Мехико қаласында ұйымдастырылған бокс кешінде әуесқой бокстан 2017 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл мен Азия чемпионы Бек Нұрмағанбет шаршы алаңға көтерілді. Рингке бірінші болып шыққан Бек жергілікті боксшы Лучано Араухомен (6-5-3, 3 КО) жұдырықтасты. Супер орта салмақта жоспарланған сегіз раундтық айқастың екінші раундында жерлесіміз қарсыласын техникалық нокаутпен ұтты. Бұл – Нұрмағанбеттің кәсіпқой бокстағы сегізінші жеңісі. Жерлесіміз былтыр WBA International тұжырымы бойынша супер орта салмақтағы титулды жеңіп алған болатын.
Ал кәсіпқой бокстағы «қазақтың салмағына» айналып бара жатқан орта салмақ дәрежесінде жекпе-жек өткізген Ә.Аманқұл да мексикалық боксшы Йеассон Пачеко Сервантеспен (6-1, 3 КО) жұдырықтасып, қарсыласын өз жанкүйерлері алдында сұлатып салды. Бұл – отандасымыздың кәсіпқой бокстағы екінші жеңісі.