Қазақстан • 18 Қазан, 2022

Тұлғалар тағылымы

516 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ежелден елдік мәселелер биік мінберде көтеріліп, халықтың сөзі алқалы жиындарда айтылып келеді. Тұтас ұлттың тағдыры таразыға түскенде айтыл­ған сөз бен талқыға түскен ұсыныс-пікірдің тарихта алар орны ерек. Күні кеше қай­тадан егемен елдің еңселі мере­кесіне айналған Респуб­лика күнінің тағдыры да осын­дай алқалы басқосу­лардың бірінде шешілген еді. Нақтырақ айтсақ, ел тәуелсіздігін жария­лауға негіз болған тарихи күн туралы жылдар өткен­нен кейін ұлт ұясы – Ұлы­тау­дағы құрылтайда айтылды.

Тұлғалар тағылымы

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ұлытау төрінде өткен Ұлт­тық құрылтайдың алғашқы оты­рысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Рес­пуб­­лика күнінің ұлттық мереке мәр­тебесіне ие болуы тари­хи зор мәнге ие екенін мәлімдеді. «Ұлт­тық мерекелер мен атау­лы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгіз­ген жөн. Мен Рес­пуб­лика күніне ұлттық мереке мәрте­бесін қайта­руды ұсынамын. Сон­дықтан қазан­ның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретін­де атап өтуі­міз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемен­дігі туралы декларация қабыл­данды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жо­лындағы тұңғыш қадамы болатын», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қада­мының символы болуы керек» деген Президент: «Әри­не, Тәуел­сіздік күнінің бастап­қы мәні сақ­талады. Бұл күн мем­лекеттік мере­ке болып қала береді. Бірақ тәуел­сіздік алуға зор үлес қосқан ұлт­тық батыр­ларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», деген еді.

Көп ұзамай Парламент 25 қазан – Республика күнін ұлттық мереке ретінде белгілейтін құ­жат­ты мақұлдады. «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы мерекелер туралы» заңға енгізілген өзгеріс­терге сәйкес, 16 желтоқсан – Тәуел­­сіздік күні мемлекеттік мереке болып қалды. Ал 25 қазан – Республика күні биылдан бастап жоғар­ы деңгейде аталып өтеді.

Тарихтан белгілі, 25 қазанда қазақ елі Егемендік декларациясын жариялап, мемлекеттің тәуелсіздігін ай­қын­­дады. 1990 жылы қабыл­дан­ған Егемендік декларациясы – күллі қазақ үшін қастерлі құ­жат. Себебі дәл осы 1990 жыл­ғы 25 қазан күні Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің шешімімен қабылданған «Қазақ КСР-нің мем­лекеттік егемендігі туралы» дек­ларацияның өмірге келуі әлем алдында мем­леке­тімізді дербес ел ретінде та­ныт­қан маңызды қадам болатын.

Аталған құжат Қазақ­стан­ның болашақ тәуелсіздігінің іргета­сы саналды. Бұл декларацияның қабыл­дануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі бекітілді.

Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгеріс енгі­зіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет Қазақ­стан Республикасының негізі қаланды.

Бір жыл өткеннен кейін, дәлірек айтсақ, 1991 жылдың 9 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі Халық депутаттары өкілдерінің жиналысы өткен еді. Осы жиында сөз сөйлеген депутаттар – Сұлтан Сартаев пен Манаш Қозыбаев декларация қабылданғаннан кейін шешілуге тиіс елдік мәселелер­ді – мемлекеттің атауы, елтаңбасы мен туын белгілеу секілді маңызды мәселелерді ортақ талқыға салады.

Сөзбе-сөз сақ­талған осы жиналыс­тың стенограм­масын «сөйлетер» болсақ, Cұлтан Cартаевтың мінберде тұрып егемен еліміздің гербі мен туының алғашқы нұсқаларын жасау туралы маңызды мәселе көтергенін аңғаруға болады. Депутат: «Енді осы жерде жолдас­тар айтқан рес­публикамыздың туы және гербі туралы. Кезінде Е.Асанбаев жолдас маған осы мәселеге қатысты қағаздарды жинақтауды тапсырған еді. Қазір ол қағаздың бәрі менің қолымда. Біз Асанбаев жолдаспен және кейбір әріптестермен бірге бар­лық жобаны қарап шықтық. Алай­да олардың арасында бірде-бір нағыз лайықты жоба болмады. Сон­дықтан біз еліміздегі жетекші сәулетші және мүсіншілердің біріне тапсырма бердік. Сол маман республикамыздың гербі мен туының ондаған нұсқасын дайындады. Егер сіздер рұқсат берсеңіздер, еліміздің туы мен гербін таңдау үшін сол нұсқа­лар­ды осы жерде көрсетсем деймін. Мен қараған нұсқалардың арасында жақсы жобалар да бар. Мүмкін солар­дың бірін таңдауға болатын шығар. Ең басты айтайын дегенім, бүгін бәрін толғандырып жүрген аса маңызды мәселелерді көтеріп, сөз сөйлеген жолдастарға басымды иемін», дейді.

Ал Манаш Қозыбаев респуб­ликамыздың атауына қатысты алаңдау­шылығын білдіріп, егемендіктің ең басты нышандары – ту мен гербтің тағдырын созбалаңға сала беруге қарсы шығады. «Егер Қазақстан егемен, тәуелсіз мемлекет, республика ретінде қалатын болса, онда ол өзінің тәуелсіздігін жариялауы керек. Бұл мәселе бүгінгі күн тәртібіне енгізілмеген. Тағы бір мәселе бар. Біздің республикамыз қалай аталады? «Қазақ Кеңестік социалистік» деп пе немесе «Қазақстан Республикасы» бола ма? Әлде тағы басқаша атала ма? Бүгінде бізден басқа барлық республика ол жағын айқындап алды. Бұл жерде сөз республиканың тәуелсіздігі туралы заң және оның атауы жөнінде болып отыр. Күн тәртібіне осы мәселе қосыла ма? Ту мен гербті де бекітуіміз қажет. Ол мәселені қашан қараймыз? Біз комиссия құрдық. Мен комиссияның мүшесі ретінде отырыстардың біріне қатыс­тым. Қаралатын мәселелер бөлін­беуі керек. Бұл түйткілдер осы сессия­да қарала ма, жоқ па? Егер жоқ болса, не үшін қаралмайды?», деп депутат сол кезде-ақ сұрақты төтесінен, мәселені ашығынан қоя білген еді.

Білім-білігі, күш-жігері жеткенше елін қолдап, қазақ мемлекеттілігін қалыптастыру дейтін ұлы мұратпен болған халық қалаулысы Cұлтан Cартаев жиналыс кезінде егемендіктің заңмен бекітілгенде ғана қуаттанып, беки түсетінін алға тартады. Бұдан бұрын Cұлтан Cартаев, Еркеш Нұр­пейісов пен Талғат Донақов өз баста­маларымен Тәуелсіздік туралы конс­титу­циялық заңның жобасын жасап, құжатты 1991 жылдың шілде айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумына тапсырады. Алайда бұл құжат көпке дейін қараусыз, мүлде елеусіз жата береді. Тіпті кей депутаттардың «Онсыз да тәуелсізбіз ғой, осы заңның қажеті қанша?!» деген сөздері де әр-әр жерден айтылып қалып жатады. Осы 9 желтоқсан күні өткен  Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мәжілісінде депутат Сұлтан Сартаев пен Манаш Қозыбаев Тәуелсіздік туралы конституция­лық заңды қабылдау қажет екен­дігі тура­лы мәселе көтереді. Осы мәселеге қатысты баяндама жасаған Сұлтан Сартаев: «...Осылайша, біз қазір кейбір маңызды заңдарды қабылдаймыз деп ойлаймын. Бүгін Конституция сияқты маңызды заңды да қабылдау керек. Бұл жағынан кейбір әріптестерім мені қолдайды деп сенемін. Мұндай заңдар осы Конституцияның негізі болады деп санаймын. Сондықтан бұл заңдарды ертең тағы өзгертіп жүрмес үшін, дұрыстап қабылдау керек. Бұл біріншіден. Екіншіден, осы жерде жолдастар неге «Тәуелсіздік туралы» заңды талқылаған жоқпыз деп айтып жатыр. «Қазақ КСР-нің тәуелсіздігі туралы» заңды қабылдауды бірнеше адам қолдады. Дегенмен біздің басшылар бұл заңды талқылағысы келмейді. Меніңше, Одақ құлаған кезде біз өзіміздің тәуелсіздігіміз тура­лы нақты шешім қабылдауымыз керек. Әр тәуелсіз мемлекет кез келген одаққа қосыла алады. Бұл еш нәрседен қорықпай, «Мемлекеттің тәуелсіздігі туралы» заңды қабылдауымыз керек деген сөз», деп азаматтық сөзін жеткізеді.

Бұл ұсынысты Президиум мүшелері бірауыздан қолдап, араға жеті күн салып депутат Сұлтан Сартаев Жоғарғы Кеңестің мінбесіндегі «Қазақстан Респуб­ли­касының тәуелсіздігі туралы», Конститу­циялық заңның жобасы жайында баяндама жасайды. Дәл осы сәтті Сұлтан Сар­таевтың өзі «мінбеге кеудемді кер­неген үлкен ұлттық, патриоттық сезім­мен шықтым» деп баяндап берген.

Шындап келгенде, бұл сөздер – империя құлдырағаннан кейін қазақ халқының ел болып қалуға жасаған алғашқы қадамының бірі. Өйткені мұндай айтылған әр сөзден Қазақ­станның тәуелсіз мемлекет ретінде тарихтан өз орнын алуға деген тал­пынысын сезуге болады. Ел тағдыры шешілер сын сәтте тура сөзін жет­кізіп, төрелігін айта білген тарихи тұлғалардың әр сөзінен талай ақиқатты аңғаруға болады. Бұл осыдан 30 жыл бұрын өткен Жоғарғы Кеңес жиынында қазақ халқының тағдыры мен ел тәуелсіздігі қызу талас-тартысқа түскенінің айғағы.

шро

Ту мен тәуелсіздік, елтаңба мен ел атауы тартысқа түскенде, бүкіл халықтың тағдыры таразы басында тұрғанда табанды күрескерлігін танытқан тарихи тұлғалардың сөздері бұл. Сан ғасырдан бері егемендігін армандап, тәуелсіз ел болуды көксеп келген қазақ елінің асқақ арманы мен биік мұраты итжығысқа салынғанда идеологиялық бодандықтан арыла қоймаған биліктің тұтастай буынына қасқайып қарсы тұрып, тағдыршешті сұрақты төтесінен қойған қос тұлға­ның тарихта қалған үндері бұл. 

90-жылдардың басында бүкіл халық қайта серпіліп, қоғам қайта түле­ген тұста республика дербестігін алу, мем­лекеттің өз басшысын сайлау, елдіктің басты белгілері – Ту мен Елтаң­баны бекіту туралы елдік мәсе­лелер күн тәртібіне шыққан еді. Осы сын сәтте депутаттық мінберден халық үнін, мұңы мен тілегін жалтақтамай жеткіз­ген ел азаматтарының алды Сұлтан Сартаев пен Манаш Қозыбаев болатын.

Егемендігімізді жариялап, дербес­ті­гімізді заң тұрғысынан бекіту қажет болған маңызды кезде алғашқылар­дың бірі болып үн қатқан Манаш Қозы­баев санаулы күннен кейін, нақты­рақ айтқанда, Жоғарғы Кеңестің «Қазақ­стан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі» туралы заңды талқылаған 1991 жылғы 16 желтоқсандағы жетін­ші сессиясында да мінберге шығып сөз сөйлейді. Ол кезде де халық депутаты мемлекеттілік тәуелсіздік туралы заңда халық тағдырының тарихи сабақтастығы, табанды күреспен алған тәуелсіздігі, әсіресе оны жоғал­тып барып қайта алғандығын ашық көрсетіп жазу тарих тағылымы үшін қажеттілігін ашық айтады.

Сессия мәжілісі кезінде ең бас­ты заң – Конституция, тәуелсіздік туралы заң, тіл мен жер тағдыры талас-тартысқа түсіп, арты дау-дамайға ұласады. Жиында «Конституцияны қабылдауға әлі ерте», «мемлекеттің субъектісі – ұлт жоқ» деген пікірлер айтылып, қарсылық танытқандар да болған еді. Қазақтың тағдыры шешілер тұста Манаш Қозыбаевтың айтқан: «Қымбатты славян әріптестер, рақымды болыңдар, тым болмаса бір рет империялық ойлаудан шығып, қасіреті көп қазақ халқының дамуы мен өркендеуіне бөгет жасамаңдар!», деген сөзін ел ұмытқан жоқ. Тарихтың сындарлы бағанынан көз тастағанда бұл сөздер ел тағдыры таразы басында тұрғандағы нағыз қазақ перзентінің айтар төрелігі еді.

Алаш арыстарының бірі Міржақып Дулатұлы «Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес. Депутат болу үшін жақсы болу шарт. Депутат бол­ған кісі абыройлы, жақсы болатын болса, жұрттың алдына Алла берген­дер түсетін еді. Депутаттықты таң­сық көріп, атағына қызығып яки бәсе­ке үшін баратындар болмасқа керек», дейді. Алаш азаматының осы сөз­дерін естігенде 1994 жылы Пар­ла­менттің төрінен «Қазаннан қақ­пақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп шын­дықты шырылдап жеткізген Шерхан Мұртазаның «Қазақстанның бай­лығы қайда кетіп жатыр?», «Ха­лық­­т­ың өз дәулетін өз қолына бере­йік» деген отты сөзі – депутаттық сауа­лы еске түседі. Осы сөздерді оқы­ған­­да 1989 жылы Кремльдің съездер са­ра­­йының мінберіне шығып, КСРО халық депутаттарының бірін­ші съезінде Желтоқсан көтері­лісі­нің ақиқатын бүкіл әлемге жайып салған Мұхтар Ша­хановтың ерлігі еріксіз ойға оралады.

ТҮЙІН. Жыл басталғалы бері Қазақстан талай оқиғаны, сын сәтті, қатерлі кезеңді басынан өткерді. Саяси маңызы мол іс-шаралар қолға алынып, ел болып қалыптасудың тұжырымдамасы толығымен қайта жаңғырып, қайта жасақталып жатыр. Ал осындай сындарлы кезеңде бүгінгі Парламент депуттаттары елдің қай мәселесін ше­шіп, өзекті түйінін тарқата алып жүр? Қазір­гі депутаттардың тұлғалық бет-бейнесі қандай? Елдің тағдыршешті мәселелерін неліктен дер кезінде көтеріп, ашық әрі батыл айта алмай жүр? Мұның себебі неде? Салдары қандай?

Халықтың көкейіндегі бұл сауал­дарға қалың оқырман өзі жауап іздеп көрер. Өйткені өткеннен сабақ алу үшін бізге қазір үндемей қалуға болмайды.