Қоғам • 24 Қазан, 2022

«Қорқыт ата» телехикаясы қанат қақты

405 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Алматы облысында түсіріліп жатқан «Қорқыт ата» телехикаясының түсірілім алаңына барды. Тарихи туындыны «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен Өзбекстан Республикасының «Кинематография агенттігі» бірлесе түсіреді.

«Қорқыт ата» телехикаясы қанат қақты

Түркі әлеміне ортақ «Қорқыт ата» теле­хикаясының сценарийі өткен жылы жазылып, биылғы жылдың 5 қазанынан түсірілім жұмыстары  басталды. Тарихи туынды ­ 4 бөлімнен тұрады.

«Дала абызына қатысты аңыздардың көпшілігі қазақ даласында сақталған. Өз­дерінің түп-тамырын, шығу тегін Қор­қытпен байланыстыратын ха­лықтар көп. Сондықтан бұл телехикая халықаралық нарықта танымал жоба болатынына се­неміз. Ең алдымен, өз тұлға­ла­рымызды дәріптеуде осындай телехикаялардың маңызы зор», деді министр Д.Қыдырәлі.

Министр түсірілім тобына Халықара­лық Түркі академиясы зерттеушілерінің Алтайдың Қарақаба жазығынан тапқан V-VІ ғасырға тиесілі қобызды пайдалануды  ұсынды. «Қазақстан» республикалық теле­радио­корпорациясының басқарма төр­айымы Ләззат Та­нысбайдың айтуынша, бұл Ұлттық арнаның өзге мемлекетпен бірлесе қолға алған алғашқы телехикаясы.

«Біз үшін алғашқы тәжірибе және алғаш рет өндіріс ұзақ мерзімге созылып отыр. Қараша айында Өзбекстанның Бұхара қала­сында түсірілімдер бас­талады. Сериалдың экрандалуы 2024 жылға жоспарланған», деді басқарма төрайымы.

Жоба продюсері бұған дейін «Qazaqstan» ұлттық телеар­на­сындағы жоғары рей­тинг­ті «Ауыл мұғалімі», «Шырағым», «Шаб­далы18» телехикаяларына жетекшілік еткен Шолпан Батырбаева, режиссері Қанағат Мұстафин. Қ. Мұстафин алғаш­қы отандық 100 бөлімді телехикая «Қара шаңырақ» сериалының режиссері ретінде танымал.  Жобаның тарихи кеңесшісі – этнограф Берік Жүсіп. Редакторы – Болат Жетекбай. Қорқыттың әр кезеңдегі рөлдеріне Дінислам Нұрмағамбет, Әділ Ахметов және Айдос Бектемір бекітілді.

о