Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған ХХІ ғасырдағы еуразиялық интеграция – жаңа, өркениетті қарым-қатынастың қалыптасуы мен дамуына серпін беретін жаңашыл қадам.
Еуразиялық экономикалық одақ идеясын әлеуметтік бағдары нақтыланған мемлекеттерді құруға мүмкіндік беретін жоба деген сеніммен қабылдаймыз. Еуразия кеңістігінде ғасырлар бойына бірігу мен бөліну үдерісі алмасып отырды. Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа өркениеттің даму бағдарламасын ұсына отырып, осы екі үдерістің басын қосты, бір арнада тоқайластырды. Оның идеясында тарихи уақыт пен жаһандық кеңістік біріктіріліп, тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға, еңсесін тіктеген елімізді әлемдегі алып мемлекеттердің қатарына қосуға негізделіп отыр.
Елбасы бір сөзінде айтқанындай, біздің елімізде халықтың саны 17-ақ миллион, нарығымыздың тар екені белгілі. Бұдан әрі өсіп-өркендеу үшін бізге көсіле қанат қағатын нарық кеңістігі керек. Өз тұтынушыларымызбен шектеліп қалатын болсақ, экономикамыз өспейді. Сондықтан да Мемлекет басшысы саналы жұртқа ұғынықты етіп жеткізгеніндей «біз үшін интеграция деген ойын емес, саясат емес, ол – өмір».
Жаһандану дейтін өмірдің өз талабынан туындаған заманауи үдеріс жүріп жатыр. Бұл, сөз жоқ, экономикалық әлеуеті қалыптаспаған, рухани тірегі тайған елдерді жұтып жіберетін жойқын механизм. Келешегін ойлаған мемлекеттер өзара экономикалық кеңістік аясында, ресми тығыз байланыстар мен қарым-қатынастарды нақтылау нәтижесінде бір мүддеге пәтуаласып, жаһанданудың құрбандығына емес, қайта алып механизмнің тетігіне айналуды көздеп отыр. Ел десе елі, жер десе жері, тарихы мен қазынасы тасыған Қазақстанның, халқын тар кезеңге түсірмей, терең өзекке тұқыртпай, сара жолмен көш бастаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған бүгінгі бағдары да жаһандануға жұтылып кетпеуге жасалған ерен еңбек емес пе.
«Бес саусақ бірдей емес» демекші, қоғам болған соң оның әртүрлі мүшесі бар. Бірдеңені біліп сөйлейтін де бар, кісіге еріп, жүріп сөйлейтін де болады. Пиғылы бөлектердің тұрлаусыз пайымы мен әсіре айғайшыл әрекеті қалың қазақ, аңғал жұртты адастырмаса екен деп тілейсің. Көршілес орыс халқы өз президентінің маңайына бірлесіп бүгінде күллі әлемге өз ықпалын жүргізуде, үлкен саясатқа өз мүддесін өткізуде. Көп боп қорқытып, терең боп батырғандай бұл тірлік Ресейдің ұйысқан ел, тұтасқан қоғам екендігімен өзгеге сес. Мәселенің байыбына тереңдеместен бұра тартатын кей замандастың әрекетін байқағанда көңілің құлазып, жаның жабырқайтыны да содан.
«Саясатпен тек саясаткерлер айналыссын, экономика туралы тек экономист мамандар бас қатырсын» деп ел тағдырына тікелей байланысты сәт туғанды сыра салмай, қоғамның әр мүшесі мемлекет билігіндегі азаматтарымызға қолдау көрсетсек, ол халқымыздың саяси сауатының көтерілгені, ұлттық рухының өскені болмай ма?! Халқымыз үшін жанымыз ашиды екен, неге халықты ұйыстырар сөз айтпасқа. Ұлттың пайдасын ойлаған адам ұлы істерге қолдаушы болмас па дейсің.
Айтпағым, келешек ұрпақ, кемел ел үшін бүгін барша қазақстандықтар бір мүдде, бір тілектің аясында бас қосып, күш біріктіруіміз керек. Жаңа заманға жасампаз қадамды бірге жасайық!
Серғазы ИМАМБЕТ,
картограф-ғалым.
АЛМАТЫ.