Балаларға медициналық көмек МӘМС есебінен тегін жасалады. Ал 2011 жылдан бері хирургтер «иілгіш шегелер» немесе ТЭН арқылы остеосинтез технологиясын қолданып келеді. Бұл шегелер жамбас сүйек, иық, жіліншік, бұғана сынғанда тиімділігін көрсетті.
Технологияның ерекшелігі – сынған сүйектерді тура сәйкестендіріп, арнаулы сым-шеге арқылы бекітетінінде. Шеге сүйек әбден жазылғанда ғана барып алынады. Бұл технология науқастың ауруханада жатып, емделу мерзімін кемітті. Бұрын осы тектес сынықтармен аурухана төсегіне таңылу 4 аптаға созылса, енді 5 күнде үйіне шығады.
– Мұндай технология 12-13 жасқа дейінгі балалардың жілік секілді сүйектерінің диафиздік сынықтарын емдеудің озық жолы деп есептейді мамандар. Бала операциядан соң ауруханада 5 күн ғана болады. Сүйектің қайыра орнынан қозғалып кетуіне жол бермейді. Бірнеше рет рентгенге түсіру қажеттілігі де жоқ. Тағы бір артықшылығы – сүйек орнына келіп, бекітілген соң науқастар отырып, тұрып, қозғала алады, – дейді балалар ортопедиясы бөлімінің меңгерушісі Шолпан Мұқашева.
Бүгінде ауруханада жатқан жамбас сүйегі сынған ең кішкентай науқас 1 жастан 3 ай асқан сәби екен.
Ойнап жүріп жамбасын сындырған балалар да жиі кездеседі. Бөлімшедегі пациенттердің бірі – 12 жаста. Оның сол жақ жамбас сүйегіне ТЭН орнатылыпты. Сүйек сынған кезде орнынан жылжып кеткен. Ота кезінде сынық сәйкестендіріліп бекітілді. Бірер күнде ауруханадан шығады, дейді дәрігерлер.