Саясат • 20 Қазан, 2022

Депутаттық сауал: тозған құбыр, «қорғансыз» қорғаныс өнеркәсібі туралы

312 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен палата отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Каспий теңізіндегі Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын межелеу және балық аулау аймақтарының шектес учаскелерін бөлу туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.

Депутаттық сауал: тозған құбыр, «қорғансыз» қорғаныс өнеркәсібі туралы

«Шарттың мақсаты – Қазақ­стан мен Түрікменстан арасын­дағы аумақтық суларды және ба­лық аулау аймақтарының шек­тес учаскелерін бөлу. Түрік­мен­стан жағы аталған шартты биыл 17 сәуірде ратификация­лады. Құжаттың ратификация­лануы және күшіне енуі оңтүс­тік межелерде Қазақстан Респуб­ли­ка­сының мемлекеттік шекарасын де­лимитациялау үдерісін толық аяқтауға мүмкіндік береді», деді Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұх­тар Тілеуберді.

Шартты ратификациялау нәти­жес­і – екі елдің мемлекеттік шека­­расында өзара құрмет, сенім, тең құқық, достық және ынты­мақ­тастық рухында шекаралық мәсе­лелерді реттеу бойынша тұрақ­тылықты одан әрі қамтамасыз ету.

Сенат Төрағасы атап өткендей, құжат Каспий теңізіндегі Қазақ­стан мен Түрікменстан арасын­дағы мемлекеттік шекара сызығын айқындау және балық кәсіпшілігі аймақтарының аражігін ажырату мақсатында әзірленген.

«Осы заң Қазақстанның Түрік­менстанмен мемлекеттік шека­расын делимитациялау про­цесін аяқтауға және екі мемле­кет арасындағы Каспий теңізін­дегі мемлекеттік шекараларды заңды түрде бекітуге мүмкін­дік береді. Алдағы уақытта заң екі ел арасындағы тату көр­ші­лік қатынасты одан әрі нығай­туға және өзара тиімді ынты­мақ­тастықты дамытуға ықпал етеді деп сенеміз», деп атап өтті Мәу­лен Әшімбаев.

Сенат депутаттары сондай-ақ «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Ресей Феде­рациясының азаматтары болып табылатын Еуразиялық эконо­микалық комиссияның және Еу­разиялық экономикалық одақ сотының лауазымды адам­дары мен қызметкерлерін зейнет­ақымен қамсыздандыру бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын да қабылдады.

Заңның күшіне енуі осы адам­дарға комиссияда және ЕАЭО сотында қызметін жүзеге асыру кезінде алған зейнетақы құқық­тарының жүзеге асуы мен қорға­луын қамтамасыз етеді.

«Қаралып отырған құжат Ре­сей Федерациясының азаматтары болып саналатын Еуразиялық экономикалық комиссиясының және одақ сотының лауазымды адамдары мен қызметкерлерін зей­нетақымен қамсыздандыру мәсе­лелерін реттейді. Шарт­тың 32-қосымшасындағы 53-тар­мағына ұсынылып отырған өзге­ріс­терге сәйкес мемлекеттік қыз­мет түрлері (мемлекеттік аза­мат­тық, әскери, өзге де түрлері) бойынша еңбек өтілі бар адамдарға зейнетақы төлемдерін алуға мүмкіндік берілетін болады», деді сенатор Нариман Төреғалиев.

Сенаторлар отырыс барысында өздерінің депутаттық сауалдарын да жария етті. Сенатор Бақытжан Байахметов еліміздің Премьер-Министріне жолдаған депутаттық сауалында жылу және электр энергетика нысандарын қайта жаңғыртуды ұсынды.

«Статистика деректеріне сәйкес Абай облысы бойынша жы­лу құбырының жалпы тозуы 65 па­йызды құрайды. Бұл – ел­дегі ең жо­ғары көрсеткіш. Осы жағ­дай жылу беру кезеңінде жы­лу қуа­тының тапшылығы мен апат­тық жағдайларға себеп болады жә­не жұмыста технологиялық үзі­ліс­тер­ге әкеліп соғады», деді се­натор.

Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай облысына жұмыс сапары ба­рысында инфрақұрылым мәселе­леріне, оның ішінде заманауи жылу электр орталығын салуға ерекше назар аударғанын еске салды. Сондай-ақ Үкіметке Семей қала­сындағы ЖЭО-3 құрылысы бойын­ша жұмыс тобының құра­мын нақтылауды, сондай-ақ жы­лумен қамту нысандарын қар­жы­ландыру мәселелерін пысықтауды ұсынды.

«Бюджет қаражатын пайдалануды оңтайландыру мақсатында жылу энергетика жүйесін реттеу са­ласындағы функцияларды бір мемлекеттік органға орта­лық­тандыру мүмкіндігін қарастыруды және ЖЭО-3 құрылысы бойынша жұмыс тобының құрамын жа­ңартып, оның құрамына Пар­ламент депутаттарын қосуды ұсы­намыз», деді Бақытжан Байахметов.

Нұржан Нұрсипатов еліміз­дің қорғаныс-өнеркәсіп кеше­нін дамытуға, оның ішінде объек­тілерді жекешелендіру нәтижесіне назар аудара отырып, қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алуда бірыңғай мемлекеттік саясатты әзірлеу қажеттігіне ерекше тоқталды.

Депутат бұған дейін ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша Үкіметке сауал жолдағанын, онда қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне жа­та­тын кәсіпорындарды жекеше­лендіру жөнінде шаралар қабыл­дауды, сондай-ақ қорғаныс өнер­кәсібіне мемлекеттің бақылауын жоғалтуға әкеп соғуы мүмкін ше­шім­дер қабылдауға тыйым салу­ды белгілеуді ұсынғанын атап өтті.

«Көріп отырғанымыздай, табыс әкеліп отырған немесе жар­ғылық капиталы өткен жыл­дар ішінде тек еліміздің бюд­жеті есебінен толықтырылған кәсіп­орындар сатуға шығарылды. Бүгінгі таңдағы рәсімдер бойынша сауда-саттық өтпеді деп танылған жағдайда оларды баға­лау құнының жартысына тең баға­мен сатуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты бірінші кезекте оқшаулау дәрежесі елу және одан да көп пайызды құрайтын қорғаныс кәсіпорындарын қолдау қажеттігі туындап отыр», деді Нұржан Нұрсипатов.

Сенатор осыған байланысты Үкіметке жекешелендіру жоспарларын мемлекеттік бақылауды толық немесе ішінара сақтай отырып қайта қарауды ұсынып отыр. Сондай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу жөнінде бірыңғай мемлекеттік саясатты әзірлеу туралы бас­тама айтылды.

Мұрат Бақтиярұлы эколо­гиялық апат пен Кіші Аралдың жойылуына жол бермеу үшін Арал теңізіндегі Көкарал бөгетін жедел жөндеудің маңыздылығын жеткізді. Егер шұғыл түрде шаралар қабылданбаса, Кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін.

Депутат 2005 жылы «Сыр­дария арнасын реттеу және Кіші Аралды құтқару» жобасы аясында Көкарал бөгеті салынғанын еске салды. Бұл «Ғасыр жобасы» республикалық бюджет пен Дү­ниежүзілік банк есебінен қаржы­лан­дырылды. Алайда бүгінгі таңда бөгеттің 200 метрін су шайып кеткен және бұл учас­ке жедел жөндеуді қажет етеді.

«Жобаның сметалық құжат­тамасы дайындалып, осы жылдың тамыз айында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның құны 4 млрд 582 млн теңгені құрайды. Биыл қыркүйек айында республикалық бюжеттік комиссияның отырысында Су ресурстары комитетінің бюджетін қайта бағыттау есебінен жобаны іске асыруды бастауға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне 500 млн теңге бөлінді. Алайда 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте осы жобаны қаржыландыруға қаржы қарастырылмаған. Президенттің Көкарал бөгетін нығайтуға қатысты берілген тапсырмасы ескерусіз қалған», деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, егер де қазір Көкарал бөгетін құтқарып қалмасақ, бұл жағдай экологиялық апатқа ұшыратады. Яғни бүгінде 27 миллиард текше метр су жиналған Кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін.

«Осыған байланысты, сізден жобаның ауқымдылығы мен маңыздылығын ескере отырып, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет шеңберінде жоба бойынша құрылыс жұмыстарын аяқтауға қалған 4 млрд 80 млн теңге бөлінуін қамтамассыз етуіңізді сұраймыз», деді Мұрат Бақтиярұлы Премьер-Министрге жолдаған сауалында.