Спорт • 26 Қазан, 2022

Денис Тен турнирі

177 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Келесі аптада Алатау баурайындағы әсем шаһарда мәнерлеп сырғанау спор­тының «мұзбалағы», 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді еске түсіруге арналған ІІІ халықаралық турнирдің жалауы желбірейді. Халықаралық коньки тебушілер одағы (ISU) ұйымдастыратын Challenger санатындағы жарыс 26-28 қазан күндері Алматыдағы «Халық Арена» спорт кешенінде өтеді.

Денис Тен турнирі

Қазақтың даңқты мәнерлеп сырғанау­шысы Денис Тенді еске алуға арналған турнир аз уақыттың ішінде дәстүрлі жарыстың біріне айналып үлгерді. Дүние жүзінің спортшылары бас қосатын халықаралық турнирдің тұсауы ең алғаш 2019 жылы Ал­матыда кесілген болатын. Дегенмен, 2021 жылғы жарыс оңтүстік астанадан елордаға көшірілді. Сөйтіп бас қалада өткен байрақты бәсекеде әлемнің 18 елінен келген спортшылар шеберлік байқасты. Олардың қатарында Ресей біріншілігінің қола жүл­дегері Марк Кондратюк, 2020 жылғы жас­өспірімдер Олимпиадасының күміс жүл­дегері, жастар арасындағы әлем чемпионы Андрей Мозалев, жас­тар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Петр Гумменик, жастар арасындағы гран-при жарыс­тарының же­ңімпазы мен жүлдегерлері Анастасия Мухортова, Дмитрий Евгеньев және тағы басқа мәнерлеп сырғанаушылар бар.

Биыл ISU Challenger-дің 7-кезеңі саналатын «Денис Тен мемориалы» Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спорт­ты дамыту дирекциясы мен Алматы қа­ласы әкімдігінің қолдауымен «Халық Арена» спорт кешенінде өтеді. Қазірдің өзінде аталған жарысқа Жапония, Корея, Италия, Франция, Германия, Израиль, Болгария, Мажарстан, Әзербайжан, Молдова, Армения, Грузия, Украина және Қырғызстан Ұлттық федерациялары спортшы жіберетіндерін растады. Ал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар барлық бағдарламада өнер көрсетеді.

Биылғы мемориалдың басты қойылымы – жапониялық Кана Мурамото мен Дайсукэ Такахаси жұбының биі болмақ. Денистің досы болған Дайсукэ Такахаси – жекелей сында сәтті өнер көрсеткен спортшы, 2010 жылы Ванкувердегі Олимпиаданың жүл­дегері атанған.

Сондай-ақ биылғы жарысқа арнайы ша­қырылған қонақтар қатарында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Марина Зуева, Олимпиада чемпиондары Гордеева-Гринков пен Вертью-Скотт, Олимпиада жеңімпазы канадалық Патрик Чан және т.б. бар. Турнир жеңімпаздарын марапаттау рәсімінен кейін спортшылардың қатысуымен Гала-шоу өтеді.

Айта кетейік, ISU Challenger Series тур­нир­лері 2014 жылдан бастап қыркүйектен желтоқсанға дейін өтеді. ISU Челленджер сериясына енгізілген жарыстардың тізімін жыл сайын қайта бекітіп отырады.

Денис Тен де кезінде ISU Challenger серия­сында екі рет жеңіске жеткен. Отандасымыз 2014 жылы жаттығулардың тығыз кестесі мен жоспарланған өзге жарыс­тарға қарамастан, осы серияға да қатысуға шешім қабылдаған болатын. Хорватиядағы Zlatna pirueta Zagreba турнирінде керемет өнер көрсетіп, 1-орын­ды жеңіп алды. 2015 жылы да Денис Загребтегі додада тағы да үздік шыққан еді.