Экология • 20 Қазан, 2022

«Қар барысын сақтайық!»

788 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін елордадағы «Барыс Арена» мұз сарайында Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Магнитогорскінің «Металлургімен» өткізеді. Матч аясында Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасы (БҰҰ ДБ) мен «Барыс» хоккей клубы «Қар барысын сақтайық!» экологиялық акциясын ұйымдастырмақ.

«Қар барысын сақтайық!»

Жыл сайынғы акция 23 қа­занда дүниежүзінде атап өті­летін Халықаралық қар барысы күніне орайластырылған. Дәстүрлі іс-шара әлемде өте сирек кездесетін және жойылып бара жатқан қар барысын сақтап қалу, жұртшылықтың назарын аудару мақсатында өткізіледі.

«Барыс Арена» мұз са­райының аумағында ұйымдас­тырылатын «Қар барысын сақтайық!» экологиялық акциясы аясында жанкүйерлер үшін тақырыптық фотоаймақ, еліміздің табиғатында түсі­рілген ілбістің бірегей кадр­ларының фотокөрмесі, арнайы сыйлықтар ойнатылатын викторина, балаларға арналған аквагрим және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ матчты тамашалауға келген әрбір жанкүйер кәсіби сурет­шілермен бірлесіп қар барысы тақырыбында сурет салуға қатыса алады.

Қазақстан халқының басым бөлігі, өкінішке қарай, қар барысының популяциясын сақтаудың маңыздылығы мен оның жойылу себептері туралы біле бермейді. Адамдардың табиғатқа бейжай қарауы, эко­жүйелердің бұзылуы, бра­коньерлік және климаттың өз­­­геруі қар барысы санының қыс­­­қаруының негізгі себептері еке­­ні белгілі.

Қар барысы жойылып ке­ту қаупіне байланысты Ха­лықаралық табиғатты қор­ғау одағының «Қызыл кітап» тізіміне және жануар мекен ететін барлық 12 елдің, со­ның ішінде Қазақстанның да «Қы­зыл кітабына» енген. Бір айта кетерлігі, кейінгі 40 жылда Қазақстандағы ілбістің популяциясы шамамен 180-200-ден 135-170 басқа дейін қысқарған.

БҰҰ ДБ бірнеше жылдан бері Қазақстан Үкіметімен бірлесіп Ғаламдық экологиялық қордың (ҒЭҚ) қолдауымен қар барысының популяциясын қорғау және сақтау бастамасын іске асырып келеді. Атап айтқанда, ғылыми зерттеулер, браконьерлікке қарсы іс-қи­мыл, қар барысы мекендейтін орындардың қорғалуын күшей­ту, экологиялық ағарту, ұлттық заң­наманы жетілдіру бойынша іс-шаралар жүргізілуде.