Сұхбат • 19 Қазан, 2022

«Салтанат» – қайғылы, бойлауық күй»

862 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Қазақтың төл өнерінің бірі саналатын күмбірлі күй біздің тарихымызбен біте қайнасқалы қашан. Оны атадан балаға жалғап, ел ішінде ұлықтап, болашаққа мұра етіп кеткен дана көкірек күйшілердің бірі – Төлеген Момбеков еді. Сүгірдің шәкірті болған Момбеков мұрасы ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына қосылды. Біз біртуар күйшінің қызы Салтанат Момбековамен сұхбаттасып, әкесі туралы былайғы жұртқа беймәлім оқиғалар мен жылы естеліктерді оқырманға ұсынып отырмыз.

«Салтанат» – қайғылы, бойлауық күй»

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жау снарядының жарықшағы маңдайына тиіпті

– Әкеңіз Төлеген Момбеков күйші ғана емес, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер екенін де білеміз, ұрыс даласындағы күндері туралы мәліметтер бар ма?

– Менің әкем де алғашқылардың қатарында өз еркімен сұранып, майданға аттанғандардың бірі. Олар ең алғаш 17 жігіт болып Тыкова қаласындағы әуе десанты бөліміне түседі. Сол жерде парашютпен секіруді, пулемет, автомат атуды үйреніп, жаттығады. Үш айлық арнайы дайындықтан өткен соң, әуе десанты атқыштар дивизиясын Ленинградқа жақын жерге әкеліп, тағы да екі-үш күн дайындап, оларды ротаға бөліп жібереді.

Ресейдің қытымыр аязының тастай қараңғы бір түнінде бұларды ұшақтарға мінгізіп, Ленинградты қоршаған неміс әскерлеріне қарай өтетін жолды кесу үшін сол жерге парашютпен түсіріп кетеді. Жақын маңдағы орманға кірген 60-70 адам бір төбенің айналасына орналасып, кешке дейін жатып, ұрыстың бас­талуын күтеді. Осы жерге жақын өзеннің үстіндегі көпірдің екі шетіне орналасқан әскерлер көпір үстімен өтіп бара жатқан немістің пойызын миналап, ұрысқа кіріседі. Ұрыс толастады-ау деген шақта қайта орманға кіріп, партизандармен бірге 10-15 күндей аялдайды. Солармен бірге ұрыстарға қатысып жүреді. Бір күні ұшақпен кері алып кетеді. Келген соң аздап тыныққан әкем старшинасына тастап кеткен аспабын алып, әскерлерге домбырасымен күй шертіп беріпті.

Үш күндей тынығып болған соң, майданға қайта кірген әкем бір жолы алдыңғы шепті барлап, тіл алып келуге барғанда, басына қауіп төндіріп алады. Ең үлкен шайқасы Калининградты азат ету үшін қатысқан ұрысы болады. Сондай бір ұрыстың күндері 1943 жылдың көктемінде неміс­тердің үлкен күші шоғырланған Старая Русь деревнясы түбіндегі кескілес­кен ұрыста, пулеметіне тікелей түс­кен жау снаря­дының жарықшағы маң­дайына тиіп, ауыр жарақаттанады. Калинин­градтағы әскери госпитальда басына ота жасалып, шекедегі шіріген сүйегі алып тас­талған әкем ұзақ емделген соң, әске­ри медициналық сараптаманың қорытындысымен соғысқа жарамсыз деген 2-топтағы мүгедек деген қағазбен елге оралады. Әкемнің үнемі оң жақ шекесінің кейде былқылдап тұратыны содан қалған ауыр естелігі еді.

– «Халық жауы» атанған әкеңіз хал­қын шын сүйген азамат болды, күй өне­рінде аты қалды. Қиындық көрген жыл­ары туралы айтушы ма еді?

 Атамыз Момбек еті тірі, арабша сауа­ты бар адам болған.1930-жылдары Созақ көтерілісіне қатыстың деп НКВД адамдары ұстап әкетіпті. Ол қылышынан қан тамып тұрған заман емес пе, сол кеткеннен оралмаған. Сол уақыттарда әкем 11-12 жасар бала болса керек. Халық жауының балалары деп ағасы Жәнібек екеуін кейін тағы іздеп келеді. Содан екеуі елден қашып, түн ішінде жалғыз атқа мінгесіп, күн салқында жолда үш күн түнеп, Күнгейдегі апасы Гүлдананы барып паналайды. Ауылға барса, НКВД-ның қолына түсермін, қалсам бұларға кесірім тие ме деп жүріп, 18-ге келген кездерінде Хантағы деген жерге рудникке барып жұмысқа орналасады. Тағы да елден келген іздеп жатыр деген хабардан соң, Ресейден адамдар келіп, Солтүстік Осетияға Кавказ жеріндегі рудникке адамдар жинап жатыр екен дегенді естіп, соған жазылады. Кавказдағы «Садон» руднигіне барып, небір қиыншылықтарды бастан кешіреді. Одан Ұлы Отан соғысына аттанады. Әкем көп әңгімешіл емес еді, алайда осыншама қиын кезеңдерді бастан кешіргеннен соң ба, бойында үрей барын сезетін едім. Себебі заман не болар екен деген сөзді жиі айтатын. «Бір үзім нан болса да, шашпаңдар» деп асты құрметтеп отыратын. Оның шет жағасын біз де көрдік. Елде ақша жоқ, азық-түлік тапшы кез болды ғой. Әлі есімде, магазинде ұзақ-сонар нанның кезеңінде тұрушының бірі мен едім, сондағы сағаттап тұрып алатыным 2-ақ бөлке нан болатын. Шіркін, әкем осы заманда өмір сүрсе ғой деп ойлайтын кездерім көп. Басынан өткізген қиыншылықтарын ойласам, көзіме жас еріксіз келеді.

– Күйшінің ұстазы атасы Бапыш Қожамжарұлы екенін білеміз, өзі кім­дер­ді шәкіртім деп есптеді.

– Әкеме біткен күй өнерінің бастауы арғы ата-бабаларымыздан екені даусыз. Қоңыраттың саңғыл руынан шыққан Көшектен Есен, одан Қазы, Қазыдан Қожамжар, одан Назар, Қайдау, Бапыш атты үш ұл туған. Назардан Сәбденбек, және Момбек деген екі ұл тараса, Мом­бектен үш ұл тараған: Жәнібек, Бөле­ген, Төлеген. Баласының күйге деген құштарлығын байқаған Момбек Төлегенді Бапыш атасына ертіп барады. Ол кезде жан-жағына күйшілікпен танылған Бапыш Қожамжаровтың шаңырағында елдің өнерпаздары көп жиналатын болған. Тоғыз жасар әкемнің осы өнерпаздарды көріп әрі атасынан сабақ алуы күй өнеріне деген құлшынысын арттырса керек. Атасы арқылы, қан арқылы берілген күйшілік өнері әкеме осылай қонды деуге негіз бар. Өзі сияқты ауылда есту арқылы үйренген бірнеше шәкірті бар болатын. Олар – Сатан Маханов және Олжабек Байзақов (марқұм). Сондай-ақ негізгі шәкірттері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Біләл Ысқақов, белгілі күйші Рымхан Әбілханов (марқұм), күйші-сазгер Батырхан Рыспанбетовтерді ерекше атауға болады. Кезінде арнайы ауылға іздеп келіп, әкемнен бата алып, бүгінде күйлерін насихаттап жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-сазгер Секен Тұрысбектің де еңбегін аса құрметпен атағым келеді.

– Соғыстан оралғанда шешесінің хал үстінде жатқанын көргені, өмірдегі кейбір қиыншылықтар, бес баланың анасын іздеуі бәрі-бәрі ол кісінің ішіне мұң болып жиналғаны шындық, ал сол мұңдарды кеудесінен күй арқылы шығарғаны тағы бар...

 – Соғыстан жараланып оралғанда, анасы төсек тартып қатты ауырып қал­са керек. Көзі кіртиіп, аурудан әбден жү­деген шешесін көріп, әкем жылап жіберіпті. Көп ұзамай қайтыс болғанда анасын жоқтап жылап отырса, құлағына ызыңдап бір әуен келе беріпті. Домбыраға салып, күйдің атын «Анама» деп қойыпты. Хат таныған сауаты бар, алайда нота білмесе де, Алла бойына осыншама күй-құдірет сыйлаған әкемнің өмір жолында біршама қиындық өтті. Сол өмірін күймен өріп, артына өшпес мұра қалдырды. Өзі айтқандай: «Күй шығара қояйын деп әдейі отырмаймын. Күй бірден шыға салмайды. Оның бір сәті болады. Көңіліңе қонып, әсер еткен дүниені әуез арқылы іздейсің, тапсаң сол күй болады.» Меніңше, бар мұңын кеудесінен күй етіп шығару да хас таланттарға тән болса керек-ті.

«Дүниені әуез арқылы іздейсің»

– Енді «Салтанатқа» келейікші, сізбен сұхбаттасар алдында осы күйді тағы бір қайталап тыңдадым, кісіні толқытпай тұра алмайды, көңілді құз­дан құлатуға шақ қалады. Өзіңізге арналған осы туындыны алғаш есті­­генде қандай күйде болдыңыз, жы­ладыңыз ба?

– Анам 1970 жылы 9 мамырда бала-шағам деп жүріп суықтады ма, бірнеше рет емханада жатып емделсе де, бауыр­дан ауруы асқынып, қайтыс болған. Мен небәрі 4 жаста екенмін. Анамды іздеп шырылдап көп жыласам керек, өзі де жарын жоқтап жүрген әкем сол кезде осы күйді шығарыпты. Күйдің атына айналған менің есіміме қойылған «Салтанат» сөзі шаттықты білдіргенімен, бұл күй – қайғылы бойлауық күй. Әкем бұл күйдің шығу тарихы жайлы: – Бір күні үйге келсем, «апама айтам» деп өксіп жылап отыр екенсің. Қайрат ағаң ренжітіп қойыпты. Ее, анасын сағынған екен ғой құлыным, деп сені алдыма алып уатам деп еріксіз көзден ағыл-тегіл жас ақты. Сол жас кеу­демнен күй болып төгілді, құлағыма бір әуен қайта-қайта келіп, дүниеге осы күй келді. Күйдің басы «Қайтейін, жаным-ау» деп басталып, сенің жылаған үніңе ұласады, сағасында көзден аққан жас булығып, мұрыннан аққан сумен тұншығып, шырқырап шыққан үнің анық естіледі, – деуші еді.

 Бұл күй ойналғанда, тыңдап отырып, іштей алай-дүлей күй кешіп, жан-дүниемнің сағыныштан ақтарылып жат­қанын сезуші едім. Көзіме анамды елестете алмай, анық түрін сақтап қала алмағаныма күйінетін едім. Тіпті бала күнімде ауылдың бас жағында орналасқан мектебіме жалғызаяқ жолмен сөмкемді сүйретіп кетіп бара жатып, менмұндалап тұрған Қаратаудың биік шоқысына көз тігіп, «Шіркін, анамның бейнесі ана таудың басынан бір елестесе ғой, түрін бір көрсем ғой» деп күнде армандайтынмын. Неге екенін қайдам, артынан ойша анама ақ кимешек кидіріп, бейнесін өзімше елестетіп, бала көңіліммен мәз болатынмын. Көкірегімдегі сағыныш отын осылай басатынмын. Үнемі баласын айналып, басынан сипаған аналарды көргенде, ешкімге көрсетпей көз жасыма ерік беретінмін. «Қандай бақытты» деп іштей күбірлеп, бала жүрекке түсініксіз бір ауыр зіл түсіретінмін. Өкініштісі сол, анамды анық елестетер, мендегі естеліктердің ізсіздігі. Тек бір ғана есімде қалғаны, майы таусылған шам білтесінің көмескі жарығындай көрініс қана. Еміс-еміс есімде қалғаны: үйдің сол бұрышында тө­секте жатқан анамның көрпесін сәл түріп жіберіп, мені құшырлана құшақ­тап, қайта-қайта сүйгені ғана. Шын­дығына келгенде, елестеткен жерім қате болып шықты. Бұл туралы есейе келе бауырларыма айтқанымда, ол жерге қайтыс болған соң, жаназасын оқу үшін шығарғанын білдім. Анамның біз­бен қоштасуы үй ішіндегі отау тамда ( үйдегілер солай атап кеткен екен) болған екен. Шырағының сөнетінін білген қайран шешем амалсыз соңғы рет бізбен осылай қоштасыпты. Әлі күнге осы күй ойналған сайын анамды бір көре алмадым-ау деп өкініш пен сағыныштан көзіме жас келеді. Бәлки, бұл анасымен құшырлана тілдесе алмаған 4 жасар қыздың өкініші десеңіздер де болады. Ананың орны бөлектігін сезінсем керек, оқушы күнімде балалар үйінде жұмыс жасап, жетім балалардың маңдайын бір сипасам деп армандайтынмын. Мүмкін бұл ішімдегі құсамды бөлісіп, сыртқа шығарғым келгендіктен де шығар...

– «Салтанатты» төгілтіп шертіп отырған әкеңіздің көзі бір нүктеге қадалып, бір жоқты іздегендей кейіпке енеді. Қиын кездерде сіздерді қалай жұбататын?

 – Қазақта «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ» деген ұлағатты сөз бар. Жары мен баласы үшін ананың орны ерекше. Сондықтан болар анамның қазасы әкемнің жүрегіне ауыр тиді деп ойлаймын. Бала-шағаны бір өзім қалай жеткіземін, өмірлік серігімнен қалай айырылып қалдым деген ойлар беймаза күй кештіргендіктен болар, ақкөңіл, ер мінезді әкемнің күй­гелектеніп қалатын сәттері болды. Көбінесе, жеке қалып жанына ты­ныштық сәтін орнатып, ұзақ ойға шоматын. Сол ойдың ұшы күймен өріліп тынатын. Бірде: – Әке, осы сіз күйді жеке қалғанда шығарасыз ба? – деп бала күнімде сұрағанымда, – Балам, жай­шылықта мына күйбең тіршілікті, сендерді ойлап, ойға беріле алмай қаламын. Тыныштық сәтін орнатып, ойға шомсам, өткен-кеткен көз алдыма келеді, анаң елестейді, күй сонда туындайды, – деп жауап берген еді. Ойлап отырсам, әкем өте ауыр күндерді бастан кешірген екен ғой...

– Анаңыз ауырғанда «Бұл қалай?» деген күй шығарды, бұл күй арқылы қатыгез өмірге қойылған сұрақ па?

– 1969 жылы анам қаттырақ ауырып төсек тартып жатып қалды. Осы жылдары қатты күйзелістен бірінен соң бірі төрт күй дүниеге келді. Төсек тартып жатқан жарының жүзіне қарап, бұл қалай болар екен деп қамыққан әкемнің ішкі күйзелісінен «Бұл қалай?» күйі дүниеге келсе, артынша нашарлап жатқан анамның аузына су тамызып отырған жеңгесі: Төлеген қарағым, бері кел, ризашылығыңды білдір, – дегенде әкем: – Мен разымын, – деп жылап отырып, разылығын білдірген екен. Бұл сәт «Қоштасу» күйінің шығуына себепкер болған. Қайтыс болған анасын жоқтап жылаған перзентерінің қайғысынан «Салтанат» және «Сағыныш» күйлері де осылай жарыққа шыққан болатын. Қатыгез өмірді басынан кешкен адамдарға бұл күйлер жұбату болары хақ. Сіз айтқандай, шындығында, бұл қатыгез өмірге қойылар сұрақ іспеттес.

– Әкеңізбен бірге өткен күндері­ңізден бірер естелік айтсаңыз...

– Әкем өте қарапайым адам болды. Алайда кей кездері дастарқан басында бізге әдеп жағын көп үйрететін. Ол кездері қазіргідей ұялы телефон жоқ, тамақ үстінде кейде екі көзіміз кітапта болатын, сондай сәттерде ақылмен жөнге салатын және ас қайырмай тұрып кетпеуді ескертетін. Қазіргі әкелер бала­ларын еркін айналып-толғанып оты­рады ғой, менің әкем арагідік «айналайын» деп қалғаны болмаса, бізді көзімізше көп еркелетпейтін. Бірақ көзінен бізге деген махаббаты мен уайы­мын қатар сезетінбіз. Бір қызығы, кейін әкем немерелерін өте жақсы көрді, тұңғыш рет әкемнің сыртқа шыға­рып, айналғанын сонда байқадым. Қар­тайғанда немере аса тәтті болатынын сездім. Өзім де немеремді айналған сайын, жиі әкемді көз алдыма елестетемін. Бір оқиға есіме түсіп отыр. Қарапайым кесек балшықтан соғылған үйде тұрдық. Кішкентай кезім. Бір күні ұйықтап жатқанымда төбесін сылаған ауыр балшықтың шамалысы үстіме құлап түсті, көзім топыраққа толды да қалды. Сол сәтте әкемнің қолы дірілдеп жан ұшырғаны әлі көз алдымда. Дереу көзіме тілін салып жіберіп, тазалаған болатын.

Тұрмысқа шыққанымда, іштей қыз­ғанып, көңілі құлазығаны да көз алдымда. Қазақтың салтымен үй көруге келгенде, күйеу баласына салқын амандасқаны бар-ды. Ойлап отырсам, әкенің тәрбиесін көп алыппын. Кейбір ер адамдарда жоқ қасиеттер менен табылатын. Ағам әскер қатарына кеткенде, мені де Гүлжан әпкеммен қатар ер баланың тірлігіне көп жұмсады. Атқа мініп, қой бағып, шөп орып, ер балаға тән барлық жұмысты жасайтынбыз. Шашын үнемі маған алдыртатын. Маңдайындағы минаның жарықшағы бар солқылдап тұратын жеріне ұстараны тигізіп алмау үшін аса сақтықпен қимылдайтынмын. Бастағы қыртыстарды кейде байқамай қанатып қойсам, «ешнәрсе етпейді, қызым» деп жұмсақтық танытатын.

 Сонымен қатар қыз балаға тиісті әдепті де әкем үйрететін. Бір жаққа кетіп бара жатқанда: – Көке, қайда барасыз? – деп сұрағанымда, қыз бала үйден шыққан ер адамнан бұлай ешқашан сұрауға болмайтынын құлағыма талай құйған болатын. Бұл тәрбиенің тұрмысқа шыққанымда, көп көмегі тиді. Себебі жол жүрерде, өзім айтпасам, сұрама дейтін отырарлық жолдасымның тәртібі де солай болып шықты. Қысқасы, әкем берген өнеге – өміріме жақсы жолдама болды.

Рахманқұл Бердібаев әкемді елге танытты

– Әкеңіздің жарыққа шықпаған күйлері бар ма?

– Рас, кезінде әкемнің күйлері өте көп болатын, себебі ол кездері нотаға түсіретін адам жоқтың кезі. Көптеген күйі қартайғанда ұмытылып, жоғалып кетті десем болады. Біз жас болдық. Ескі магнитофонға басып алып үл­гергенімізді келген қонақтар алып кететін. Кейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Біләл Ысқақов әкемнің қартай­ған шаққа аяқ басқан кезінде Созаққа келіп бір айдай жатып, күй тарихын сұрап, таспаға басып алып кетіп, нотаға түсірді. 1995 жылы Алматыда «Өнер» баспасынан «Салтанат» күй жинағы кітабын шығарды. Онда 37 күйінің нотасы мен орындаушылық ерекшелігі жазылған. 2019 жылы «Әуен» баспасынан «Төлеген толғаулары» жинақ кітабын шығарды. Жинақта ұстазының 36 күйі, Сүгірдің 6 күйі, Бапыштың 2 күйі нотасымен берілген.

 Мүмкін Біләл аға сәл ертерек кездескенде, басқа күйлері де нотаға түсіп, жарыққа шыққан болар еді-ау.

– Төлеген Момбековтің мұраларын зерттеу қай деңгейде, ұрпақтарынан күйге жақындары бар ма?

– Исі қазаққа мәлім ғалым Рахманқұл Бердібаев әкемнің алғаш елге таны­луына үлес қосқан адам. Ол кісі өзінің естелігінде «1965 жылы күзде әде­биет майталманы С.Мұқановтың тобымен ел-елді араладық. Созақ ауданына келген күні қонақта күйші Т.Момбековпен жүздестік. Қазақ тарихы мен мәдениетінің білгірі Сәбең Төлеген тартқан шертпе күйлерге қатты қызығып, «Мұндай дарынды республика көлеміне таныстыру қажет» деп айтып отырды». Көп ұзамай әкем Алматыға шақырылады. Грампластинкаға күйлері жазылып, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде өмірі мен шығармашылығы таныстырылып, мақалалар жарияланады. Атақты жазушылар С.Мұқанов пен М.Әуезов елге радио, теледидар арқылы да таныстырылып, танымал болуына үлкен үлестерін қосса, Ә.Кекілбаев, А.Тоқмағамбетов, А.Сейдімбек пікір білдірген. Сондай-ақ елге танымал Т.Әлімқұлов «Күйші», «Тарлан күйші», Т.Тоқбергенов «Көкірегі күй күмбір», Б.Сарбалаев секілді жазушылар очерк­тер мен мақалалар жазса, музыка маман­дары Уәли Бекенов, Жарқын Шәкәрімов, Болат Сарыбаев, Шәміл Әбілтаев шертпе күйдің ерекшелігін түсіндірді. Жазушы Орысбай Әбілдаев «Сезім селі» повестін, Қуаныш Төлеметов «Күй кеуде», Р.Бердібаев «Күй құдіреті», «Саз өнерінің саңлағы», Жарылқасын Нұсқабайұлы ««Салтанат» күйі қалай туды?» мақаласы, С.Тұрысбек «Салта­наттың» сахнаға шығуы естелігі, Ө.Қыр­ғызбаев «Теріскей таланты және оны танытқандар», композитор, профессор К.Күмісбеков «Шоқтығы биік күйші, композитор», филология ғылымдарының докторы, профессор К.Сыздықов «Сүгір мен Төлеген», ақындар Б.Батырбекова «Күйші ағаға», Р.Балабиев «Төлеген рухымен сырласу», Бөрғазының Өскені «Төлеген», «Шертпе күйдің сиқыры керім екен», т.б. Қ.Мыңжан «Шеберлік шыңы», «Салтанатты естігенде» т.б. С.Байділдаев «Күйшіге құрмет», Н.Сүлей­менов «Күйші», Ж.Баязитов «Төрт аяғын тең басқан жорғадайын», жерлес інісі, тарихшы-өлкетанушы Рахман­берді Жаппарқұлұлының «Шертпе күйдің шебері» кітабы, Біләл Ысқақовтың «Сал­танат», «Төлеген толғаулары» күй жи­нақтары жақында жарыққа шыққан Қ.Сариннің «Салтанат» (әке монологы) секілді көптеген туындысы күй мұраның қасиетін тарихта қалдырмақ.

Отырардағы өнер мұражайының директоры Абдулла Жұмашовтың да ерекше еңбегін атап кеткім келеді. Отырарға бара қалсаңыздар әкемнің өз қолымен ұстаған домбырасы мен гармонын, Д.А.Қонаевтан бастап алған марапаттарын сол жерден көруге болады. Созаққа келсеңіздер де С.Қожанов атындағы мұражайдан да біраз дүниелерін кездестіресіздер. Бұл мұражайдың директоры, әкемнің туыс інісі Ниязәлі Дүйсенбектің де еңбегі зор деп айта аламын. Ал енді екінші сұрағыңызға келсек, қазірге таңда өнер де жеті атадан болсын тұқым қуалайтыны ғылыми дәлелденіп отыр. Әзірге екінші әпкем Қызжан Төлегенқызының ұлы Шерелхан Досанов пен оның баласы Нұрлыхан Көпжасарлар аталарының күйлерін орындап жүр. 2021 жылы республикалық «Атадан-мұра» қоғамдық қорының Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырған «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша 8-сынып оқушысы, әкемнің жиен шөбересі Нұрлыхан «Салтанат» күйін орындап бас жүлде алған болатын.

 

Әңгімелескен

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan»