Елдің атын ер шығарар Қорғалжын – қазақтың тарихи өңірі. Ақмола облысының бұрынғы аумағында жергілікті халықтың үлесі басқалардан анағұрлым басым бірден-бір қазақ ауданы саналып келген аудан осы. Егер интернеттен Қорғалжынды іздеу керек болса біз «қ» әрпінен басталатын төрт: Құлтума, Қорық, Қоқиқаз, Қонаев деген сөздерді теги ретінде қояр едік. Қорғалжынның танымал болуына біршама үлес қосқан осынау атаулар мен Қонаев секілді ерлер есімі. Қазақта даналықтың терең мысалдарын екі-ақ ауыз сөзбен төге салатын ұшқыр ойлы, төкпе ақындар көп болған ғой. Соның бірі Құлтума ақын осы жердің тумасы. «Сұрасаң менің атым – Құлтума-ды, Момыннан Құлтумадай ұл тумады. Қолға алып домбыраны шырқағанда, Тамсантып шіркін көмей бұлтылдады!» дейтін ақынның есімі қазақтың ұлан-байтақ сахарасына кеңінен танымал болған. 1840 жылы туып, 1915 жылы дүниеден өткен Құлтума шығармашылығының өзге жетістігін айтып жатпай, бір-ақ мысалына тоқтала кетейік. Құлекеңнің заманында қазақ әлі араққа үйірсек болған емес, тек тиіп-қашып қана, онда да үлкендерден, ата-анадан, қожа-молдадан ұрланып ұрттайтын. Бірақ соның өзінде арақтың зиянын Құлтумадай айтқан адам сирек шығар. Ол арақ туралы мынадай көріпкелдік айтқан: «Арақ – ардың ажалы, Ақшаның тажалы. Ырыстың қырсығы, Абыройдың мылтығы. Жақсылықтың жаңқасы, Төбелестің арқасы». Осының бір сөзін артық, бір сөзін кем деп айта алармыз ба? Құлтума соны осы заманнан әлдеқайда бұрын айтып кеткен. Қорғалжынның атағын дүйім елге мәшһүр қылған осындай тумалары толып жатыр. Соның ішінде кешегі Мәриям Жагорқызының да орны ерекше. Оның әніндегі Ащыкөл мен Тұщыкөлді көргісі келмейтін адам сирек. Бірақ соңғы жылдары қазекең үлкенді емес, ұсақты көбірек күйттеп кететін дағдысымен Мәриямның әнін Үлебай ақын шығарған, оған қыздың еш қатысы жоқ деген сияқты әңгімелерді көбірек айтып жүр. Мейлі, кім шығарса ол шығарсын, бірақ сол ән Қорғалжынның атағын аспандатты емес пе? Орыс қызының қазақ жігітіне ғашық болғанына сонша күмән келтіретіндей не жөніміз бар? Өзі шығармаса бойына сыятын болған соң телінген шығар? Өйтпесе қазақ ол әнді Мәриям Жагорқызының әні деп таныр ма еді? Сондықтан қорғалжындықтар өздерінің бренді болған осы әннің иығына құс қондырмай сақтауы керек еді, бірақ қазіргі жерлестерінің арасында кейбіреулердің бұл әнге деген салқын көзқарасын байқап қалып, «ең бастысы амал емес, нәтиже» дегенді кейбір қорғалжындықтардың ұға қоймайтынын көрдік. Сол көзқараспен Қорғалжынның кіре берісіне Мәриямға қойылған белгіні де өзгертіп, оған кеңестік кері кеткен тәртіппен биік стела орнатып тастапты. Оның да айналасы күтілмеген. Ең жаманы Мәриямның бір ауыз өлеңін де оған дұрыс жазбаған. Соңғы жолындағы исі қазақ даласына танымал: «Сондағы Мәриямның айтқан сөзі» дегеннің орнына: «мінеки, Мәриямның айтқан сөзі» деп естіген құлаққа түрпідей етіп, өзгертіп тастапты. Атақты композитор Кенжебек Күмісбеков, күміс көмей әнші Рабиға Есімжанова, академик Сұлтанбек Қожахметов, гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов және т.б. осы топырақтың өскіндері. Қанаты қызыл қоқиқаз Айта берсе Қорғалжынның атағын аспанға шығарған дүние жетерлік. Соның ішіндегі бірегейі – Қорғалжын қорығы. Ащы сулы Теңіз көлі мен Қорғалжын ойпатындағы Сұлтанкелді, Есей, Қоқай, Асаубалық және тағы басқа 60 шақты тұщы көлдің басын біріктіретін қорықтың жалпы аумағы 543 мың 171 гектар. Әрбір көлдің аталу тарихы бар. Мәселен, «Сұлтанкелді» Кенесарының келіп қонған көлі екен. Сол сияқты қалың қолымен Абылай түскен де көл бар. Бірақ ұя салып, сыңсып жатқан құсты үркітпейік деп Абылай әскерін алып кетіпті... Қорық алғаш, 1957 жылы аң аулау орны болып белгіленген. Одан қорық болып ауыстырылады, ал 1962 жылы Қорғалжын орман-аңшылық шаруашылығына айналған. Тек 1968 жылы ғана Ғылым Академиясының ұсынысымен Қорғалжын мемлекеттік қорық мәртебесіне қол жеткізеді. Қай күнде елдегі үлкен өзгерістердің бәрі үкімет басындағы адамның есімімен байланыстырылады емес пе? Қорғалжын қорығының құрылуы да сол кезде үкімет басында болған Д.Қонаевтың есімімен тығыз байланыстырылған. Оның үстіне аң аулауды жақсы көрген Димекең құс атуға рұқсат етілген маусымда осында келіп, демалатын көрінеді. Оған деп арнайы салынған саяжай да бар екен. Қорық қызметкерлері берген ресми ақпаратқа қарағанда қорықта сүтқоректілердің 43, құстардың 350, балықтың 14, жәндіктердің 700, өсімдіктердің 443 түрі бар көрінеді. Соның ішінде сүт қоректілердің 8, құстардың 27, жәндіктердің 1 түрі халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген. Сондай-ақ, құстардың 41, жәндіктердің 4, өсімдіктердің 5 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына жазылыпты. Көк майсалы, самал жел ескен қорықтың кең жазығымен келе жатсаңыз алдыңыздан аңның бірнеше түрі кездеседі. Кейбірі тіпті адамнан қорықпайды десе болады. Бір суыр біз жүріп келе жатқан жолдан 50-60 метр жерде жүргіншілерге қарап қозғалмай жатты. Басқа жер болса мұндай қашықтықта шаңын ғана көрсететін аң өзінің қорғалуда екенін сезетін сияқты. Қорықтың басшылығына Ұ.Әбжанов деген жаңа басшы келіп жатыр екен, ол бізге тәжірибелі қызметкері Б.Рысбаевты қосып берді. Осы Берік Рысбаевтың айтуына қарағанда, қорықтың күзетшілері мылтық, тіпті автомат та асынып жүреді екен, бірақ олар қаруларын аң-құсқа емес, браконьерлерді құрықтауға ғана қолданатын көрінеді. Өздері тіпті қасқырды атуға да қақылары жоқ екен. Қорықтың ең үлкен көлі Теңіздің ащы сулы екенін жоғарыда айттық қой. Бірақ ол жәй ғана ащы емес, әлемдік теңіз суларынан 5-6 есе ащы көрінеді. Қазақ «теңіз» деген атауды да оған тегін бермеген, көлдің ұзындығы 80, ені 40 шақырымға жуық. Өзі Ақмола облысының Қорғалжын, Егіндікөл және Қарағандының Нұра аудандарының шегіне созылып жатыр. Осы қорықта үйреншікті аққу, қаз, үйректен басқа аққұтан, қызыл жемсаулы қарашақаз, тұрпан, қара дегелек, бірқазан секілді сирек құстарды да көптеп кездестіресіз. Солардың ішіндегі ең атақтысы – дүние жүзінде өте сирек кездесетін қызғылт қоқиқаз. Ол Қазақстанда осы Теңіз көлінде ғана ұя салып, жұмыртқа басады. Қанатының асты қызғылт болып келетін олар топталып ұшқан кезде аспанда қызыл алау жалындап бара жатқандай болады екен. Керемет. Әлемет көрініс! Оны қызықтау үшін жақын маң түгіл алыс шет елдерден жыл сайын екі мыңнан артық туристер, зерттеушілер, орнитолог-ғалымдар келетін көрінеді. «Балам үшін мұнда келемін, күнім үшін анда барамын» дейтін осынау адал құстың күз бен қысқа баратын жері Ирак, Иран елдері екендігі анықталған. Жыл сайын 20 мыңға жуық басы келіп, балапанымен 25-30 мыңға жуықтап кететін көрінеді. Бұл құстың Теңіз көліне ғана келетін бір себебі – мұнда басқа жерде өте сирек кездесетін жемі – шаяншалар (рачки) кездесетін көрінеді. Ғылыми тілде оны «артемия салина» деп атайды. Бұл бір ерекше шаяншалар, суыққа да, ыстыққа да өте төзімді. Олардың жер бетінде өмір сүріп жатқанына 195 млн. жыл болыпты. Қоқиқаздың қанатының қызыл болатыны осыны жегеннен деген сөз бар, бірақ ол ғылыми түрде дәлелденген емес. Соңғы жылдары қорық басынан осы шаяншаларды жинап, Қытайға қымбат бағаға өткізіп жатыр деген әңгіме де гулеп тұр екен. Ал Қытайда одан неше түрлі қымбат бағалы заттар жасалатын көрінеді. Соның кесірінен шаяншалар азайып, жем болмаған соң қоқиқаз да кеміп барады-мыс деген лақаптар тарапты. Бұл әңгімелер негізсіз емес көрінеді. Бізді бастап алып жүрген Б.Рысбаев қорықтың ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің бастығы ретінде бұл әңгімеден де хабары мол болып шықты. Былтыр бірнеше браконьерді, соның ішінде 100 қаптай жинап алған біреулерді ұстадық. Қорық аумағы өте үлкен. Ондайлардың қай тұстан келіп жатқанын бақылау қиын. Ең бастысы оларды жазалайтын заң бабы жоқ, тек қорыққа заңсыз кіргендігі үшін ғана әкімшілік жазаға тарта аламыз. Қылмыстық кодексте осы істің жазасы белгіленуін депутаттарға айтқанбыз, алайда әлі заң шыққан жоқ, деді ол. Осы мәселені аяқсыз қалдырмай, шешу қажет екендігі көрініп тұр. Қорық жайлы әңгімені тұжыра кететін болсақ, ол 2007 жылы IBA-ның «Аса маңызды орнитологиялық аймақтар» тізімінің, 2008 жылы ЮНЕСКО-ның «Табиғи мұралар» қатарына енгізіліп, 2012 жылы тағы да сол ЮНЕСКО-ның шешімімен Қазақстандағы жалғыз биосфералық резерват деп танылған екен. Қорғалжынның өз басында эко-музей бар, осы мекеменің қызметкерлері Интернет арқылы дүниежүзіндегі танымал әріптестерімен байланыс орнатқан. «Визит-орталығы» деп аталатын бұл музей еуропалық стандарттарға сай, кімге көрсетсе де ұялмайтын сәулетті ғимарат. Қорғалжынға келеті н шетелдік экотуристер саны, жоғарыда айтқанымыздай, екі мыңнан асады. Ал қызықтап келетін өз азаматтарымыздың саны жылына үш мыңдай болады екен.
Жолдың жыры жеткілікті Алайда осы туристер келетін жол қандай десеңізші?.. «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» демекші, Қорғалжынның атағы жер жарған даңқымен салыстырғанда жолы мүлде жоқ деп айтуға болады. Еліміздің барынша дамыған 30 елдің қатарына ену жолындағы ең ақсайтын дүниесі де осы – жолдар екенін мойындау керек. Соның бір көрінісі Қорғалжында екен. Астана – Қорғалжын трассасы Целиноград ауданы аяқталған сәттен бастап текіректей бастайды, ал Қараегін ауылынан әрі жол емес, тек шұңқыр, жарықбаспен ғана жүруге тура келеді. Республикалық маңызы бар жол болғандықтан мұны жөндеу, жаңалау Көлік және коммуникация министрлігіне қарайды. Бірақ оларға талай айтылса да, жазылса да ондағы шенеуніктердің Қорғалжын жолына қолдары тимейтін сияқты. Алыс шет елдерден өз көліктерімен келетін туристер Астананың дәл түбіндегі жолдың (135 шақырым) осындай болғанына қайран қалатын шығар-ау. Ал бұл жәйттің экотуристердің арасындағы журналистердің аузымен миллиондаған адамға жетіп жатқанын айтпағанның өзінде 2 мың туристің әрқайсысы кемінде 10 адамға айтса да Қазақстанның имиджіне, халықаралық беделіне орасан зор нұқсан келерін ешкім ойламайтын сияқты. ХХІ ғасырда жолдары, кемпингі, сервисі жоқ деп Африка елдерін айтатыны сияқты шетелдік журналистер Қазақстанды да түсірген деректі фильмдерінде кекесінмен атап өтіп жатары сөзсіз. ЮНЕСКО-ның «биосфералық резерват» деп елімізде атақ берген жалғыз жерінің жолы әзірге осылай. Ал жол салынса Қорғалжында туризмді дамытуға мол мүмкіндіктер бар. Көл жағаларына бармай-ақ ауылдарда еуропалық стандарттармен демалыс үйлері салынса... алыс шет ел ғана емес, сенбі-жексенбіде Бурабайдан басқа баратын жер таппайтын шенеуніктердің өздері-ақ қаптап барар еді. Қазіргі машиналарға 135 шақырым деген жақсы жолда бір-ақ сағаттық қашықтық емес пе? Әзірге, Қорғалжынның өз басында демалыс Іскерлік ізденіс іздері үйлері жұмыс істей бастапты. Соның бірі – Марат Әлімжанов деген азаматтың қарағайдан қиып салған үйінде өзіміз де қонып шықтық. Ауасы қандай! Тасқа қамалуды ғана білетін басымыз аз ұйықтағанның өзінде қатты сергіп қалдық. Өзі аудандық музыка мектебінде директор, әрі «Дударай» ансамблінің жетекшісі. Әнші, композитор жігіттің несиеге демалыс үйін салып, ондаған қонақты қарсы алып жатқанына риза боласың. Әттең, еуропалық тәжірибе ғана жетіңкіремей тұр. Оны үйрену үшін бірер шет елдерге барып келсе жетіп жатыр еді деп ойлаймыз. Өкіметтің жұмысында жүріп-ақ кәсіпкерлікпен айналысып, соның ішінде мал басын көбейтіп жатқан жігіттер мұнда көп екен. Бізге қорықты аралатқан, жоғарыда айтылған, Қайыр Рысбаев та 30 бас сиыры барын айтып отырды. Жем-шөбін де уақытты тауып беремін, қорасын да салып алдым, ерінбесең бәріне де қол жеткізуге болады, дейді ол. Қорғалжын ауданы атағы жер жарғанымен 9,5 мың ғана халқы бар шағын өңір. Соның 3 мыңдайы аудан орталығының өзінде тұрады. Аудан әкімі Қайыр Рыскелдинов осы елдің тумасы болмаса да Қорғалжынның тарихын зор мақтанышпен айтып отырды. Өзім Алматы облысындағы Сарқанд ауданының тумасымын. Елге барғанда құрдастарым 9 мың халқы бар аудан да бола ма екен деп таңданады. Сонда мен: сіздердің 70 мың тұрғындарыңыздың арасынан неше депутат шықты деймін. Сөйтсе, оларда біреу де жоқ екен. Ал біздің шағын Қорғалжыннан Парламентте 3 адам отыр деп мақтансам, жұмған ауыздарын аша алмай қалады, дейді ол. Шынында, Сенаттағы ең белсенді депутаттың бірі Светлана Жалмағамбетова, Мәжілістегі Жамбыл Ахметбеков пен Талғат Ерғалиев осы ауданның тумасы екен. Орынды мақтаныш, алайда Қорғалжынның жолын салуға осы үш бірдей парламентарийдің жабылып жүріп неғып ақша бөлдіре алмай жатқанына ойланып қаласың... Жолы болмаса басқа жағынан Қорғалжын құлазып қалған жоқ, қозғалыс үстінде екенін көріп қайттық. Мысалы, Амангелді ауылында бір іскер азамат мың бас жылқы өсіріп отыр екен. Сабындыда 50 пәтерлік үй саламыз деседі. Осы ауылдың бір азаматы демалыс үйлерін салуды да қолға алып жатқан көрінеді. Жантекеде «Сыбаға» бағдарламасымен несие алған Нұрбақыт Досымбаев деген азамат бір мың бас мал өсіріп жатыр. Сабындыдағы Ибалиев Жанболат деген азамат шағын сүт зауытын ашамын деп талпынып жатқан көрінеді. 70 бас сиыры бар екен, енді соны 150 басқа дейін көбейтуді көздеп отырған сыңайлы. Мұндай мысалдар көп. Жалпы, Қорғалжын бойынша 603 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Аудан негізінен мал шаруашылығымен айналысады. 19,5 мың қара мал, 24 мың қой-ешкі, 10 мың жылқы, 20 мыңдай құс бар көрінеді. Осының бәрін 9,5 мың халыққа бөлсең, аз емес. Толық шешілмеген ауыз су мәселесі бойынша арпалыс жүріп жатыр екен, жаңа министрлік магистральді су құбырларын ғана тартамыз, ал су бөлетіндерге өздерің ие боласың дейтін көрінеді. Оған біздің шамамыз жетпейді, ауыз суды ауылдарға дейін өздеріңіз тартып беріңіздер деп бұлар талап ететін көрінеді. Әрине, күресу керек. Бұрын бәлен мың гектарлап жер алып алғандар көп көрінеді, солардың қолданылмай жатқан жерлерін қайтару жұмысы да қызу қолға алыныпты. Әзірге 10 мың гектардайы қайтарылып, іспен айналысамын дегендерге беріліп жатқан көрінеді. Қорғалжынның тағы бір жетістігі: Кеден одағының арқасында Ресейге ет шығаруға қол жеткізіпті. Былтырғы жылдың аяғында Мәскеуге алғаш рет 16 тонна апарған екен, биыл 300 тоннаға келісімшарт жасалыпты. Мұны істеп жатқан Қорғалжын аумағындағы «Астана-Агропродукт» ЖШС. Ол Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаға енген жобаны іске асыруда. Бір қызығы, Қорғалжынның қойы мен жылқысының еті атышулы ресторандарда 15 минөтте дайын етуге болатын сапалылардың қатарына іліккен екен. 2900 ағашты Жетісудан жеткізген Аудан әкімі Қайыр Рыскелдиновтың жеке өз басының да бір патриоттық ісіне тәнті болдық. Ол өзі туып-өскен Жетісу жерінен 2900 түп ағаш жеткізіп, орталық жаңа саябаққа ектіріп тастапты. Бір қызығы, осынша байлықты бюджеттен бір тиын шығармай, жерлестерінің көмегіне жүгініп жеткізіпті. Осындай өрелі істердің болғанына қалай тәнті болмассың. Бұл саябақ тамыз айында, Рабиға Есімжанованың 100 жылдық мерейтойына арнап ашылатын болады, ескерткішін де орнатамыз, дейді әкім. Қорғалжында «Туран-Профи» халықаралық академиясымен бірлесіп 2012 жылы «Таңдау» атты еңбек ресурстарын дайындау орталығы да ашылыпты. Онда келушілер бірнеше жұмысшы-мамандықтарға дайындалады. Соның ішінде құрылысшылар, шаштараздар, дәнекерлеушілер бар. Орталық басшысы Бәтжан Мәтжанованың айтуына қарағанда, ауылдардан келіп, мамандықтар алғысы келетіндер саны артып келеді екен. Қорғалжынның мектебін, ауруханасын, мәдениет үйін де көрдік. Осылардың ішінде 1975 жылы салынған 45 орындық аурухананың халі ғана адам аярлық. Канализациясы істемейді, су жоқ, тек таңертең мен кешке бір сағаттан ғана беріледі. Науқастар қысы-жазы далаға жүгіруге мәжбүр. Бірнеше маман-дәрігер де жетіспейді екен. Осы ауруханаға күрделі жөндеу жүргізу үшін 110 млн. теңге бөлініпті. Бірақ әлі тендер өтпей, мердігер табылмаған. Осының бәрін бас дәрігердің міндетін атқарушы Фатима Смағұлова айтып берді. Қорғалжын орта мектебі 1928 жылы ашылыпты. Қазіргі 5 қабатты ғимарат 1964 жылы салынған екен. «Мәскеулік жоба» деп аталатын мұндай мектеп үйі басқа бірде-бір аудан орталығында жоқ деседі. Мектеп директоры Нұрлан Тәжиннің айтуына қарағанда биылғы қыркүйекте оның 50 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Төрт жүздей оқушысы бар. Түлектердің арасынан ондаған ғылым докторлары, архитекторлар, спортшылар шығыпты. Директор өз ісінің шебері екені көрініп тұр. Тіпті терезелердің саны 216 екенін де есіне сақтап, ұмытпай жүреді екен. Соның бәрін жөндетіп, мектептің өзі ескі болса да ішін жылы ұядай жайнатып ұстап отыр. Күрделі жөндеуден кейін жұтынып тұрған мәдениет үйін де көрдік. Оның ішіндегі кітапхананың оқу залы оқырмандардан арылмайтыны қуантты. Кейбір аудандарға барғанда кітапхананың қаңырап тұратынын көріп налушы едік, қорғалжындықтар ондай емес екен, бірнеше оқырман кітапқа үңіліп отыр. Әттең... Иә, әттең, тарихы осынша бай, атақты тұлғалары көп Қорғалжынның бірде-бір музейі жоқ екендігіне таң қалдық. Бір Торғайдың басында бес музейі болғанын да көріп едік, ал соншалықты атақты Қорғалжынның неге бұл істен қағажу қалғанын ешкім түсіндіріп бере алмады. Қаншама тарих, қаншама оқиға, қаншама тұлғалар есімі кейінгі ұрпаққа жетпей, көмескіленіп жатыр. Мұндай іс патриоттық рухты селкеулейтіні сөзсіз. Соның кесірі ғой... Ауданның қақ ортасына орнатылған атақты композитор Кенжебек Күмісбековтің ескерткіші кімдікі екенін өтіп жатқан жастардың бірі білсе, бірі білмеді. Қорғалжынның 80 жылдығына бір кітап шыққан екен, сол да еш жерден табылмады. Айтпақшы, Қорғалжынның дәл түбінде ХІ-ХІІ ғасырларда болған Ботағай (кейде Татағай дейді) қаласының орны табылыпты. Бұл қала туралы мәліметтер Г.Спасский, А.Левшин, Л.Семенов, Ш.Уәлиханов және т.б. басқа зерттеушілердің еңбектерінде бар екен. 1949 жылы осы жердегі ғибадатхананың қалдықтарын Ә.Марғұлан бастаған қазақстандық ғалымдар да қазған. Қазір соның орнына қорғалжындықтар биік, сәулетті кесене орнатып қойыпты. Тек енді тарихын тереңірек жазып, келгендерге тебірене қарайтын мәлімет іліп қойса, бұл кесене де көз тартарлық сәулет. Міне, Ақмола төңірегіндегі қазақтың қаймағы бұзылмаған жалғыз аудан – Қорғалжын өңірінің бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай екен. Ол да елмен бірге емірене ұмтылып, барынша дамыған 30 елдің ортасына жетуге тырысып келеді.
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы. Суреттерде: аудан әкімі Қайыр Рыскелдинов; Қорғалжын өңірінің аң-құстары.