Жоба арнайы мемлекеттік бағдарламасы аясында Шымкент қаласының денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2026 жылға дейінгі өңірлік перспективалық жоспарына сәйкес іске асырылуда.
Қос нысан да жеке инвестор – «Оңтүстік» қаржы сауда-өнеркәсіптік корпорациясы» холдингі есебінен салынады. Осынау жобаны іске асырудың нәтижесінде, қалада жаңадан 2,5 мыңнан астам жұмыс орны пайда болады.
Аталған іс-шарада алғашқы болып сөз алған шаһар басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында денсаулық саласын дамытуға көп басымдық бергенін атап өтті. «Жалпы, ел экономикасы мен халықтың денсаулығы арасында тікелей байланыс бар. Себебі дені сау ұлттың экономикасы да мықты болады. Экономикалық дамудың әлемдік тәжірибесі көрсетіп отырғандай, дені сау ұлт тиімді экономиканы қалыптастырады. Ұлт саулығы мен өндірістік ресурс кез келген қоғамдық жүйенің басты байлығы болып саналады. Осы орайда қаламызда жаңа заманауи аурухананың салынуы халыққа медициналық көмектің сапасын арттыруға септігін тигізеді. Сонымен бірге төсектік орын тапшылығы қысқарып, мегаполис тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық қызметтер алуға зор мүмкіндік туады», дей келе қала әкімі заманауи емдеу, диагностикалық мекемесінің құрылысына мұрындық болған «Оңтүстік» қаржы сауда-өнеркәсіптік корпорациясы» холдингінің, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ұжымына және С.Сейітжанұлына белсенді азаматтық ұстанымы мен шаһардың денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде «САУТС-Ойл» компаниясының президенті С.Сейітжанов мегаполисті көркейту, дамыту жолында аянбай еңбек етуге дайын екенін жеткізді.
«Шымшаһардың гүлденіп, түрленуіне әрбіріміз үлес қосқанымыз жөн. Өйткені Шымкент – біздің ортақ үйіміз. Ал ұлт саулығы Қазақстан болашағы үшін өте маңызды. Дені сау ұлт қана Отанын өркендете алады», деді ол.
Қала әкімдігі тарапынан да бұл бастамаға жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Қазіргі таңда «Бозарық-2» шағын ауданынан аурухана құрылысына жалпы ауданы 150 гектар жер бөлініп, аталған жер учаскесіне қажетті инфрақұрылым жүйелері – электр жарығы, табиғи газ, су, кәріз жүйесі және байланыс желісі тартылды. Жауапты мамандардың айтуынша, алдағы уақытта құрылыс жұмыстары барысында қос нысан жол және оған қажетті тиісті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіледі.
ШЫМКЕНТ