Қоғам • 20 Қазан, 2022

Шаттыққа толы шаңырақ

503 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шаңырағына шуақ шомып, шаттық ұялаған, берекетті тірлігін күйттеп, парасатты перзент тәрбиелеуді мақсат еткен отбасы – алтын ұя. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, ұл мен қыздың тәрбиелі, елжанды, көргенді болып өсуі, ел мен жерге қызмет етуі отбасы, әке-шешеден алған тәрбиеден тамыр алады.

Шаттыққа толы шаңырақ

Қазақ даласындағы бірлігі бекем, тәлімі терең берекелі де базарлы отбасыларды тауып, оларды мерейлендіре марапаттау, елге таныту, үлгі етудің маңызы зор. Қазір түрлі себепті сылтау етіп, тұрмыстық қиындыққа төтеп бере алмай, мінездегі мін­мен келеңсіз жағдайларға, қайғылы оқиғаларға жол беріп қойып жатқан отбасылар аз емес. Соның салдарынан балалар да зардап шегуде. Осы орайда отбасы институтын, адамгерші­лік­ті, руханилықты нығайту, ерлі-зайыптылықтың маңызын тану, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, отба­сылық құндылықтарды, кәме­летке толған балаларының ең­­бекке қабілетсіз және егде жас­тағы ата-аналарына қам­қор болуын дәріптеу және қазақ­стандық отбасының жағым­ды имиджін насихаттау мақса­тын­дағы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының орны ерекше.

Маңғыстауда жыл сайын аталған байқауға қатысуға ниет­тілер саны артып келеді. Бұл – жақсылықтың нышаны. Биыл сегізінші рет өткен өңірлік байқауға облыстың аудандары мен қалаларынан мұнай-газ, білім, денсаулық сақтау, өнер, кәсіпкерлік және өзге де салалардан 59 отбасы өтінім берді. Байқауға көпбалалы отбасылар мен жас отбасылар белсенді қатысты. Осылайша, байқаудың облыстық кезеңіне 14 отбасы жолдама алды. Олардың ішінде ұстаздар династиясы, өнерлі әулеттер, кәсіпкер отбасылар, ата кәсібін ұрпақтан-ұрпаққа мирас еткен еңбек әулеттері бар.

Облыстық кезеңге өткен Ақтау қаласынан – Ешмұ­хановтар, Көшкінбаевтар және Тоқ­санов­тар отбасы, Бейнеу ауданынан – Себепбаевтар мен Өтежановтар, Қарақия ауданынан – Бегниязов­­тар мен Қонайұлы отбасы, Маң­ғыс­­­тау ауданынан – Ұзақбаевтар мен Тұңғатаровтар отбасы, Мұнай­лы ауданынан – Ізтілеуовтер мен Мотыевтар отбасы, Түпқараған ауданынан – Жәмиевтер, Ура­залиевтер және Жауыновтар отбасы – барлығы да өз өңірлеріне үлгілі үйелмен ретінде танымал. Сондықтан өздерін ұлттық отбасылық байқаудан көруге сенімді болғаны анық.

Алайда жүлде санаулы. «Ме­р­ейлі отбасы-2022» ұлт­тық байқауының облыстық же­ңімпаздарын анықтау жө­нін­дегі өңірлік комиссияның шеші­міне сәйкес 1-орынды – бейнеулік Себепбаевтар отбасы, 2-орынды – Маңғыстау ауданынан қатысқан Тұңғатаровтар отбасы және 3-орынды Түпқараған ауданынан келген Жауыновтар отбасы иеленді. Сондай-ақ сайыстың облыстық кезеңіне қатысқан 11 отбасына лауреат атағы беріліп, жеңімпаз отбасылар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Республикалық кезеңде Маңғыстау облысының отбасылық мерейін көтеріп, мәртебесін арттыру Себепбаевтар отбасына бұйырды.

Әулеттің үлкені Лесбай Себепбаев 1935 жылы Маңғыс­тау ауданы, Жыңғылды ауылын­да дүниеге келді. 1983 жылы қара­көл қойын өсіретін кеңшар ұйымдастыруға байланысты құ­рылған Сыңғырлау кеңшарында бас инженер, кейін ұзақ жылдар білім ағар­ту саласында еңбек етіп, Сыңғыр­лау ауылдық ақсақалдар кеңе­сінің төрағасы қызметін атқар­ды. Лесбай Себепбаев 71 жасында өмірден озды. Отанасы Күләш Түйешиева 1940 жылы Маңғыстау ауданы­ның Жыңғылды ауылында дүниеге келген. «Батыр ана», он саусағынан өнер тамған ісмер, қазақтың қолөнерін қастерлеген қолөнер шебері. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қазақтың ұлттық киімдерін тігуді қолға алып, тігіншілікпен айналысып келеді. Отағасымен бірге 11 ба­ланы өсіріп, бүгінде  41 не­мере, 46 шөбере көріп отырған еңбек­қор үлгілі отбасы. Отбасынан өрбіген балалары арасында мұнай саласының шеберлері бар, білім саласында Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасы және Алғысхаттарымен, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен мара­патталған тәжірибелі ұс­таз­дар бар. Енді бірі – мәде­ниет саласының кәсіби маманы ретінде өңіріміздің тарихы мен этнографиясын зерттеуге, наси­хаттауға атсалысып жүрген үздік қызметкер. Себепбаевтар от­басы – 11 бала, 41 немере, 46 шөбере тәрбиелеп өсіріп отырған, отбасы мүшелерінің саны 100-ге жеткен үлкен қарашаңырақ. Әулеттен 16 мұғалім, 11 жеке кәсіпкер, 7 мұнайшы, 5 эколог, 3 кі­тап­ханашы, 4 мемлекеттік қыз­меткер, 2 «Алтын белгі», 5 «Үздік аттестат» иегері шыққан. Қазіргі таңда немеренің үлкені 35 жастағы жеке кәсіпкер болса, шөберенің алды – 18 жастағы студент.

«Балаңды өз тәрбиеңмен тәр­бие­леме, ұлтыңның тәрбие­сі­мен тәрбиеле» деген тәмсілді ұстаным еткен отбасы үлкендерді құрметтеу және сыйлау, адамгершілікті жоғары қою, адал еңбек етуді негізгі бағыт етіп алған.  

Маңғыстаулықтар ынтымағы ұйыған Себепбаевтар отбасы­ның республикадан жүлделі ора­луын күтуде. Берекелі отбасы – ұлт  байлығы, мемлекет тірегі. «Мерейлі отбасы» байқауына қатысатын отбасылар санының азаймауы көңіл қуантады.

 

Маңғыстау облысы