Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ал Сәкен бастаған, Сәбиттер қостаған топ елінің ертеңін социалистік идеалдардың революция арқылы жүзеге асуынан көрді. Кеңес өкіметі үшін күрескен 20-30-жылдарда қазақ поэзиясы Сәкен болып саңқылдады, Сәбит болып сапқа тұрды, Ілияста күй болып, көкте қалықтады, бұларға Бейімбет, Ғабит, Ғабидендер қосылып, жетпіс жылдай салтанат құрған қазақ совет әдебиетін жасады.
Бұл топты кезінде Ғ.Мүсірепов «Алыптар тобы» деп атаған еді. Рас, Ғабең бұл топқа өзіне дейінгілерді ғана қосып, өзін жатқызбағантұғын. Солай бола тұра, кейінгі ұрпақ Ғабеңнің өзін де осы топтың өкілі санап келеді. Ғ.Мүсіреповтің азаматтығы, қайраткерлігі, асқан қаламгерлік қасиеттері оның өзін де өзі анықтаған алыптар тобына бірден-ақ кіргізіп жіберген болатын.
Енді біздіңше, осы топқа қосылуға, осы қатардан өзіне тиісті орнын алуға лайық тағы бір қаламгер бар. Ол – Ғабиден Мұстафин. Иә, үстіміздегі жылы жүз жиырма жылдығы аталып жатқан, бүкіл ғұмыры кеңестік кезеңде өтіп, ол шығармашылығында айтарлықтай із қалдырған жазушы Е.Мұстафин жайлы айтып отырмыз.
«Жастар! Біз тойдан қайтып келе жаткан адамбыз, сіздер – тойға бара жатқан адамсыздар. Сауырынан сипатпас шу асаудай зымырап бара жатқан жылдар мынау... Сендер енді XXI ғасырдың есігін ашасыңдар. Жаңа ғасырға алып барар тарту-таралғыларыңның ең қымбаты, ең қадірлісі – мейірім, рақым, қанағат болғай!» («Лениншіл жас», 27.02.85») – деп, өмірмен қоштасар алдында кейінгі ұрпаққа өсиет айтқан, «Жазушы боларсың, болмассың, ал Отанның азаматы болуға міндеттісің» («Ой әуендері», А., 1978, 168-бет) деп білген, адамгершілікті ту етіп, өзі де азаматтықтың ақ айдынында қарапайым ғана шығармашылық ғұмыр кешкен абыз жазушыны алыптар тобына қосуға әбден болады.
«Қолмен жасалған өнер дүниесінің ішінде ең ұзақ жасайтыны, өмір бейнесін толық қамтитыны, адам жанына әсерлісі – әдебиет. Таулар бұзылады, сулар суалады, тас болат үйлер құлайды, бүкіл қауым алмасады, жақсы әдебиет сонда да өлмейді, жүздеген жыл өмір сүреді, өткен қауымның, дәуірдің бейнесін кейінгілерге жеткізеді. Сондықтан өнердің ең қиыны да – жақсы әдебиет» (сонда, 254-бет) деген, «Мұралардың ішінде сөзден қымбаты, асылы бола қоймас. Асыл сөзді ер данасы қиыннан қиыстырады. Асыл сөз кірлеген көңілді тазарта алады, қажыған көңілге қуат бере алады, асқан көңілді басып, қараңғы көңілге шырақ жаға алады. Сөз құдіретін еркін пайдаланған адам халқына өмірлік рухани азық, өзіне алтыннан ескерткіш қалдырып кетеді» (сонда, 282-бет), деп сөз өнерінің асыл қасиеттерін жан-жүрегімен сезіне білген, сөз құдіретіне табынып, өз өмірін қиындығы мен қызығы мол әдеби шығармашылыққа арнаған, сөйтіп артына көркемдігі кемел туындылар қалдырған сырбаз суреткер «алыптар тобының» соңғы тұяғындай көрінеді...
«Мен дүниеге келген кезде қазақ өлгенін, туғанын қағазға жазбайтын, метрика дегенді білмейтін. Әке-шешемнің жыл қайырып айтуынша, 1902 жылы тусам керек. Қазіргі Теміртау заводы Тельман ауданында. Нұра өзенінің жағасында, Жауыр, Қожыр тауларының етегінде тұр. Осы таулардың кішкене шашырандысы Сыртөбе деген жерде (Жауырдан үш-төрт километр) бір боранды күнде туыппын» («Ой әуендері». А., 1978, 5-бет), – деп жазады жазушы «Өмір белестерінде». Әкесі Мұстафа екі рет қажыға барған «мейлінше әділ, момын, мінезі ауыр, қорқуды, сасуды білмейтін, көп сөйлемейтін, бірақ кезі келіп қалғанда өте тілді», «құйма құлақ», егер шариғат жолына түспей, «оқығанда үлкен ғалым болатын түрі бар» адам болған. Сауатын ауыл молдасынан ашқан Ғабиден «он жас толмай жатып күніне бес мезгіл намаз оқыдық, рамазан айында үш күндік ораза ұстадық» деп, кейін еске алғанындай, дін жолын ұстанады.
1916 жылы Спасск зауытында табельші болып істейтін Мауқымның Жүсібі дегеннен бір жыл орысша оқиды. Екінші жылы сол зауыттағы бес жылдық орыс-қазақ мектебінің төртінші бөліміне түседі, келесі жылы оны әрі қарай жалғастыруға мүмкіндігі болмай, оқумен қоштасады. Сөйтіп, болашақ жазушының оқуы бар болғаны екі-ақ (Жүсіптен бір жыл, мектепте бір жыл) жылға созылады. Содан ол 1918 жылдан 1925 жылға дейін не оқу жоқ, не жұмыс жоқ ауылда бос жүреді.
Өмірде таңғаларлық нәрселер көп кой. Сонда да болса, бар болғаны екі-ақ жыл оқып, қазақтың атақты жазушыларының бірі, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі дәрежесіне дейін жеткен Ғабиден Мұстафинге таңғалмасқа лажың жоқ. Қалайда жазушы боламын деп, алдына таудай мақсат қойған болашақ қаламгер мектепте оқымаса да өмір деген мектептің қиын жолдарынан өтті, өмірдің өзінен үйреніп, өздігінен ізденді.
1925 жылы көктемде келіншегін ертіп, сол кездегі Қазақстанның астанасы Қызылордаға оқу іздеп келеді. Оқуға түсе алмаған соң, жоғары сотқа кұжаттар тіркеуші болып жайғасады. Осы кезден бастап, «газет оқуға ауыздандым. Алдымен, менің оқитыным ұсақ хабарлар, жарнамалар болды. 1925 жылдың күзінен бастап, республиканың «Еңбекші қазақ» газетіне ұсақ хабарлар жаза бастадым», деп еске алады жазушы. Газетке шағын хабарлар жазудан бастаған Ғабиден енді очерк, фельетон, әңгіме сияқты жанрларда да өзін байқап, сәтті қадамдар жасай бастайды. Өздігінен оқып, ізденіп жүрген жас жігіт шығармашылықтың қызық та ауыр жолына күмп беріп түсіп кетеді... «Сәрсен мен Боқаш» деген алғашқы әңгімесі «Жыл құсы» журналында 1927-1928 жылы жарияланды. 1929 жылы «Ер Шойын» атты әңгімелер жинағы шықты».
Ғабиден 1930 жылы Қарағандыға оралып, кен орнында үш жылдай қара жұмыс істейді. Содан кейін «Қарағанды пролетариаты» газетінде жауапты хатшы (1932-1933), Новосибирь қаласында қазақ тілінде шығып тұрған «Қызыл ту» газетінде қызметкер (1933-1938) болып жұмыс істеген ол 1938 жылы Алматыға келеді. Осы кезден бастап жазушылық жолға біржола бет бұрады. Жазушының «Өмір мен өлім» (1940), «Шығанақ» (1944), «Миллионер» (1948), «Қарағанды» (1952), «Дауылдан кейін» (1959), «Көз көрген» (1963) романдары әр жылдарда жарық көрді. «Ой әуендері» (1978) атты сын мақалалар жинағы үшін Мемлекеттік сыйлық алды. Жазушының шығармалары қазақ, орыс, басқа да тілдерде әлденеше рет басылып шықты.
Ғ.Мұстафин шығармаларының дені бүгінгі күн тақырыбына арналған. Жазушының басты шығармашылық ерекшелігі де осында жатыр. Әдетте өз заманын көркем бейнелеу – қаламгер үшін қиынның қиыны. Өйткені бүгінгі күннің әлі танылмаған қыр-сыры, ұңғыл-шұңғылы, ой-шұңқыры көп дейтін болсақ, оның ішінде жүрген адам солардың кейбір жақтарын ғана тани алады да көпшілігін көре де алмайды. Ғ.Мұстафин шығармашылығының басты ерекшелігі де, мықты жағы да осындай қиындықтарына қарамастан, өз заманының көркем бейнесін жасай алғандығында жатыр.
«Мен әрдайым бүгінгіні, шамам келгенше ертеңгіні жаздым. Көшкен жұртқа қайта оралған емеспін... Жазушы алдымен өз дәуірінің жыршысы десек, қоғам ішіндегі бұл сияқты зор өзгерістерді ол көрмесе, яки көре тұра жазбаса, дүниеден борыш арқалап кетеді де. Борыш арқалауды сүймедім...» (сонда, 9-бет), деп білген жазушы өзі өмір сүрген дәуірдің көркем шежіресін жасады. Бұл турасында замандасы Ғ.Мүсірепов «...Ғабиден Мұстафин осы дәуірдің ішінде қазақ совет прозасынан өзінің тиісті орнын алумен бірге, әдебиетіміздің бетін бүгінгі өмірге бұруымызға да үлкен жетекші болды. Бұл – оның творчестволық биографиясындағы елеулі ерекшелігі. Басқа жаққа ауытқымай, бүгінгі совет шындығын жырлау екінің бірінде кездесе де бермейді. Оның үстіне жазушының іздену талаптары тұтас бір бағытта болғандықтан, табысы да олқы емес. Ғабиден типтерді де, типтік жағдайларды да өзіміздің совет шындығынан алып өсіп келеді» («Суреткер парызы», А., 1970, 330-бет) – деп, кезінде жазушының шығармашылық бет-бағдарын дәл, тамаша айқындап берген болатын.
Ғабиден – өмірде болып жатқан құбылыстарды жіті бақылап, саралап, ондағы жаңалықтарды тез көргіш, аңғарғыш жазушы. Сол өмірде көргендері мен көңілге түйгендерін көркемдік сүзгіден өткеріп, көркем туынды ретінде оқырманға ұсына білді. Оның қай шығармасында болсын, кеңестік кезеңнің келелі проблемалары көркемдікпен көрініс тапқан. Ол өмірде туындап жатқан келелі мәселелерге оқырман назарын аударып отырумен бірге адамзатқа тән ізгі адами құндылықтарды жалпы жұртқа насихаттап, бойына дарытуды мақсат тұтты. Ол сомдаған Шығанақ, Жомарт, Мейрам сияқты бейнелер адамгершілігі мол, іскер, еңбексүйгіш, отаншыл қасиеттерімен ерекшеленеді. Ғабиденнің кейіпкерлері көбіне жан дүниесі бай, оптимист, өзіндік пікірі бар белсенді қоғам мүшелері болып келеді.
Жазушының шығармаларында XX ғасырдың алғашқы жартысында қазақ ауылында жүріп өткен ұлы өзгерістер көрініс тапты. Төңкерістің алдындағы қазақ ауылы, кеңестік замандағы колхоз құрылысының дамуы, оның болашағы, өндіріс орындарының пайда болып, ірі индустриялы елге айналуы сияқты ірі науқандар суреткер шығармашылығының өзекті тақырыбына айналған.
Жазушының алғашқы көлемді туындысы – «Қарағанды» романы. «Өз көзіммен көргендерім, сүйсінгендерім «Қарағанды» романын қоймастан жаздырды» (шығармалары, V том, 66-бет), деп айтқанындай, өзі жете білетін тақырыпқа барды. Роман алғаш «Өмір мен өлім» (1940) деген атпен шықты да кейіннен қайта өңделіп, «Қарағанды» (1952) аталып жарық көрді. Роман қазақ әдебиетінде өндіріс тақырыбын сәтті бейнелеген алғашқы көркем туындылардың бірі болды.
Кеңестік кезеңде бүгінгі заман, өндіріс тақырыптарын игеру кеңес әдебиетінің басты міндеттерінің бірі ретінде алға қойылды. Қазақ әдебиетінде де өндіріс тақырыбына шығарма жазу жазушылардың алдында тұрған алынбас қамалдардың бірі болып келеді. Ауылдан шыққан қазақ қаламгерлеріне бұрын көрмеген, білмеген, тәжірибесі, үлгісі жоқ тақырыпты көркемдік тұрғыдан игеру көптеген қиындық туғызды.
Қаламгер романында бұрын негізінен, көшпелі ғұмыр кешкен Қазақстанда Қарағанды секілді алып өндіріс орнының ашылып, қанат жаюы, маман жұмысшылар отрядының қалыптасып, олардың арасынан Мейрам сияқты жаңа тұрпатты өндірісті ұйымдастырушы басшы кадрлардың шығуы, еліміздің өндірісті елге айнала бастауы сияқты күрделі кезеңнің күрделі оқиғалары шынайы көрініс тапты. «Қарағанды» өндіріс тақырыбын игеруде қазақ кеңес әдебиетінің елеулі табыстарының бірінен саналып келсе, күні бүгінге дейін де өзінің тақырыптық, көркемдік маңызын жоя қойған жоқ.
«Әдебиет – өмір айнасы. Өмірдегі орасан оқиғаларды көрсете алмаса, оның несі айна?» (сонда 8-бет), «Шығанақта» көшпеліліктен отырықшылыққа айналған қазақ ауылындағы ұлы өзгерістер бейнеленді. Романның бас кейіпкері Шығанақ Берсиев – өмірде болған адам. Соғыс кезінде ер-азаматтар Отан үшін майданда қан кешіп, небір ерлік жасап жатқан кезде ол тылда ерен еңбектің асқан үлгісін көрсетіп, тары өнімінен төрт рет дүниежүзілік рекорд жасайды. «Осы ақылды, еңбекқұмар, ізденгіш, алғыр қарт арқылы халқымның бойындағы асыл қасиеттерін айтып қалуға тырыстым», дейді автор.
Романда халық арасынан шыққан қарапайым еңбек адамы Шығанақтың еңбек ерлігін бейнелеу арқылы жазушы еңбекшіл халықтың, азат еңбектің ұлылығын асқақтата суреттейді, ауыл өмірінің қатпар-қатпар тіршіліктері, алуан сырлары шынайы көрініс табады.
«Шығанақ», менің ойымша, біздегі көп жайларды ашады. Романның бас кейіпкері Шығанақтың өзі күріштегі, қызылшадағы, мал шаруашылығындағы еңбек адамдарының, озық адамдардың жиынтық бейнесін береді. Сондықтан бұл – шын мағынасындағы типтік кейіпкер. Шығанақтың ұлттық бейнесі де, еңбектегі тәжірибесін ғылымға сүйеуге ұмтылған озық ойы мен табандылығы да әлеуметтік мағынадағы типтілікке жатады. Ең жақсысы – Шығанақтың еңбек әрекеттерінде, ойлау жүйесінде жасандылық жоқ, ол өзінің қарапайымдылығымен, колхозшыға тән шындығымен нанымды жасалған. Шығанақ мінез-құлық, психика, өмір сүру жақтарынан ұлттық дәстүрдің жақсы жақтарын бойына сіңірген, сонымен бірге ол шеңберде қалып қоймаған біздің дәуірдің озық еңбекшісі» («Суреткер парызы». А., 1970, 330-бет) деген сөз сиқырын қалт жібермей, жіті байқайтын сұңғыла суреткер Ғ.Мүсіреповтің сөздерінде жазушының Шығанақтың бейнесін жасауда шын шеберлік танытқандығын мойындау бар.
«Жазушының ойынан өмір әлдеқайда кең, шапшаң әрі әдемі. «Шығанақты» бітіріп, жарыққа шығарғанымша ауыл өмірі алға кетіп қалды. «Миллионер» романында мен енді өмірдің алдын орамақ болдым. Шынымды айтайын, бұл романдағы миллионер колхозды, жоғары білімді председательді ол кезде көрген де, естіген де емеспін. Болжаумен жаздым. Осылай болады, әдебиет болғанды айтумен тынбайды, болашақты да айта алады...», деп шығармашылық сырын жайып салады автор. «Менің ешбір шығармам әлдеқалай туған емес. Толғанудан, арманымнан туды», деп жазушының өзі айтқанындай, «Миллионерде» «шіркін, қазақ ауылы осындай болсайшы» деген жазушының асқақ армандары көркемдік тұрғыдан жүзеге асты. «Миллионерде» ол көркем әдебиеттің өмірде болғанда ғана көркем бейнелеуші ғана емес, оған ой көзімен қарап, болашақтың идеал бейнесін жасауда да мол мүмкіндіктерге ие екендігін тағы да бір дәлелдеді.
Жазушының ойынша, соғыстан кейінгі дәуірде ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа кезеңі туды. Енді колхозды Шығанақтар кезіндегі әдіспен басқарып, өркендету мүмкін еместігін көтерді. Жаңа дәуірде ауыл шаруашылығын білгір мамандар басқару қажеттігін ұсынды. Жомарттың бейнесінде автордың осындай армандары толық бой көрсетті.
«Миллионерде» ауыл шаруашылығын дамытудың аса бір маңызды мәселесі көтеріледі. Ол – жекеменшік пен қоғамдық меншік түрлерін бір-біріне кедергі жасамайтындай етіп, қатар дамытып отыру. Тек қана қоғамдық меншікке өріс ашылып, жекеменшікке құрсау салынған социализм тұсында мұндай идеяның көрініс беруінің өзі жаңалық болатын.
Қазір өткен заманды сынаушылар көбейіп кеткен тұста Ғ.Мұстафиннің шығармашылығына тиісушілер осы «Миллионер» повесіне кеңестік құрылыстың негізгі ауылшаруашылық түзілімі колхоз барынша марапатталған деп айып тағады. Олай да ойлауға болатын шығар. Бірақ бұл жерде мына бір жайларды да ескерген жөн сияқты.
Жалпы, социалистік идеялар негізінен жаман нәрсе емес. Адам баласының атам заманнан бергі әділетті, адамның жақсы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған қоғам туралы асқақ армандарының жиынтығы ретінде күні бүгінге дейін әлемдік әлеуметтік-қоғамдық дамуды алға сүйреп келеді. Дүниежүзінің көптеген елінде билік тізгінін ұстаған социалистер, социал демократтар әлеуметтік теңдікті орнықтыруда, халық шараушылығын ұйымдастыруда елеулі жетістіктерге жетуде. Мысалы, Израиль мемлекетінде ауылдық жерлерде шаруашылық жұмыстарын жүргізетін колхоз сияқты ұжымдар өздерінің өміршеңдігін көрсетіп келеді. Оларда Ғ.Мұстафиннің «Миллионер» повесінде суреттелген «коммунизм жағдай» толық жүзеге асып, өмір сүріп отыр деуге боларлық. Сонда мәселе «социализмде» жатқан жоқ, сол социалистік идеалдарды кімдердің қалайша түсініп, жүзеге асыратындығына байланысты болса керек.
Кеңес одағында коммунистер социалистік идеяларды басшылыққа алып, коммунизм орната қаламыз деп қанша тырысқанымен, айғайлағанымен, іске келгенде, көптеген қателікке ұрынып, оның соңы «советтік социализмнің» құлауына әкеліп соқтырды. Ғабиденнің көрегендігі сол, колхоз құрылысындағы елеулі кемшіліктерді қырқыншы жылдардың өзінде-ақ көре біліп, оны жоюдың жолдарын көрсетті, нағыз ұжымшардың қалай болуы керектігінің моделін көркем әдебиетте суреттеп, жасап берді. Демек «Миллионерді» кеңестік колхозды насихаттаған деп, тар көлемде ұғынғаннан гөрі, ауыл шаруашылығын тиімді ұйымдастырудың социалистік, яғни әлеуметтік әділеттілік идеяларына негізделген қазақ ауылында жүзеге асуы мүмкін түрі сәтті бейнеленген көркем шығарма деп қараған жөн.
«Шығанақ», «Миллионер», «Қарағанды» сияқты шығармаларында жазушы өз дәуірінің көркем бейнесін жасауға тер төксе, «Дауылдан кейін» (1959) романында әдеттегі дағдысынан шығып, өткен күннің бел-белестеріне көз жібереді. Өткен тарихқа оралуын жазушы былай деп түсіндіреді: «Қазақ әдебиетіне көз жіберсем, қазақ өмірінің бір қызық кезеңі – НЭП уақыты, «Кішкене Октябрь» аталған ірі бай-феодалдарды конфискілеу оқиғасы көрінбейді. ...Өзім қатарлас қарттардан ол күндерді жаза қоятын ыңғай байқалмайды, жастардың бүгінгісі жеткілікті, кешегіні біле бермес дедім. Осы ойлар қамап, маған «Дауылдан кейінді» жаздырды» («Ой әуендері», А., 1978, 9-бет). Романда Қазан төңкерісінің қазақ даласына алып келген опалаң-топалаңдары, әсіресе ірі байлардың дүние-мүлкін тәркілеп, өздерін қуғынға салған кезеңнің шындықтары көрініс береді.
Жалпы, Ғ.Мұстафин шығармашылығының негізін бүгінгі өмір тақырыбы құрса да соңғы кезеңінде тарихи тақырыпқа бет бұрғаны байқалады. Онда да өзі жақсы білетін жиырмасыншы ғасырдан әріге бармайды. Мемуарлық сыпатта жазылған «Көз көрген» (1963) өткен ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ ауылы бастан өткерген саяси-әлеуметтік оқиғаларды суреттеуге арналған. Жазушының әбден есейіп, шығармашылық жағынан толысқан кезінде көзімен көргендерін, ойына түйгендерін сол күйінде қағазға түсіруге ұмтылатындығы заңдылық та сияқты. Ғабиден де осындай мақсатпен қолына қалам алғанда көлемі үш кітап болуға тиіс деп жоспарланған «Көз көрген» жазушы өмірінің соңына дейін жазылды...
«Ой әуендерінің» «Сөз басында» мынадай жолдар бар: «Ойсыз күнім болмайды. Әр кезде әрқилы ой келеді. Көре келе, жүре келе, уақыт, жағдай өзгерген сайын ой да өзгере берді... Ал қағазға түскен ой өлмейді, жарамдысын бір уақытта біреу болмаса, біреу пайдаланады. Сондықтан «Ой әуендері» атты бұл жинақты кейінгі ұрпақтың бір керегіне жарар деген үмітпен баспаға ұсындым» («Ой әуендері», А., 1978, 3-бет). «Көз көргенде» негізінен жазушының өмірде көрген, көңілге түйген түйіндері айтылса, «Ой әуендерінде» хас қаламгердің әдебиет, өнер, әдеби сын, тіл туралы ой-пікірлері топтастырылған.
Абыз жазушы: «Қоғамның даму жолындағы кезеңдерден асарда, халықтық жаңа тілектерді орындарда, сөз жоқ, әдебиетімізге өзгерістер, жаңалықтар еніп отырады. Бірақ оның бірде-бірі қол жеткен табыстарымызды, жақсы дәстүрлерімізді жоюмен келмей, соларды нығайту, дамыту негізінде келеді. Біздің кейбір әдебиетшілер әдебиеттегі бүгінгі бір жаңалықты мақтау үшін, бүгінгі тұрғыдан қарап, әдебиеттің өткен бір табысын кемітіп әуре болады... Ұмытпалық: «...Бүгінгі табысымыз аспаннан түсе қалған жоқ, олардың жалғасы» (сонда, 153-бет), деген көңіл толқындары, ой ұшқындары ақ қағаз бетіне жазылып қалған екен.
Иә, заман өзгереді, сол заманның ұйытқи соққан желімен бірге адамдар да өзгеріп отырады. Ғабиден де – өз заманының, яғни кеңестік кезеңнің перзенті. Шын азамат қай заманда өмір сүрмесін, оған бейімделмесін, бәрібір азаматтық болмысын жоғалтпай, пендешіліктен биікте қала береді. Ғ.Мұстафин де – сексен жылдан аса біреудің ала жібін аттамай, адамға тән бақытты ғұмыр кешіп, халқының сөз өнерін дамытуға айтарлықтай үлес қосқан әдебиет ардагерлерінің бірі.
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы