Аймақтар • 19 Қазан, 2022

Қолжетімді көгілдір отын

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауылдарды көгілдір отынға қосу науқаны жоспар бойынша ілгерілеп келеді. Күні кеше Көксу ауданына қарасты Бесқайнар ауылының тұрғындары табиғи газға қосылды. Жергілікті халықтың қуанышында шек болған жоқ. Қытымыр қыс та иек астында тұрғандықтан бұл сәт тұрғындардың көптен күткен мерекесі еді.

Қолжетімді көгілдір отын

Суретті түсірген Дмитрий ЕРОФЕЕВ

Жалпы, Бесқайнар ауылында 152 түтін бар. Бұл – Көксу ауданы бойынша көгілдір отынға қосылып жатқан төртінші ауыл. 18 қазан күні тағы 3 ауыл (Жам­был, Мәмбет, Амангелді) газбен қамтылды. Жыл соңына дейін тағы 4 ауылға газ тартылса, 12 ауылдың жобалық-сме­талық құжаттары дайын бо­­лады. Келесі жылы тағы 12 ауылға газ тартылмақ. Осылай­ша, аудандағы барлық ауылды газ­дандыруды жоспарлап отыр.

Жетісу облыстық энергетика және тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылығы басқар­масының басшысы Ернат Бәзіл: «Қарапайым халыққа ең алдымен жылу, таза су керек. Осы­ған орай өңірге газ тартылды. Жетісу өз алдына облыс бол­ғаннан кейін облыс әкімінің тап­сырмасымен қанша ауылға газ тарту керектігін тексердік. Нә­тижесінде, 192 ауыл газға қо­сылу керектігі анықталды. Биыл бізде 22 жоба басталды. Оны келесі жылы аяқтаймыз деп жос­парлап отырмыз. 28 жо­баның сметалық-құжаттары дайын», дейді Е.Бәзіл.

2025 жылға дейін Қаратал, Көксу, Кербұлақ, Ескелді аудан­­­дары мен Текелі және Тал­­дықорған қаласы толықтай кө­гілдір отынмен қамтылмақ. Осы ретте газды үйіне мемлекет тарапынан тегін қосқан көп­ба­лалы ана Бибігүл Көбе­генова қуа­нышын жасырмады.

«Осы үйде 1978 жылдан бері тұрамыз. Күйеуімнің қай­тыс болғанына 22 жыл болды. 10 жылдан кейін үлкен қы­зым өмірден өтіп, артында үш бала қалды. Отбасымызда 2 мүм­кіндігі шектеулі адам бар. Жалпы, 11 адам тұрамыз. Бұрын біз көмір тасып, ағаш кесе­тінбіз», деді Б.Көбегенова.

Айта кетейік, ауданда газ­ға қосылу жұмыстарының құны – 170 мың теңге. Сон­дай-ақ «Жетісуоблгаз» ЖШС-нан материалдар мен газ қазандығын 10 айға дейін бө­ліп төлеу және халықтың әлеу­­меттік осал топ­­тары үшін «BSP GROUP LTD» ЖШС-нан 20%-ға дейін же­ңіл­діктер қарас­тырылған. Газға қосуды «ST LTD», «ST GAZ», «CК МУСЛИМ», «АЯКС-78» және «СҰҢҚАР-2002» ЖШС-тары жүргізеді.

 

Жетісу облысы