Өнер • 24 Қазан, 2022

Ғасыр дауысы

390 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бір өлеңінің басында ақын Жұматай Жақыпбаев: «Где-то в этих степях придумали ноту» деген Виктор Шкловскийдің сөзінен эпиграф келтіреді. Және бұл сөз Қазақстан туралы телехабардың бірінде айтылғанын жеткізеді. Кеңестік заманның өзінде. Сөйтеді де:
«Ел ескерер ерлігім жоқ не түрлі,
Сондықтан да, Ләйлә, саған жақпадым.
Уәйс сұлтан Жалаири секілді
Мен, әрине, нотаны ойлап таппадым» дейді.

Ғасыр дауысы

Басқаны қайдам, мен бұған сенемін. Алғаш нотаны кім ойлап тапқаны турасында әркім әртүрлі айтады. Нотаны ойлап таппаса да әлем бойынша музыка туралы алғаш ғылыми еңбек жазған әл-Фараби біздің топырақта туғанын қайда қоясыз?! Демек аузы­мызды толтырып әңгіме айта аламыз. Сол еңбегінде Фа­ра­би «біздің ай­на­ламыздағы ды­быстың бәрі ке­меліне келмеген. Нағыз кемеліне жеткен дыбыс – адамның дауысы» деген тұжырымға келіпті. «Әлемнің ұстазы» атанған Әбунасыр бұл жерде «бақырған құр айқайды» (Абай) айтып тұрмағаны белгілі. Сол кемел дауыстың бүгінгі біз­дің замандағы иесі Димаш Құ­дай­­­берген демей көріңіз. Осы­дан ондаған ғасыр бұрын Оты­рарда туып, әлемде тұңғыш рет музыкалық ғылыми еңбек жазған әл-Фараби дүние есігін қазақ топырағында ашқан, сол Отырарда Шәмші туған, ендеше, әлем сахнасын Димаштың әнмен әлдилеуі де заңдылық. Кешегі көшпелілер дәуірін есепке алмағанда, бүгінде дүниеге қазақ ұлты не бере алды десе, бірден Димаштың есімі аталатыны сөзсіз. Осы уақыт өл­ше­мі тұрғысынан қарағандағы көз­қа­расымыз осылай дейді. ХХІ ға­сыр­дың басындағы кемел дауыс – Димаш Құдайбергеннің дауысы дер едік.

Күні кеше ғана, осыдан екі аптадай бұрын ғана айдай әлем­ге атақты Джеки Чанның кі­тап шығарғаны туралы ақпа­рат тарады. ХХ һәм ХХІ ғасыр­дың аса танымал әртісі кіта­бының мұқабасына Димаш Құдай­бергеннің есімін жазыпты. Оны көрген әнші Димаш Instagram парақшасында алғыс біл­дірді: «Сүйікті актерімді жаңа кітабының жарық көруімен шын жүректен құттықтағым келеді. Осыдан 6 жыл бұрын дүние жүзіндегі адамдар мен тура­лы енді ғана біліп жатқанда ма­ған қолдау білдіріп, бағыт-бағ­дар көрсеткен алғашқы танымал тұлға болдыңыз. Сіздің «Аван­гард» фильміңізде басты әнді орындап, сізбен бірге жұмыс істеу­ге мүмкіндік алғаным менің шы­ғар­машылығымдағы ең жақсы сәттердің бірі болып қала бермек. Сыйлығыңыз үшін және менің қытайша есімім (Димаси) сіздің кітабыңыздың мұқабасында пайда болғаны үшін алғысым шексіз. Мен үшін бұл – үлкен мәртебе», деп жазды Димаш Құдай­берген. Бұл, әрине, бүгін қатар­дағы ақпарат болғанымен, қазақ ұлтына деген құрметті зоры. Сол арқылы елдің де атын шы­ғарары сөзсіз. Қытайлар бұған дейін Шыңғыс хан туралы кино түсіргенін білеміз. Енді Димаштың айналасында жүргенінің өзі біраз жайды аңғартады.

Қазір Димаштың дауысына әлемдегі өркениетті елдердің бәрі тәнті. Былайша айтқанда, ХХІ ғасырдағы қазақ үнін тың­дап отыр. Тіпті оның дауысын тың­дай-тыңдай ауруынан айығып тұр­ғандар туралы деректер бар. Таза, періште жүректің үні екінші жүрекке жеткені былай тұрсын, ем болып та қонатынына шүбә кел­тіруге болмайды екен ғой. «Со­ңынан қалмай, сүйіспеншілігі мен махаббатын арнап жүретін әлемнің түкпір-түкпірінен келген тыңдармандары, о тоба, қазақша ән салып тұр. Тілі төселген, сөзі анық, өзі жаттыққан. Димаштың тілі – қазақ тілі болғаны үшін бақытты, қуанышты кейіпте бар болмысымен беріле әнге қосылады» деп жазды Айгүл Ахан­байқызы өткенде Димаштың Алматыдағы концертінен. Сол кон­цертінде әнші «Бір аспанның тарихы» атты жаңа туындысымен әлем жұрт­шылығын бейбітшілікке ша­қырды. «Жер бетінің халқы ұлтқа, дінге, нәсілге бөлінеді, бірақ біз бәріміз – бір планетаның балаларымыз және бір аспанның астында өмір сүреміз. Өмір – ең бағалы құндылық. Бір­де-бір қасиетті кітап адамдарды қырып-жоюға шақырмайды. Біз достасуды үйренуіміз керек, бірді-екілі адам үшін миллиондаған балалар жапа шегіп жатыр. Бірлік болсын әлемде, жер шарының бо­лашағы біздің қолымызда» деп дүние жүзіндегі адамзат бала­сын татулыққа үндеді. Мы­на­дай алмағайып заманда бұл сөз бас­­қаның емес, қазақ ұлты пер­зентінің аузынан шыққаны бүгінгі оқиға болса, ертеңгі тарих. Осы орайда Димаштың Қазақстандағы концертіне тыңдаушылар 68 елден келгенін ескерген жөн. Әлемдік саясаткерлер не билеушілер алты құрлыққа таралатын ақпарат құ­рал­дарынан осылай үн қатса ел елең етпеуі мүмкін. Тіпті ондай сөздердің саяси астарын түсін­генде әлгілердің пиғылы бел­гілі болып қала беретін әдеті ғой. Ал Димаштың мына сөздері – сая­­сат­тан биік, парасатқа жуық жү­ректің үні. Жүрек болғанда қандай, кеу­десіндегі жұдырықтай ғана бір уыс сол етке жаһанды сый­дырған Құдайдың хикметі ол. Әйт­песе үні­не алты құрлық аузын ашпас еді.

Калифорния штатының (АҚШ) сексенге аяқ басқан Сильвия Сан­довал атты тұрғыны Димашқа Майкл Джексонның плакатын сый­­­лағанын білеміз. Бұл плакат­ты кезінде Сильвияға Майкл қол­таңбасы мен уақытын қойып, өзі сыйға тартқан. Және оны рамкасынан алып шығып Сильвияға беріп жатқанда, әнші байқамай шетін жыртып алады. Сильвия Джексонның кумирі болған жас кезінде, кейін Димашты көр­ген­де плакатты соған беруді ұйға­рып, ақыры жолығып, табыс­тай­­ды ғой. Бір ғажабы, Майкл Силь­вияға плакатты бергендегі дата – Димаштың туған күні, айы, жылы болып шығады. Ғажапты көрмейсіз бе? Жолаушының әрі қарай жол жү­руіне рұқсат ретінде билет жыртып бергендей, бұл да Димаштың ән­шілік өнеріне Майкл Джексонның қолымен берілген Құдайдың жолдамасы іспетті. Ол Димаш Америкаға кон­цертпен барғанда өзі іздеп тапты иесін. Бас­қа қисынға келмейді. Мен осы хикметке сенемін! Ал сіз өзіңіз білесіз...