Пікір • 24 Қазан, 2022

Жаңару шарты

378 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республика күнін қайта жаңғыртып, ұлттық мереке ретінде бекітуі жаңа Қазақстан құру жолында маңызды және тарихи шешім болды.

Жаңару шарты

1990 жылы 25 қазанда қабыл­данып, Қазақ­станның шекарасы, аза­маттығы, диплома­тиялық дербес­тігі, ресми рәміздері бекітілген Мемлекеттік егемендік туралы декларация тәуелсіздігіміздің басты алғышартына, негізгі тірегіне айналды.

Еліміз үшін егемендік – ға­сыр­лар жүгін арқалаған ерекше кезең ретінде құнды. Заманауи тео­рияларда мемлекет дамуының негіз­гі үш шарты ерекше көрсе­ті­леді: биік мақсат-мұратты алға қойып, іске асыра алатын саяси лидердің болуы; мемлекетте сын­дарлы стратегиялық даму жоспа­рының жұмыс істеуі; адами капитал мен біліктілігі жоғары еңбек ресурстарының мемлекет дамуына ықпалы. Бүгінгі таңда осы үш шарт – ұлт тұтастығының үш тағаны, тәуелсіздігіміздің берік кепілі.

Қаңтар оқиғасынан басталған осы жыл тәуелсіздікті алудан оны сақтап қалу шын мәнінде, қиын екенін көрсетті. Бірлік болмай, тірлік болмайтынын айқын сезіндік. Жаңа саяси реформалар мен оң өзгерістер қажеттілігі туындады.

Президент 7 қаңтардағы Үн­деу­інде: «Елі­міздегі қайғылы жағдай демо­кратия мен адам құқығы мәсе­ле­лерінің жаңа қырын ашып көр­сетті. Біздің тарихымыздағы осы бір қиындықты тез арада еңсе­ре­тінімізге ешқандай күмән жоқ. Ең бастысы, болашақта мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеуі керек», деп баса айтты.

Сондай-ақ 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында: «Біздің мұратымыз – жаңа Қазақстанды құру. Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүр­генін қалаймын. Ең бастысы – еліміз­дің егемендігі. Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сон­дықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз. Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаң­ғыру жолы, бүгінгі буынның бола­шақ ұрпаққа аманаты. Ендеше, жаңа Қазақстанды бірге өркендетейік!» – деп үлкен сенім артты.

Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы жолдауында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам»  қалыптастыру бағыттарын айқындап берді.

Алдағы 20 қараша күні кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Ел болашағы үшін әрбір азамат өз таңдауын жасап, белсенділік танытарына сенемін.

Президент атап өткендей: «Біз бүкіл ел болып жаңа Қазақстанды құрамыз. Бұл оңай шаруа емес. Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет. Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбе­гейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жа­ңарады.

Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгер­тетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз».

Мемлекет басшысы көздеген жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды бәсекеге қабілетті жастар, өз кәсі­бін жетік меңгерген кәсіби маман­дар, білікті ғалымдар ғана қалыптас­тыра алады. Ғұлама ғалым әл-Фараби бабамыздың «Бір елдің бо­ла­шағын білгің келсе, ол елдің жастарына қара» деп қалдырған өсиеті бар. Тәуелсіздік тұғырын ны­ғайтып, мемлекетімізді биік­терге көтеру – жастардың қолында. Ал сол жастардың қанатын қатайтып, тәр­биелеу – ұстаз-ғалымдардың міндеті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық уни­вер­ситетінің ұжымы өзіне жүктелген бұл міндетті ең жо­­ғары деңгейде орындауға күш салады, осы ба­ғытта атқарылып жат­қан ауқымды жұмыс­тар да аз емес. Оқу орнымыз биыл QS WUR әлемдік рейтин­гінде 150-орынға көтерілді. Үкімет қаулы­сымен ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәр­тебесі берілді.

Мемлекет басшысының қол­дауымен Түр­­кия­ның Ыстанбұл қала­сында және Қыр­ғыз Рес­пуб­­ли­касының Бішкек қаласында ҚазҰУ филиалдары жұмыс істей бастады. Ресей­дің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу универ­ситетінің филиалы ашылды.

Бүгінгі таңда ҚазҰУ-да ғылыми жетістіктері Қазақстан мен шетелдерде жоғары бағаға ие 40 жасқа дейінгі 300-ден астам жас ғалым жұмыс істейді. Биылғы 2022 жылы жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру аясында 900 млн теңгеден астам 60-қа жуық жоба орындалып жатыр.

Студенттердің игілігі үшін аудиториялар мен жатақханаларға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Республика күні қарсаңында екі үлкен жатақхана күрделі жөн­деу­ден өтіп, сту­денттерге пайдалануға берілді. ҚазҰУ қала­шығы аума­ғында жаңадан заманға сай дәм­ха­налар, ғаламтор-кафелер, дүкендер, кофеханалар мен көшірме орта­лық­тары ашылды.

Ұлттық мереке аясында универ­ситетімізде арнайы іс-шаралар, апта­лықтар, көшбасшылық дәріс­тер ұйым­дастырылды. Жас ғалым­дар мен үздік білім алушылар форумы, Республикалық жастар форумы, Студенттік спартакиада ап­талығы, жалпыуниверситеттік мара­фон мен «Ал­тын күз» жәрмең­кесі ұлттық мерекені ұлық­тау және студенттерді отансүй­гіштік рухта тәрбиелеу мақса­тында жүзеге асырылды. Жас­тарды жаңа қазақстандық патриотизмге баулу ҚазҰУ оқытушы-профес­сор­ларының алда­ғы уақытта да басты бағдары болып қала бермек.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры