26 Мамыр, 2014

Қазақстанда өткен тәулік ішінде 7 адам судың құрбаны болды

341 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

26-05-14-utonul-2

АСТАНА. 26 мамыр. Қазақстанның өзендері мен көлдерінде өткен тәуліктің ішінде 7 адам суға ағып кетті. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегіне сілтеме жасаған «ҚазАқпарат» хабарлады. Талдықорған маңындағы Қаратал өзенінде шомылып жүрген 16 жасар қыз судан шыға алмай қалды. Оның денесін Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті судан құтқару қызметінің қызметкерлері тауып алды. Алматы облысында 18 жасар жас жігіт те судан ажалын тапты. Ол Қарасай ауданы жеріндегі «№2 Октябрь» су қоймасына батып кетті. Шомылып жүріп суға кетіп қалған оның денесін облыстық төтенше жағдайлар департаменті судан құтқару қызметі тауып алды. Бұл күні осы облыстың Іле ауданында да судың салдарынан қара жамылып қалған отбасы болды. 1985 жылы туған жігіт осындағы «Локатор» деп аталатын көлге батып кетті. Оның мәйіті облыстық төтенше жағдайлар департаменті судан құтқару қызметінің күшімен сыртқа шығарылды. Тараздағы «Базарбай» каналынан 1994 жылы туған екі жас жігіт шыға алмай қалған. Саға шомылып жүріп ағып кеткен олардың бірінің денесі табылды. Енді судан құтқару қызметінің құтқарушылары екіншісі іздестіріп жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында да бір жасөспірім тілсіз жаудың құрбанына айналды. Қала іргесінде ағып жатқан Қарашық өзенінің иірімі 2001 жылы туған баланы тартып әкетті. Оның денесін жергілікті полиция қызметкерлері алып шыққан. Солтүстік Қазақстан облысының Лобаново селосында балық аулап жүрген кезінде 1986 жылы туған азамат суға батып кеткен. Оның денесін облыстық төтенше жағдайлар департаменті судан құтқару қызметі судан алып шықты. Құрыш Нұрымбет. Дереккөз: «ҚазАқпарат». Фото: ngs24.ru.