Семинарда негізгі спикерлер ретінде Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Сәбила Мұстафина, Анастасия Щегорцова, ОСК аппаратының бюджетті жоспарлау және орындау бөлімінің меңгерушісі Гүлназ Кембаева, «Халық банк» АҚ Астана қаласы бойынша филиалының өкілдері Жанар Рахимова, Жания Досбаева, сондай-ақ Астана қаласы әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімінің басшысы Айнагүл Иксан сөз сөйледі.
Семинар қатысушыларына президенттікке кандидаттардың БАҚ-та сөз сөйлеуіне республикалық бюджеттен бөлінген қаражат көлемі мен тәртібі, кандидаттың сайлау қорларын құру, сайлау қорытындылары белгіленгеннен кейін қаражатты пайдалану туралы есептерді ұсыну, сондай-ақ кандидаттардың барлық қаржы операциясы мен процедурасын ашық, әділ қамтамасыз ету туралы мәселелер толық түсіндірілді.
Сайлауалды штабтардың өкілдері жариялы сайлауалды шараларды өткізу арқылы кандидаттардың сайлауалды үгітті жүргізу, оның ішінде БАҚ арқылы, баспа, аудиовизуалды және басқа да үгіт материалдарын шығару және таратудың құқықтық шарттарымен танысты.
Спикерлер кандидаттардың сайлауалды штабтарының өкілдері тарапынан сайлау науқаны аясында қойылған сұрақтарына толық жауап берді.