қорғалуы, олардың Еуропалық Одақ елдерінде және әлемнің басқа да дамыған елдерінде біліктіліктерін көтеру мәселелеріне ерекше көңіл бөлді.
Сапар барысында Комиссия мүшелері Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасына аталған емхананың оң жұмыс тәжірибесін елорданың және еліміздің басқа да емдеу мекемелеріне таратуды ұсынды.
Емдеу мекемесінде болған сапарда жиналған материалдар Комиссияның Елбасының қарауына ұсынатын «Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» баяндамасының «Азаматтардың денсаулығын қорғауға және білікті медициналық көмек алуға конституциялық құқықтары» бөліміне енгізілетін болады.
Бұл іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның 2014 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес жүргізілді.
«Егемен-ақпарат».