Суреттерді түсірген Юрий Беккер
Германия әлемге көрнекті ойшылдардың, композиторлардың, жазушылар мен суретшілердің тұтас тізбегін сыйлады. Көптеген неміс суретшілерінің қолтаңбасы адамзат өркениетін өрістетуге үлес қосқан шығармалар ретінде тарихта қалды. Бұл тұрғыда бір ғана Иоганн Гуттенбергтің 1440 жылы басып шығарған өнертабысы Германияда және Еуропаның іргелі елдерінде әдебиет пен графикалық өнердің дамуына үлкен серпін бергенін алға тартуға болады.
Кезекті көрмеде XV-XXI ғасырлар аралығында неміс суретшілерінің қаламынан өрілген туындылар ұсынылған. Сонымен қатар көрнекті неміс Қайта өрлеу дәуірі шеберлері Альбрехт Дюрер (1471-1528) мен Лукас Кранахтың (1472-1553) гравюралары экспозицияның салмағын арттыра түскен. Өнертанушы Әмір Жадайбаевтың айтуынша, Дюрердің библиялық сюжеттеріндегі «Мысырға қашу», «Иуданың сүюі» туындылары тақырыптық әлемді сенсациялар мен нәзік эмоциялардың кең спектрімен байыта алатын суретшінің таңғажайып шеберлігін көрсетеді. «Мәсіхтің азғырылуы» парағындағы Лукас Кранахтың трагедиялы шығармасы Ғайсаның ғажап бейнесі арқылы зұлымдықтың тас-талқанын шығарады.
– Нюрнбергте жұмыс істеген Дюрер Ханс Бехайм (1500-1550) және Эрхард Шеннің (1491-1542) гравюралары көрерменнің қызығушылығын тудырады. Ағарту дәуіріндегі адамға тән бейне Лейпцигтің гравері Иоганн Баузе (1738-1814) салған «Герцог Фридрих Голдштейн Бектің портретінде» (1801) бейнеленген. Жоғары тап өкілінің бейнесінде суретші дәуірдің романтикалық мұраттарына толы белсенді тұлғаны бейнелейді. Көптеген неміс суретшілері Германиядан тыс жерлерде жұмыс істеді. Ресей патшайымы II Екатеринаның шақыруымен XVIII ғасырда неміс шеберлерінің Ресейге ағылуы орыс көркемсурет мектебінің дамуына айтарлықтай серпін берді. Экспозициядан Ресей императоры I Павел мен оның әйелі ханшайым Мария Федоровнаның салтанатты портретін көруге болады. Аталған туындыны 1796 жылы Санкт-Петербургтегі Императорлық өнер академиясына гравировка өнерін үйрету үшін шақырылған Игнак Клаубер (1753-1817) орындаған. Оның шәкірттерінің арасында кейіннен Н.Уткин, А.Ухтомский, Е.Скотников және т.б. танымал граверлер болды. XIX ғасырдың ортасында неоклассицизмнің басым стилі көрнекті неміс мүсіншісі И.Шадов (1764-1850) жасаған «Луиза ханшайымның» бюстінде ұсынылған. Иоганн Меллердің (1814-1885) «II Александр отбасының топтық портреті» акварель миниатюрасы нәзіктікпен және шеберлікпен ерекшеленеді, – дейді көрме жетекшісі Әмір Жадайбаев.
Көрменің XIX ғасырдағы бейнелеу өнері қабырғасына Германияда пайда болған романтизм және бидермайер стилінде орындалған суреттер ілінген. Орыс ақсүйектерінің сүйікті суретшісі А.Молинаридің «Әскери портреті», Шульцтің таулы пейзажы, көркемсурет бөлімінен орын алған Дюссельдорф мектебінің өкілі Андреас Аченбахтың «Суретшінің шеберханасында» атты шағын суреті көз тартады. Ал ХХ ғасырдың басындағы өнердегі демократиялық тенденциялар А.Шильдердің (1861-1919) пейзаждық кескіндемесінде көрініс тапқан.
Экспозицияның жеке бөлімінде 1930-1940 жылдары Қазақстанға қоныс аударған неміс суретшілерінің туындылары тұр. Бұл бөлімнің денін 1933 жылы Алматыға келген Мюнхен өнер академиясының түлегі А.Риттихтің (1889-1945) картиналары қамтиды. Ұлы Отан соғысының басында Үкіметтің бұйрығымен Республикаға неміс ұлтының өкілдері болып саналатын жүздеген мың кеңес азаматтары қоныс аударды. Олардың арасында В.Эйферт, А.Фонвизин, Л.Брюммер сияқты танымал суретшілер бар. Қараша айына дейін жалғасатын рухани жобада көрермен И.Брауэр, Ю.Гуммель, Н.Гинзбург, Н.Бубенің шығармаларымен де таныса алады.
АЛМАТЫ