Өнер • 19 Қазан, 2022

Өнердің шипасы

217 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Саусағыңның ұшымен түртсең, тіріліп кетердей туындыларды тамашалағанда қылқалам құдіреті шексіз, Құдайдың адам баласына берген талантында шек жоқ екендігін түйсіне түсесің. Ендеше, бейнелеу өнеріндегі қайта­ланбас дарындар денедегі дертті қуып, өмірге құштарлық сыйлай алатынына сеніңіз.

Өнердің шипасы

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бұл күндері танымал қыл­­қалам шеберлері Алпысбай Қазы­ғұлов, қырғыз суретшісі Жә­нібек Бердікеев пен өзбек сурет­шісі Нодир Бобомұрадовтың туындылары Ал­матыдағы «Almaty Resort» шипажайында ашылған көркемсурет га­лереясынан орын алды. Түркі әле­мінің үш заманауи өкілі, бейнелеу өнері майталмандарының туын­дылары Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанда ғана емес, АҚШ, Жа­пония, Ұлыбритания, Түркия, Қытай мен Бельгия мұражайларында да менмұндалап тұр.

Қарап отырсақ, Еуропадағы шипажайларда мұндай көрмелер өтіп тұрады. Бұл ем алуға, демалуға кел­ген жандар үшін таптырмайтын әрі уақыт үнемдейтін тамаша мүм­кін­дік. Ал Алматыдағы шипа­жай­дың жоғары қабатын түгел алып жатқан алғашқы көрмені ұйым­дастыруға әлемдік бейнелеу өнеріне қосқан үлесі үшін Еуропа өнер ода­ғының сыйлығын алған, Қазақ­стан Суретшілер одағы­ның мүшесі Алпысбай Қазығұлов ұйыт­қы болды.

– Менің туындыларымды тү­сіну үшін көрерменге уақыт керек. Шипажайда демалушыларда бұл мүмкіндік бар. Ал Өзбекстан, Қырғызстан суретшілерінің картинасында идея айқын, түсінікті және жан жадыратады. Сондықтан галереядағы туындылар өзара үй­лесім тауып тұр. Сальвадор Дали айт­қандай, суретші ретінде жетіле бе­руден қорықпау керек, бәрібір өнердің түбіне жетпейсің. Ал сурет­шіге қарапайым шыншылдық және өз идеяларыңа сатқындық жасамау керек деп есептеймін. Мен өзімді 45 жыл бойы іздедім, бейнелеу өнеріндегі өз қолтаңбамды қашап шығару үшін осынша жыл іздендім, бастапқыда натура салатынмын, қазір бәрі жүрегімнен шығады.

кк

– Суретшіге өз еркіндігі мен азат­тығын сақтап, сұранысқа да ие болуы үшін не қажет?

– Бірде тапсырыспен 20 күн тап­жылмай натюрморт салға­ным бар, алайда ол тапсырыс ие­сіне ұнамағаннан кейін, өзіме қалдырдым, бірақ өзіме ұнады. Бұлай жұмыс істеген өте қиын, тапсырыс берушілердің әйтеуір бір­де­ңеге көңілі толмайды, еркінді­гіңді шектейді, бояуын қалыңдат­қысы келеді. Портрет салғызса, кө­зімді үлкейт, көйлегімді өзгерт деген сияқты талаптар қоя бастай­ды. Мен бұлай жұмыс істей алмай­мын, өнер­ден табыс табу үшін жәдігер жинаумен айналысамын. Өз идея­ларыңа адал болып қалу үшін кез келген тығырықтан шығуға болады, – дейді танымал импрессионист Алпысбай Қазығұлов.

Биыл 55 жылдығын атап өтетін Almaty resort шипажайында салтанат құрып тұрған көрмеге осы бас­тамаға ұйытқы болған мэтрдің таң­дауымен, бейнелеу өнерінің белді өкілдерінен бөлек, жас сурет­шілердің де жұмыстарына да орын берілді.

 

АЛМАТЫ