Руханият • 21 Қазан, 2022

Тамырлас елге – таным мен тарих

366 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Халықаралық Түркі академиясында мажар тіліне аударылған қазақ кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтіп, оған Мажарстан Ұлттық Жиналысының (Парламент) вице-спикері Шандор Лежак қатысты. Мажарстан Ұлттық құрылтайы төрағасының орынбасары Шандор Лежак бастаған делегация академия жұмысымен танысып, мұндағы кітапхананың құнды қолжазбалар қоры мен Иштван Қоңыр Мандокидің жеке кітап қорын аралап көрді.

Тамырлас елге – таным мен тарих

Қазақ тіліне судай, тұтас түркі әлемі үшін қызмет еткен Иштван Мандокиді көзі қа­рақ­ты ел білсе керек. Мажар тіліне аударылған «Қазақтың 550 ма­қал-мәтелі» кітабы Мандоки мұрасынан алынған фотосуреттермен көмкеріліпті. Тұсауы кесілген екінші «Кундардың суреттелген хроникасы» атты кі­тап та қазақ-мажар қатынасын тарихи тұрғыда бекіте түсер құнды дүние деп білеміз. Іс-шараға қатысушы Халықаралық Түркі академиясы президентінің міндетін атқарушы Фузули Мә­жидли, Мажарстанның Қазақ­стан Республикасындағы Тө­тенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Рона, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ах­­метов, Назарбаев Универ­ситеті Қазақ тілі және түр­кі­­тану кафедрасының мең­ге­рушісі Юлай Шамилоғлы, ма­жарстандық белгілі түрколог Шомфой Қара және басқа да ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері бауырлас елдердің мә­дени-рухани байланысы туралы әңгімеледі.

«Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деген қазақ мақалы мажарларда да барын айтады Шандор Лежак. «Қазақтың 550 мақал-мәтелін» мажар ақыны, Кошут сыйлығының лауреаты, Мажарстанның еңбек сіңірген қайраткері Фе­ренц Будда аударыпты. Бұл кісі отыз жылдан астам уақыт қа­зақ мәдениетін зерттеумен келе­ді екен. 1988 жылы мажар оқыр­ман­­дарына қазақ ертегілерін та­ныс­тырған.

«Кундардың суреттелген хроникасы» атты энциклопедиялық жинаққа кун (ғұн) халқының шы­ғу тегі, қоныстануы және та­рихы туралы ғылыми зерттеулер топтастырылған. Кітап үш бө­лімнен тұрады. Бірінші тарауда ғұндардың тарихы сипатталса, екінші бөлімде оларға қатысты терминдердің түсіндірмелері бар. Сондай-ақ соңғы бөлімінде 49 елді мекеннің тарихы баяндалған. Мұнда көп айтыла бермейтін деректер мен ғұндардың көрнекті тұлғалары туралы мәліметтер ен­гізілген.

Кездесу барысында Фузули Мәжидли алқалы жиын көрнекті түрколог Қоңыр Мандокидің мұралары сақталған Түркі академиясы ғимаратында өтуінің символикалық мәні зор екенін атап өтті. Мажарстан бағытында жүзеге асып жатқан жобалармен таныстыра келе ол ал­дағы уа­қыт­та атқарылатын жұмыс­тарға да тоқталды.

Мажарстан Ұлттық құрыл­тайы төрағасының орынбасары Шандор Лежак болса, тамырлас елдердің ортақ құндылықтарын зерттеп, халықтардың бауыр­ластығын арттыруда академия атқа­рып жатқан жұмыстарға риза­шылығын білдірді. Сонымен қатар тараптар екіжақты ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытып, келешекте бірлескен жобалар жүзеге асыруға уағдаласты. Кездесу барысында Ф.Мәжидли мәртебелі мейман Шандор Ле­жакқа арнайы құрмет көрсетіп, бауыр­ластық байланыстарды нығайт­уға қосқан үлесі үшін ака­­демияның Әлішер Науаи атын­дағы алтын медалімен мара­паттады.

2017 жылы Мажарстан Ха­лықаралық Түркі академиясына бақылаушы мәртебесін алып, Түркі әлемінің ынтымақтастық институттары арасында осы мәртебені иеленген алғашқы мем­лекет болғанын атап өткен жөн. Академия Мажарстан мен Түркі әлемі ықпалдастығын арттыру мақсатында бірқатар іс-шараны жүзеге асыруда. Атап айтқанда, Немет Дьюла, Дьёрд Алмаши, Қоңыр Мандоки сынды мажар түркологтерінің мирасы мен тағылымына қатысты ғы­лыми жобаларды қолға алып, бір­қатар еңбекті жарыққа шығар­ды.