Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Алматы облысының диқандары да «қазан ауызы жоғары» дегенді жиі айтып жүр. Яғни алқаптарда өнген астықтың түсімі жақсы. Бүгінге дейін егістіктің 80 пайызы жиналыпты. Жиналған дәннің салмағы 361,9 мың тоннаға жетті.
– Бүгінге дейін 181,4 мың тонна астық жиналды. Бұл былтырғы өніммен салыстырғанда екі есе көп. Бидайды жинау науқаны да аяқталып қалды. 69,4 мың тонна бидай бастырылды. Өткен жылғы көрсеткіш 32,1 мың тонна болатын. Ал облыста ең көп өсірілетін дәнді-дақылдың бірі саналатын арпаны жинау науқаны да аяқталды. 184,2 мың тонна жиналды, өткен жылы 149,3 мың тонна болған. Сондай-ақ 81,5 мың тонна жүгері жиналды, оны жинау қарашаның бірінші онкүндігіне дейін жалғасады. Күріштің өнімі 26,7 мың тонна болды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері.
Сол сияқты биыл егілген картоптың түйнегі мол түскен. Қазір картоп алқаптарының 85 пайызы жиналып, жиналған өнім көлемі 429,3 мың тоннаға жеткен. Ал былтыр жиналған жалпы өнім көлемі 398,1 мың тонна шамасында болған. Көкөніс өсірушілердің де биыл өнімге қарық болып отырған жайы бар. Жалпы, жиналған көкөністің көлемі биыл 743 мың тоннаға жетті. Өңірде жеміс-жидек жинау науқаны да аяқталуға таяу. Бүгінде 105,6 мың тонна өнім түрі жиналған.
Жалпы, биыл облыстағы жеміс-жидек дақылдарының көлемі 12,6 мың гектарға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда мың гектарға артық. Ал облыс бойынша өсірілген жеміс-жидектің жартысына жуығы Еңбекшіқазақ ауданының үлесінде, диқандар 47,2 мың тонна өнім жинаған. Одан кейінгі орында Ұйғыр ауданы тұр. Бұл аудандағы жиналған жеміс-жидек көлемі 29 мың тонна шамасында. Осы екі ауданнан Талғар шаруалары да қалысар емес, ауданда 19,1 мың тонна өнім жиналған көрінеді. Биылғы өнімділік мөлшері өте жақсы. Мәселен, өткен жылы жеміс-жидектен алынған өнімділік мөлшері 77,5 центнер болса, қазірдің өзінде әр гектардағы өнімнің табысы 83,5 центнерден айналып отыр.
Алматы облысы