Қазір қазақ даласында Секеннің «Көңіл толқыны» күйі ойнамайтын күн кемде-кем шығар. Атақты туындысын күйші 24 жасында жазыпты. Одан кейін «Ақ жауын», «Аруана», «Өкініш» сынды бірнеше күй топтамасы жарық көрді. Осы жолғы кешін «Ұлы дала» атты туындысымен ашқан күйші «Ақжайлау», «Ерке құсым», «Жазғы қар», «Асыл ана» күйлері мен басқа да шығармаларын күмбірлетті. Автор шығармаларын Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрімен бірге орындады. Қазақ оркестрінің бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор Айтқали Жайымов.
«Бұл кешімді Республика күніне арнаймын» деген автордың «Күлтегін», «Көк бөрі», «Дарабоз» атты күйлері бір төбе. Сонымен қатар кеш қонақтары үшін «Құрмет» орденінің иегері Жанар Жүсіпова «Төлегетай баба» күйін тартса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Қиылымхан «Асыл ана» әнін салды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайыржан Бердібайдың орындауында Абайдың өлеңіне жазылған «Мен бір жұмбақ адаммын», Гүлмира Саринаның орындауында «Қоңыр жел» және өзге де туындылар шырқалды.
Секен Тұрысбектің күйлері кезінде Жапония мен Қытайда, Франция мен Италияда халықтың ерекше ықыласына бөленгені белгілі. Күйшінің бірнеше шығармасын қазақ көркем фильмдерінен тыңдауға болады, соның ішінде «Батыр баян» фильмінің музыкасы Секен күйлерімен сүйемелденген.