Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана экономикалық форумына қатысу үшін Қазақстанға келген БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Бас хатшысының Шығыс Тимор жөніндегі Арнаулы кеңесшісі Ноэлин Хейзермен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Қазақстан мен БҰҰ-ның өзара іс-қимылының ауқымды мәселелері, оның ішінде БҰҰ-ның Мыңжылдықтардың даму мақсаттарына қол жеткізуі, орнықты даму, ЭКСПО-2017 және 2015 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу секілді тақырыптар талқыланды. Қ.Тоқаев БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының Атқарушы хатшысы ретінде Қазақстанмен табысты ынтымақтастығы үшін Н.Хейзерге ризашылық білдірді.
Сол күні Қ.Тоқаев ЮНКТАД/ДСҰ Халықаралық сауда орталығының Атқарушы директоры Аранча Гонсалеспен кездесті. Ол Қазақстандағы шағын және орта бизнестің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға Орталықтың жәрдемдесу ниеті туралы хабардар етті. Оның пікірінше, Қазақстан экономикасы табысты дамып келеді және атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және қызмет көрсету секторын дамыту арқылы одан әрі әртараптандыруда тамаша мүмкіндіктерге ие.
Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың экономикалық дамуды ынталандыру туралы бастамасы, оның ішінде шағын және орта бизнесті, инфрақұрылымды және басқа да маңызды бағыттарды дамыту үшін Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінетіні жайында айтты. Палата басшысы атап өткендей, алдағы уақытта капиталға рақымшылық жасау, сондай-ақ, бірқатар басқа да заңдарды қабылдау Қазақстандағы экономикалық реформаларға серпін береді. Қ.Тоқаев Қазақстанның Халықаралық сауда орталығымен жемісті ынтымақтастығына, атап айтқанда, Орталықтың ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне әзірлігі мен өткізуге қатысатынына сенім білдірді.