Театр • 26 Қазан, 2022

Тарландардан – тәбәрік

212 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елордада өтіп жатқан Қазақстан драма театрларының Шолпан Жандарбекова атындағы республикалық XXVIII фестивалі аясында тұлға жайлы қос бірдей тағылымды еңбек жарыққа шықты. Оның алғашқысы Қазақстанның халық әртісі Қадыр Жетпісбаев туралы естеліктер жинағы мен «Бала мерген» драмалық шығармалар екі томдығы болса, екіншісі – «Алаштың Ақтоқтысы» атанған аңыз актриса, театр мен кино жұлдызы, КСРО халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шолпан Жандарбекова жайлы «Шолпан жұлдыз» кітабының оқырманмен қауышуы. Қазақ театр тарихына теңдессіз тарту болып қосылған атаулы еңбектің қай-қайсысы да ұлттық өнеріміз үшін өлшеусіз олжа екені даусыз.

Тарландардан – тәбәрік

Қадірі бөлек Қадыр

Қ.Қуанышбаев атындағы акаде­мия­лық қазақ музыкалық драма театры­ның тарихы сөз болғанда, әсте режиссер, Қазақстанның халық әртісі Қадыр Жетпісбаев есімінен аттап өте алмайтынымыз сөзсіз. Себебі өз өмірін түгелдей театр саласына ар­наған талантты тұлғаның, әсіресе Қаллеки театрының алғашқы құрылу мен қалыптасу жылдарындағы сіңірген еңбегі ерен. Суреткердің биылғы 80 жылдық мерейтойы қарсаңында оқырманымен қауышқан қос томдық кітап – режиссер әлеміне бойлап, тұлға табиғатын тереңнен тануға бағытталған теңдессіз қазына. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр өнері бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты Аманкелді Мұқанның құ­растыруымен жарық көрген кітаптың алғашқы томына Қадыр Жетпісбаев туралы естеліктер мен мақалалар топтастырылса, екінші бөліміне режиссер қаламынан туған 4 пьеса – «Бала мерген», «Алтыатар» «Өт­кел етіп өмі­рін» және «Көрген түстей» туынды­лары жинақталған. Суреткердің «Алты­атар» мен «Бала мерген» пьесалары кезінде республикалық балалар мен жасөспірімдер театрында, сондай-ақ облыстық театрларда қойылып, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленсе, әлеуметтік проблемаларды көтерген «Өт­кел етіп өмірін» және «Көр­ген түс­тей» пьесалары да мамандар та­ра­пынан жо­ғары бағаланған шоқтығы биік шы­ғармалар.

Кітапты құрастырушы автор Аман­келді Мұқанның айтуынша, «Бала мер­ген» ертегісі 1980 жылы 10 мың дана­мен шыққан екен, бірақ ол кітапты қа­­зір­гі таңда кітапханалардан табу мүм­­кін емес. Сондықтан да автор Қа­дыр Жет­­пісбаевтың драматургиялық шығармаларын бір кітапқа жинақтап, қайта басып шығаруға тәуекел етіпті. «Бұл кітаптың құндылығы – балалар мен жастарды тәрбиелеуде таптырмас құрал болмақ» деп есептейді ол.

– Бұл 9 айға созылған марафон болды десем де болады. Сәтті аяқ­тап Ж.Жан­дарбекова атындағы респуб­ли­калық ХХVІІІ театрлар фестивалі аясында оқырманға жол тартып отыр. Қолжетімді деректің біразын жинап, теріп, құрастырып, реттеп, өмірбаяндық және шығармашылық белестерін анық­тап, толымды Қадыртанудың негізін жаса­дық деп ойлаймын. Бұл басы болсын. Қа­зақ­тың айтуға тұрарлық әрбір та­лантты тұлғасы туралы толымды зерттеу­лер, естеліктер, монографиялар шыға берсін. Режиссер көп – Қадыр дара, суреткер көп – Қадыр ерекше, тұлға көп – Қадыр бөлек. Дәл қазіргі мендегі хал – көзден таса бола бастаған тұлғаға қызмет көрсетуден, аруағына тағзым етуден асқан бақыт көрмедім, деп автор кітап жайлы ойларын тебірене түйіндеді.

Жинаққа енген пьесалардың кө­терген тақырыптары мен ой-идеялары бү­гінгі көрермендер үшін де өзінің көр­кемдік құндылығы мен қажеттілігін жо­ғалтпаған. Аталған пьесалар кәсіби театр репертуарын және халық театрларының қажет­тілігін өтей алатын құнды қазына екені даусыз.

Жүрекжарды жазбалар

Фестивальдың тағы бір олжасы – 500 данамен жарық көрген театр мен кино актрисасы, КСРО халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы­ның лауреаты Шолпан Жандарбекова туралы жан-жақты сыр қозғалатын «Шолпан жұлдыз» кітабының оқыр­манына жол тартуы. Ерғазы Төлеу­дің құрастыруымен баспа көрген де­ректі-танымдық еңбек актрисаның өнер мен өмір жолындағы өнегелі іздерінен мағлұмат береді. Айтулы жинақтың құндылығы сол – сахна саңлағы туралы әр жылдарда басылым беттерінде жарияланған мақалалар жүйелі түрде жинақталып берілген.

Кітаптың «Жәдігер жазбалар» бө­лі­мінде Шолпан Жандарбекованың өз тағдыры жайында баяны, өнердегі жолының қалай басталғандығы, жанынан табылған жақсы адамдардың шарапаты туралы қамтылған. Өнердегі әріптесі атақты актриса Бикен Римова, әйгілі Қанабек Байсейітов, өмірлік серігі Құрманбек Жандарбековтің естеліктері де кітаптың құндылығын арттыр­ған. Ал жинақтың «Жүрекжарды» деп аталатын екінші бөлімінде сахнагердің кісілік қасиеті, ерекше бекзат болмысы, сахнадағы сәулелі сәттері туралы қатар жүрген құрбы, замандас­тары, сахнада бірге өнер көрсеткен әріптестері, көзкөрген сыйлас жандары естелік айтады. Қазақстанның халық әртістері Райымбек Сейтметов, Нүкетай Мышбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Салиха Қожақова бастаған сахна майталмандарының естелігін тебіренбей оқу мүмкін емес. «Сөнбес сәуле» аталатын үшінші бөлі­міне театртанушылар мен театр сын­шыларының өнер қайраткері Шолпан Жандарбекованың актерлік шеберлігі, сахнадағы бейнесі туралы жазған дүние­лері мен салмақты сараптаулары енген.

Алқалы жиынның есте қалған һәм көңілді қуантқан тағы бір сүйінші жа­ңа­лығы – актрисаның өзі туған Қа­ра­ғанды облысының Қарқаралы ауда­нында­ғы Мәдениет үйіне Шолпан Жан­дарбе­ко­ва есімінің берілуі. Бұл туралы кітап тұсаукесерінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Кен­жеба­лақызы хабарлады.

Сүйінші жаңалықты қуана қарсы алған Қазақстанның халық әртісі, профессор Тілектес Мейрамов: «Апай сах­нада салиқалы бейнелер тудырып қана қоймай, екі мәрте қатарынан Баян­ауыл оругінен Қазақ кеңестік социа­лис­тік республикасының жоғарғы кеңе­сінің депутаты болып сайланды. Депу­тат бол­май жүрген кезінде де ауыл мә­де­ние­тінің өркендеуіне көп үлес қос­ты», деп өнер иесінің қайтаркерлік қы­рынан да сөз қозғап, тұлға есімінің ұлық­та­луы­на бағыталып жасалып жатқан бас­та­­малардың қай-қайсысы да әділетті әрі кө­ңілге қуаныш сыйлайтынын баса айтты.

«Алаштың Ақтоқтысы» атанған аңыз актриса Шолпан Жандарбекова – ұлттық театр және кино өнері тарихында өшпес із қалдырған ерекше тұлға, қайталанбас дарын иесі. «Абай жолы», «Дала үні», «Махаббат туралы поэма» және басқа да фильмдерінен бөлек, театр сахнасында ойнаған 300-ге жуық рөлінің қай-қайсысы да ізденіс биігіндегі салмақты сараптау болып театр тарихында алтын әріппен жазы­лып қалды. Әсіресе Шолпан Жан­дар­бекова сахналық соны өмір сый­ла­ған Ақтоқты бейнесі әлі күнге де­йін ха­лық аузында. Т.Жүргенов атын­да­ғы қа­зақ ұлттық өнер академия­сын­да ұс­таз­дық етіп, әртістердің алып шоғы­рын тәрбиелеп шығарған еңбегі өз ал­дына бір төбе. Шолпан Жан­дар­беко­ва­ның шығармашылық жолы шын мә­нінде сүйікті ісіне адалдық пен нағыз кәсі­биліктің жарқын үлгісі екен­дігі сөзсіз. Ал тұсауы кесілген «Шолпан жұлдыз» кітабы актриса әлемін тануға ғана қыз­мет етіп қоймай, күллі қазақ театрына жасалған теңдессіз тарту екені анық.