24 Мамыр, 2014

Өзара іс-қимылдар жайы қаралды

291 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Парламент Сенатының Төрағасы  Қасым-Жомарт Тоқаев Болгарияның бұрынғы президенті, қазіргі Жаһандық үнқатысу және ынтымақтастық орталығының басшысы Петр Стояновпен кездесті. Әлемдегі ауқымды өзгерістер тұрғысында қазіргі кездегі өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері тал­қыланды. П.Стоянов Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференцияның жалпы сессиясындағы Президент Н.Назарбаевтың саясат пен эко­номикадағы шиеленісті жағ­дайларды реттеу жөніндегі сөй­леген сөзінің ерекше маңызын атап өтті. Болгар өкілі Қазақстан ли­дерінің Венада Жаһандық үнқатысу және ынтымақтастық орталығында баяндама жасайтынына және ол еуропалық сая­саткерлер, эконо­мистер және пар­ламентшілер қауымына «G-Global» қызметін терең түсінуге мүмкіндік береріне сенім білдірді. Сенат Төрағасы БҰҰ Бас хат­шысының орынбасары, БҰҰ Бас хатшысының Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы және аз дамыған елдер мен шағын аралдағы мемле­кет­тер жөніндегі Жоғары уә­кі­лі Гьян Чандра Ачарьямен де кез­дес­ті. БҰҰ Уәкілі Астана эко­но­ми­калық форумының нәтижелерінен алған әсерлерімен бөлісе отырып, трансеуразиялық көлік дәлі­зінің дамуына ерекше назар аударды. Оның пікірінше, Қытай мен Еуропа арасындағы теңіз қаты­нас­тарынан гөрі теміржол арқы­лы жүк тасымалдаудың бірқа­тар артықшылықтары бар. Ол Қа­зақ­станның инфра­құры­лым­дарды дамыту мен осы саладағы халық­ара­лық әріптестікті дамытуды іс жү­зінде күшейтуіне қолдау білдірді. Қ.Тоқаев Қазақстан Президенті Н.На­зарбаевтың таяудағы Қы­тай­ға ресми сапары барысында таныстырылған көлік және логистика саласындағы ірі жо­ба­лардың маңыздылығына, сон­дай-ақ ҚХР Төрағасы Си Цзинь­пин ұсынған Жібек жолы төңіре­гін­дегі «экономикалық белдеу» жо­ба­сының келешегіне назар аударды. БҰҰ Сауда және даму жөнін­дегі конференциясының (ЮНКТАД) Бас хатшысы Мухиса Китуи­мен кездесу кезінде Қ.Тоқаев жүз­десушіні ЮНКТАД-тың алдағы маусымдағы 50 жылдығымен құт­тықтады. «Біз ЮНКТАД тара­пы­нан, әсіресе, кеден қызме­тін жаң­ғыр­ту саласындағы техни­ка­лық және сараптамалық қолдау­ды жоғары бағалаймыз», деді Сенат Төрағасы. Ол сондай-ақ елі­міздің 2050 жылға дейінгі даму Стра­тегиясында шағын және ор­та бизнесті дамыту басты ба­ғыт­тардың бірі болып белгіленгенін және осы салада Қазақстан ЮНКТАД-пен өзара жемісті іс-қи­мылға сенім артатынын атап өтті. М.Китуи Астана экономикалық форумының аясында ЮНКТАД-қа арналған арнайы сессияның табысты өткеніне тоқталды. Оның айтуынша, жаһандық эконо­мика үшін күрделі кезеңде инфра­құрылымдарды және транс­ше­каралық транзакцияны жетілдіру секілді көптеген мәселелерді шешу үшін әлемде теориялық үл­гі­лер жоқ кезде Қазақстан көре­ген көшбасшылығын паш етіп келеді. М.Китуи кедендік әкім­ші­лендіруді жетілдіруде, ДСҰ-ға кі­руде және «Бизнесті жүргізу» көр­сет­кіштерінде алатын орнын жақ­сар­­туда ЮНКТАД Қазақстанға одан әрі жәрдемдесуге әзір екенін жет­кізді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.