Осыдан бір ай бұрын ғана WBA президенті Хильберто Хесус Мендоса WBA Super чемпионы Головкин мен белдікке міндетті үміткер Лараға бокс кешін ұйымдастыруға 30 күн уақыт берген болатын. Тараптар 23 қазанға дейін келіссөз жүргізіп, жекпе-жек өткізетінін немесе Головкиннің белдіктен бас тартатыны туралы ортақ мәмілеге келулері тиіс еді. Алайда екі боксшыға берілген уақыт аяқталмай жатып, жоқ жерден іске Дарил Пиплз араласа кетті.
Бокс туралы жазатын америкалық BoxingScene басылымының мәліметінше, Дарил Пиплз WBA басшылығымен кездесу өткізіп, Головкинді бірінші Ларамен емес, Фалькаомен жұдырықтастыруға көндірген. Сөйтіп, екі ұйым басшылығы Головкин vs Фалькао жұбының жеңімпазын Эрисланди Ларамен жекпе-жек өткізуге міндеттеуге келіскен. Әзірге үш боксшының үшеуі де бұл мәселе туралы пікір білдірген жоқ.
Дегенмен мамандар Головкин IBF белбеуінен және бразилиялық боксшымен жекпе-жек өткізуден бас тартуы мүмкін екенін айтып отыр. Өйткені Фалькаоның ісін жүргізетін промоутер Боб Арум (Top Rank) қазақстандық боксшы келісім беретіндей гонорар төлей алмайды деп есептейді. Мұны IBF басшылығы да біліп отыр. Сондықтан IBF егер Головкин белдіктен бас тартатын болса, онда Фалькаоны орта салмақтың рейтингінде екінші орында тұрған аустралиялық Майкл Зерафамен (30-4, 19 КО) кездестіруді көздейді.
Бокс сарапшылары Головкин келесі жекпе-жегін кубалық боксшымен өткізу ықтималдығы жоғары екенін айтып отыр. Жанкүйерлердің есінде болса, осыдан 6-7 жыл бұрын Лара Головкинмен жекпе-жек өткізуге ниетті екенін білдіргенімен, келіссөзге келгенде түрлі сылтау айтып, отандасымызбен кездесуден қашып жүрді. Енді екі боксшыны WBA ұйымы жұдырықтасуға міндеттеген соң, қос тарап та жұдырықтасудан бас тартпайтын сыңайлы. Оның үстіне Головкин дәл қазіргі жағдайда Лараның промоутері Эль Хэймонның (Premier Boxing Champions) кез келген ұсынысын қабылдай алады. Өйткені жерлесіміз қазір өз би, өзі қожа. Яғни ешқандай промоутерлік компаниямен де, жекпе-жектерін ақылы түрде көрсететін ешқандай телеарналармен де келісімшарты жоқ.
Бұған дейін қарсылас таңдауда таршылық көрмеген Головкин 40 жасқа келгенде тығырыққа тірелді. Ендігі басты сұрақ – отандасымыз қарсылас таңдай ма, әлде ақшаны таңдай ма? Рас, Геннадий Фалькаоға қарағанда Ларамен жұдырықтасса, мол қаржыға кенелетіні жасырын емес.