Теннисшілердің статистикасын жүргізетін қосымшалардың бірінде Александр Шевченко расымен Қазақстанның атынан өнер көрсетіп жатқаны көрсетілген. Бірақ кейіннен теннисші ресейлік «Чемпионат» интернет-басылымына сұхбат беріп, Қазақстанның азаматтығын алмағанын айтқан. «Бұқаралық ақпарат құралдары дұрыс түсінбеген болуы керек. Мен Қазақстанның азаматтығын алған жоқпын. Әзірге барлығы түсініксіз болып тұр. Әрі қарай не болатыны да белгісіз», деп мәселені екіұшты етіп қойды.
Ресейлік спортшының бұл мәлімдемесінен кейін Қазақстан федерациясының баспасөз қызметі де аталған жайт туралы ресми түсініктеме берді. Онда Александр Шевченконың атынан федерацияға Қазақстанның азаматтығын алу туралы өтініш келіп түскені айтылады. «Бұқаралық ақпарат құралдарында Ресей теннисшісі Александр Шевченко спорттық азаматтығын өзгертті және ол бұдан былай Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді деген ақпарат тарады. Қазақстан теннис федерациясы Александр Шевченконың азаматтық алу мәселесі бойынша хабарласқанын растайды. Қазіргі таңда оның ұсынысы қарастырылып жатыр. Соңғы кездері шетел теннисшілерінен Қазақстан атынан ойнауға ұсыныс көп түсіп жатқанын да мәлімдейміз. Әр спортшының өтінішін жеке-жеке қарастырып, мұқият тексерістен өткіземіз. Шетел теннисшілерінің Қазақстан азаматтығын алғаны туралы нақты ақпарат шыққан жағдайда Қазақстан теннис федерациясы мұны жедел түрде өз жанкүйерлеріне хабарлайды», делінген хабарламада.
Демек федерацияның осы жауабынан кейін жақын арада теннистен Қазақстан ұлттық құрамасы тағы бір ресейлік легионермен толығатыны белгілі бола бастағандай. Қазірдің өзінде ұлттық құрама сапындағы ресейлік теннисшілердің қатары аз емес. Мәселен, ерлер арасындағы Дэвис кубогі, әйелдер арасындағы Билли Джин Кинг сынды командалық әлем чемпионаттарында Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев, Елена Рыбакина, Юлия Путинцева секілді солтүстіктегі көршіміздің өкілдері өнер көрсетіп жүр.
Жалпы, Александр Шевченконың Қазақстанның көк паспортын алуына мына жағдайлар себеп болуы мүмкін. Біріншісі – спортшының өз елінде қолдау таппауы. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда Ресейге қарағанда Қазақстан теннис федерациясы теннисшілерге лайықты деңгейде қолдау көрсетіп, қамқорлық танытып жүр. Мәселен, бір ғана Елена Рыбакинаның өзі Қазақстанға қоныс аударған небәрі төрт жылдың ішінде бірнеше ірі жарыста дараланып, биыл әйгілі «Үлкен дулыға» санатындағы «Уимблдон» турнирінде бас жүлдені олжалады. Әрине, мұндай қысқа уақытта үздіктер қатарынан көрінуге тек үлкен қолдаудың арқасында ғана қол жеткізуге болатыны түсінікті. Кейде қолдау болмаса, таланттың өзі табысқа жете алмайтын кездер болады.
21 жастағы ресейлік теннисші қазіргі таңда өз елінің алтыншы ракеткасы саналады. Оның алдында Даниил Медведев (4), Андрей Рублев (8), Карен Хачанов (18), Аслан Карацев (45), Роман Сафиуллин (92) және Павел Котов (96) секілді теннисшілер тұр. Сондықтан рейтингте жүздіктен төмен орналасқан Шевченкоға Ресей теннис федерациясының әзірге қолұшын созып, көмектесе қоюы екіталай.
Екінші себеп, әлемдегі саяси жағдайға байланысты бірқатар спорт ұйымы ресейлік спортшыларға қырын қарап, түрлі жарысқа қатысуға қатаң шектеу қойып жатыр. Ал олар үшін қазір тығырықтан шығатын жалғыз жол – өзге елдің азаматтығын алып, сол мемлекеттің туы астында додаларға қатысу.
Осы орайда оқырмандар тарапынан А.Шевченко Қазақстан құрамасына қажет пе деген заңды сауал туындағаны анық. Иә, өкінішке қарай, дәл қазіргі уақытта Қазақстан теннис федерациясы жас әрі талантты теннисшілерге мұқтаж. Өйткені Қазақстанда әлемдік деңгейде өнер көрсететін теннисшілер шоғыры қалыптасып үлгермеген. Қазір біздің федерацияға жергілікті теннисші қалыптасып үлгергенше Александр Бубликпен бір деңгейде өнер көрсетіп, ұлттық құрамада көшбасшы бола алатындай теннисші қажет. Ал ол орынға Шевченконың кандидатурасы дәл келіп тұрған сияқты. Алайда федерация өз мәлімдемесінде Қазақстанның атынан сынға түсуге ниетті шетелдік теннисшілердің қатары көп екенін айтып қалды. Әзірше біз ол теннисшілердің есімдерін білмегендіктен, тек ресейлік спортшының ғана кандидатурасын айтып отырмыз.
Сондай-ақ Шевченконың азаматтық алуына жерлестеріміздің биылғы Дэвис кубогіндегі өте сүреңсіз ойыны да себеп болуы мүмкін. Өйткені бір Бубликтің барлық ойында жеңіске жете алмайтыны белгілі. Өткен аптада ғана Қазақстанның екінші ракеткасы атанған Тимофей Скатов әлі әлемдік деңгейдегі ойындарға дайын емес. Ал ұлттық құрама сапында 14 жылдан бері ойнап жүрген 35 жастағы Михаил Кукушкиннің күші әбден сарқылып бітті. Сонымен қатар қазақстандық жас талант Бейбіт Жұқаев та ересектер арасындағы додада жарқырап өнер көрсете алар емес. Жуырда ғана ол елордада ұйымдастырылған Astana Open ATP 500 турнирінің негізгі кезеңіне қатысып, бірінші айналымда әлемнің 34-ракеткасы нидерландтық Ботик Ван де Зандшульптің қарқынына төтеп бере алмады – 1:6, 1:6.
Сондықтан ұлттық құрамаға жақын арада Бубликке серіктес болатын, қажет кезде бүкіл жауапкершілікті мойнына ала алатын бір теннисші керек болып тұрғаны анық. Егер Шевченко биыл Қазақстан құрамасына қосылатын болса, онда ол бірден еліміздің екінші ракеткасына айналады. Алдағы уақытта федерация осы мәселе төңірегінде ойланып, Александрға жоғары ықтималдықпен азаматтық алып беруі мүмкін. Айтпақшы, Александр Шевченко Astana Open ATP 500 турнирінде өнер көрсетіп, іріктеу кезеңдерінен сәтті өткенімен, бірінші кезеңде италиялық Люка Нардиден екі сетте – 7:6, 6:2 есебімен жеңіліп қалған болатын. Ал ол бұл турнирге жайдан-жай қатысуға келмегені белгілі. Бәлкім, осы жарыс арқылы федерация басшылығының көзіне түсуді ойластырған болуы мүмкін.
Александрдың спорттық карьерасына тоқталар болсақ, ол 2000 жылдың 29 қарашасында Ресейдің оңтүстігіндегі Дондағы Ростов облысында туып-өскен. Тоғыз жасынан бастап теннистің қыр-сырына қаныға бастаған Саша бір жылдан кейін отбасымен Аустрияға қоныс аударады. Ол жақта білікті бапкер Гюнтер Бресниктің теннис академиясына қабылданып, күні бүгінге дейін талай теннисшінің жұлдызын жаққан Гюнтердің тәлімін алып келеді. Гюнтер Бресниктің ең атақты шәкірті – «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстардың жеңімпазы, финалисі Доминик Тим екені көпшілікке мәлім.
Осындай даңқты бапкерден тәлім алып жүрген Шевченко 2018 жылдан бастап ересектер арасындағы жарыстарға қатыса бастаған. Әзірге ол тек ATP санатындағы Challenger және Futuresr турнирлерінде бой көрсетіп, біразында жеңіске жетіп үлгерді. Атап айтар болсақ, ол бүгінге дейін аталған турнирлерде тоғыз мәрте финалға шығып, соның бесеуінде жеңіс тұғырынан көрінді. Ең кейінгі рет биыл Словакияның бас шаһары – Братиславада өткен «Братислава опен» додасында үздік шықты. Маусым айында ғана 237-орында тұрған А.Шевченко осындай табысты өнерінің арқасында бес айдың ішінде әлемдік рейтингте ТОП-150 теннисшінің қатарына қосылды.
Александр Шевченконың ендігі мақсаты – жыл соңына дейін ТОП-110 теннисшінің қатарына еніп, 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында өтетін «Үлкен дулыға» санатындағы Аустралия ашық чемпионатының негізгі кезеңінде өнер көрсету.