Қоғам • 24 Қазан, 2022

Мерейі биік байқау

344 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өсіп-өнген, құтайған, шаңырағы­нан мейір-шапағат төгіліп, жылылық ескен өнегелі әулеттерді әлеуметке кеңі­нен әйгілеудің маңызы зор. Бұл ретте бұқараның назарын бұрған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жыл сайын қаншама үлгілі отбасыны көпшілікке таныстырып келеді. Биыл да осы игі дәстүр жалғасын тауып, еліміздің әр өңірінен жиналған үздік отбасылар Астананың төрін толтырды. Осынау мерейлі шараға қатысқан, жеңімпаз атанған отбасыларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтауын жолдады.

Мерейі биік байқау

Елдігімізді ту еткен ерекше күн – Рес­пуб­лика күні қарса­ңын­да «Мерейлі отба­сы» ұлттық байқа­уының жеңімпаздары «Қазақстан» Орталық концерт залында салтанатты түрде марапатталды.

Осынау ізгі іс-шараның басында сөз алған Президент Әкімшілігі Бас­шысы­ның орынбасары, Президент жа­нын­да­ғы Әйел­дер істері және отба­сылық-демо­­гра­фия­лық саясат жө­ніндегі ұлттық комис­сия­ның төрағасы Аида Балаева бай­­қау жеңім­паздары­на Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың құт­тықтауын оқып берді.

«Жыл сайын өткізілетін байқау ша­ңы­­рағы шаттыққа бөленіп, бе­рекелі бірлік пен татулыққа ұйы­ған өнегелі отбасыларды күллі елге танытты. Мұн­дай үлгілі әулеттер елімізде өте көп. Халқымыз қай заманда да отбасы дәс­түрлерін берік ұстанып, қадірлей білген. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың адамгершілік бол­­мысы­ның қалыптасуына отба­сын­дағы ахуал айрықша ықпал етеді. Әке-шешесінің, ата-әженің тәрбиесін көріп, үлкендер­ден тағлым алып өскен бала есейгенде отаншыл, білімпаз, еңбекқор азаматқа айналады», делінген Президенттің құт­тықтауында.

Астанадан – Сағитов­тар, Алматыдан – Кішкенебаевтар, Шым­кенттен – Жақыповтар, Ақмола облысынан – Боженовалар, Ақтөбе облысынан – Оспановтар, Алматы облысынан – Дәрі­баевтар, Атырау облысынан – Жана­баевтар, Шығыс Қазақстан облысынан – Бозжігітовтер, Жамбыл облысынан – Ержановтар, Батыс Қазақстан облысынан – Халықұлы, Қарағанды облысынан – Әлімбаевтар, Қызылорда облысынан – Байжановтар, Қостанай облысынан – Шәріповтер, Маңғыстау облысынан – Себепбаевтар, Павлодар облысынан – Мұхтаровтар, Солтүстік Қазақстан облысынан – Мухиндер, Түркістан облысынан – Күлбайымбетоватер, Абай облысынан – Зәмзебаевтар, Жетісу облысынан – Андас, Ұлытау облысынан Әйтеновтер отбасы құрметке бөленді.

Рухани құндылықтарымызды дәріп­тей­тін игі дәстүрге айналған биылғы байқауға 2 542 отбасы қа­тысуға ниет танытты. Олар­дың жартысынан астамы, дәлірек айтсақ, 63,4%-ы – ауыл тұрғындары. Бұл, бір жағы­нан, айрандай ұйып отырған ауыл-аймақта әлі күнге дейін қаза­қылықтың қаймағы бұзыла қой­мағанын, ақ-адал пейілі, көл-көсір көңілі, тату-тәтті тұрмысы бар еке­нін көрсетеді.

Бұған қоса үйелмелі-сүйелмелі балалары бар 1 166 үлгілі отбасы қатысты. Сон­дай-ақ ерлі-зайып­ты­ның екеуі де 29 жасқа толмаған 501 жас отбасы осы байқауда бақ сынады.

Түрлі кәсіп пен еңбек әулеттері­нің, спорт және шығармашылық өкілдері­нен құралған 20 отбасы өңір жеңімпазда­ры атанды. «Ме­рейлі отбасы» ұлттық байқауы – үл­кенге құрмет, кішіге ізет руха­ни-адам­гершілік қағидасына не­гіз-­
делген және оны ұрпақтан-ұрпақ­қа жет­кі­зуді көздейтін отбасы құндылығын дәріп­теп ке­ле­ді. Барлық отбасының әр­бір мү­ше­сі ауылдастарының, қала тұр­ғын­­да­рының, әріптестерінің, көр­ші-қо­лаң­­ның құрметіне бөленген, Ота­нына адал қыз­мет етіп жүрген еңбек ада­мы, ауылдың, қаланың қарапайым еңбек­кер­лері.

Марапаттау рәсіміне мемлекеттік орган­дардың өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжі­лісінің депутаттары, Қазақстан Рес­публикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және от­басылық-демогра­фиялық саясат жө­ніндегі ұлттық комис­сияның мүшелері қатысты.

Лауреат отбасылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапаттал­ды. Марапаттау рәсімі қазақ эстрада жұл­дыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен жалғасты.

Жалпы, елімізде отбасы құнды­лық­тары­ның рөлін арттырып, отбасы мен некенің оң имиджін дәріп­тейтін ауқымды да маңызды бай­қауға 2014 жылдан бері 20 мыңнан аса отбасы қатысқан.

то