Б.Римова атындағы Жетісу облыстық театрының ғимаратына жиналған көпшілік алдымен Мемлекеттік Тудың әкелуіне куә болып, Гимнді тік тұрып орындады. Одан соң мерекелік шараға келген көпшілікті құттықтаған өңір басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұлттық мереке мәртебесін алған Республика күнінің маңызына тоқталып, Егемендік туралы декларацияның ұлт тарихындағы орнын айшықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің басты мерекесі ретінде Республика күнін қайта қалпына келтіруді ұсынған болатын. Бұл бастама қоғам тарапынан қызу қолдау тапты. Егемендік туралы декларация қабылданған 1990 жылғы 25 қазанда тәуелсіздігіміздің алғышарты жасалды, бетке алар бағытымыз айқындалды. Бұл күн біз үшін сонысымен құнды. Қазақстан – біздің өмір сүріп отырған ортақ Отанымыз. Сондықтан оның тағдыры, бүгіні мен болашағы елдің әрбір азаматына тікелей қатысты», деді Б.Исабаев.
Мерекелік құттықтау сөзден кейін облыс әкімі өңірдің дамуына зор үлес қосқан бірқатар жетісулық азаматты «Құрмет», «Еңбек даңқы» ІІІ дәрежелі ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапаттап, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Жетісудың Құрметті азаматы» атақтарын берді. Осы ретте «Құрмет» орденін алған Ескелді ауданындағы «Черкашина» шаруа қожалығының жетекшісі Зинаида Черкашина да өз лебізін жеткізді.
«Ескелді ауданы – аграрлы аймақ. Осы өңірде екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов пен басқа да 19 Еңбек Ері шыққан. Біз сол ерлердің жолын лайықты жалғастырып келеміз. Мемлекет басшысының аграрлық саланы дамыту туралы тапсырмасын орындауға белсене атсалысамыз. Бүгінгі марапат тек менікі ғана емес, жерлестеріммен бірге жасаған жұмысымыздың ортақ нәтижесі деп білемін», деді З.Черкашина.
Республика күнінің құрметіне орай марапатталған жандарды «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған ақын Айтақын Бұлғақов, «Жетісу облысының Құрметті азаматы» атағын алған еңбек ардагері, КСРО «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» және «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Асылмұрат Тұрғанбеков құттықтап, жүрекжарды тілегін арнады.
Салтанатты іс-шара соңы Жетісу облыстық филармониясының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Жетісу облысы