23 Мамыр, 2014

Қостанай облысында із-түссіз жоғалып кеткен 7 жасар қыздың мәйіті табылды

365 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
viktorya03АСТАНА. 23 мамыр. Қостанай облысы Рудный қаласында 24 сәуірден бері іздестіріліп келген 7 жасар қыздың өлі денесі табылды. Бұл туралы «24kz» хабарлады. Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір ай бұрын қыз баланы белгісіз ер адам белгісіз жаққа ертіп әкеткен. Сол күйінде үйіне қайтып оралмаған Виктория Ганяны полиция қызметкерлерімен бірге мыңдаған ерікті іздеді. Алайда, жаппай іздестіру шараларының соңы жерге көмілген қыз баланың мәйітін табумен, яғни, өкінішті жағдайда аяқталды.  Оның жансыз денесі қала сыртындағы салынып жатқан ғимарат ішінен табылған. Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Әділбек Нұрмақин: «22 мамыр күні Рудный-Тобыл тасжолының бойында құрылыс жүріп жатқан бір ғимарат ішінен жас қыз баланың мәйіті табылды. Ол Рудный қаласында 24 сәуір күні жоғалып кеткен Виктория Ганя екенін ата-анасы танып отыр. Осыған байланысты қазір сараптама жұмыстары тағайындалды. Аталған қылмысқа байланысты Қылмыстық кодекстің  96-бабы бойынша іс қозғалған. Қазіргі кезде күдіктіні іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді. Жолдыбай Базар. Дереккөз: «24kz». Фото: «24kz».