24 Мамыр, 2014

Форум аясында өзгермелі климатқа ауыл шаруашылығын бейімдеу мәселелері талқыланды

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
VII Астана экономикалық форумы аясында қазіргі өзгермелі әлемдік климатқа ауыл шаруашылығы саласын бейімдеуге арналған сессия болып өтті. Сессия жұмысына танымал саясатшылар, Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, таяу және алыс шетелдерден ауыл шаруашылығы саласындағы ғалымдар мен мамандар, сарапшылар қатысты. Іс-шара барысында панельдік сессияға қатысушылар климаттың өзгеру проблемасын және оның ауыл шаруашылығының дамуына әсерін талқылады. Отандық және халықаралық сарапшылардың ғылыми зерттеулері негізінде жер шаруашылығы жүйелерін дамыту және өзгермелі климатқа Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы саласын бейімдеу бойынша бірқатар ұсыныстарды әзірледі. Панельдік сессияны ашу кезінде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков климаттың өзгеруінен туындайтын қатерлерден бәрінен бұрын ауыл шаруашылығы саласы зардап шегетінін атап өтті. Аграрлық саланың климаттың өзгеруіне тұрақты болуы үшін салдарды бағалауды, ұзақ мерзімді бейімдеу үшін институттық әлеуетті өсіруді және табиғи апаттардан туындайтын қауіптерді басқару жүйесін құруды қарастыратын тиісті саясат жүргізілуі тиіс. Сессияда Сауд Арабиясы Король­дігінің Ауыл шаруашылығы министрі Фахд бен Абдуррахман Балгунейм, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы өңірлік директоры Владимир Рахманин, Беларусь Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бі­рін­ші орынбасары Леонид Адамович Маринич, Орталық Азия үшін Дүние­жүзілік банктің өңірлік директоры Сародж Кумар Джа, ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Н.Қап­паров және Greenport Holland International президенті Херман де Боон сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды. Панельдік сессияның қоры­тын­ды­сында өзгермелі климатқа ауыл шаруа­шылығын бейімдеу мәселелері бойынша ұсыныстар әзірленді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар