Қоғам • 20 Қазан, 2022

Діндарлығымыздан даңғойлығымыз басым-ау...

3814 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының қысы қатал екені мәлім. Соны ескерген «Қызылжар» облыстық орталық мешітінің басшылығы осыдан он шақты жыл бұрын Петропавл қаласының мұсылмандар зиратында дүниеден озған адамдарды ақтық сапарға шығару кезінде діндарлардың жарыса Құран оқуын тоқтатқан болатын. Тек мешіт өкілі қысқа аят бағыштап, «Осымен тәмам!» деуге көшкен-ді.

Алайда осы орынды пәтуаны ауылдардағы молдалардың бәрі бірдей жергілікті жамағаттың санасына сіңіріп, бірыңғай тәртіп орната алмай келеді. Кей жерлерде қақаған аязды күні де қабірдің төрт бұрышынан төрт адам аят оқитын дәстүр шығарып алыпты. Ал қайсыбір ауыл­да діндарлардың жарыса аят оқуы әлі күнге жалғасып жатыр. Бұған тіпті жұртқа өнеге айтып, ортақ тәртіпке шақыратын жөні бар, әжептәуір қызмет атқарып жүрген азаматтар да ауылдағы туысы қайтқан кезде еш қарсылық білдіре алмай, көптің ыңғайына жығылып жүргенін көріп жүрміз. Қызылжармен ауылы аралас, қойы қоралас Көкше өңірінде де осылай болып шықты.

«Бірде шалғайдағы бір ауылға қайтыс болған жамағайынды жерлеуге бардық. Қатты аяз еді. Соған қарамастан қабір басында жарыса аят оқу басталды. Біз сияқты қаладан келген ағайындардың көбінің аяғында табаны жұқа, қонышы қысқа етік. Суық өтіп, денемізді дірілдетіп әкетіп барады. Кемі жеті-сегіз адам аят оқыды-ау деймін. Сол сәтте шеттен келген жасы үлкен ақсақалдың бірі: «Өңшең дүмше немелер, қашан доғарасыңдар?! Аят оқу бәсекесіне келіп пе едіңдер?! Орталық мешітіміздің қабір басында Құран бір-ақ рет оқылсын деген пәтуасын неге тыңдамайсыңдар? Аяғымыздан суық өткізіп ауыру үшін келдік пе мұнда?!», деп айғайға басты. Сөйтіп, жанымыз қалды...», дейді көкшетаулық жолдасым.

Демек солтүстік өңірлердегі мешіттердің басшылары алдымызда «кәрі құда» – қыс қылышын сүйретіп келе жатқанын ескеріп, өлім жөнелту кезіндегі жарыса аят оқу «дәстүрін» тыю мәселесіне тағы бір назар аударып, тиісті шара қолданса, құба-құп болар еді. Мұның өзі халық денсаулығын сақтау үшін маңызды екені даусыз.

Ел ішіндегі өлім-жітім жөнелту салттары да ойландырмай қоймайды. Қимас кісісінен айырылып бір қиналған кедей адам оны ақтық сапарға аттандыру үшін тағы да қиналатыны рас. Осындай тығырыққа тірелген кезде көмек қолын созатын бақуатты ағайын табылса немесе Көкше өңіріндегі бірқатар ауылдағыдай көрші-қолаңдары қарайласып, ауыртпалықты бірге көтеріссе, ол – әрине, қаралы үй үшін үлкен жеңілдік. Әйтпесе, шынында да, «өлім жоқтың артын ашады» дегендей, кедейлер қиын жағдайға тап болып жатады. Осыны ескерген Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі, жергілікті мешіт, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі бұдан бірнеше жыл бұрын өзара ақылдаса келіп, кісі жерлеу рәсімінен кейін берілетін ас мәзірін шектеуді ұйғарған. Мешіт асханасына жиналған жамағатқа дастарқанға тек май, бауырсақ, нан, кәмпит қойып, шай беру жеткілікті деп тапқан. Бұл бастама тұрмысы төмен ағайындарға қолайлы екені анық. Ал бай-бағландар мен ауқатты туыс-туғаны көп кісілер асқа жылқы соятын байырғы дәстүрінен жаңылған жоқ. Тек жергілікті мешіт басшылары астауға салынып берілетін етті дастарқанға турап әкелген жөн деп ұйғарыпты. Алайда бұл пәтуаны да жергілікті жұрттың бәрі бірдей қолдай қоймапты. «Осы ас үшін әдейі семірткен малымыз еді. Дастарқанға мүшелерін турап әкелмей, жұртқа көрсетіп бергіміз келеді...», деп даңғойланатындар аз емес көрінеді.

«Бертінде әкесі дүниеден озған бір кәсіпкер дастарқанға етті турап әкелуге қарсы болып, орталық мешіттің бас имамына мені ертіп барды. «Екі мейрамханада ас бергелі жатырмыз. Сізден өтініп сұрайтыным – етті турамай, мүшелерін астауға тұтас күйінде салуға рұқсат беріңіз», деді. Бас имам сәл ойланып барып: «Онда сіз мешітке садақа беріңіз», деді. «Қанша берейін?», деп сұрады кәсіпкер. «Екі мейрамхана үшін екі жылқының құнына тең қаржы шығарыңыз», деді бас имам. Шамасы, ол кәсіпкер бұл шартты қабыл алмайтын шығар деп ойласа керек. Бірақ кәсіпкер бірден келісім беріп, бас имамның көзінше мешіттегі садақа жәшігіне бір миллион теңгені менімен бірге санап салды. Сөйтіп, бас имамның шегінетін жері қалмады...», дейді жолдасым.

Иә, біздің діндарлығымыздан даңғойлы­ғымыз басым-ау әлі...