![Берекелі шаңырақ](/media/2022/10/26/img_7799.jpg)
– Көпбалалы аналарға артылар жауапкершілік жүгі жеңіл емес, әрине. Көпбалалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көпбалалы отбасында дүниеге келген. Қазір біз сияқты көпбалалы отбасын көрсе таңдай қағып, таңырқай қарайтындар да баршылық. Көпшіліктің көкейінде балаларын қалай асырайды деген сауал туындайтыны да заңдылық. Ата-ана алдымен өзінің әкелік-аналық парызын, міндетін түсінгені абзал. Әр баланы дүниеге әкелген соң ең бірінші денсаулығына, білім алуына назар аударып, иманды, ізетті, адал, еңбекқор етіп тәрбиелеуге тиіспіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та озық білім мен қажырлы еңбек қана елді табысқа жеткізетінін үнемі айтып келеді. Яғни ұрпағымыздың білімді, еңбекқор болуына біз де мүдделіміз. Егер ата-ана өз парызын дұрыс орындаса, бала да перзенттік парызын мінсіз орындайды. Балаң сені ұятқа қалдырмасын десең, дұрыс ата-ана бол. Отағасы екеуміз де жұмыс істейміз. Ешкімге міндет етпей, барына шүкір етіп, маңдай термен тапқан табысымызды отбасы қажетіне жеткізуге тырысып келеміз, – дейді көпбалалы ана Айназ Ахметова.
Алтын құрсақты ана отағасы екеуі бүгінде 7 бірдей ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Олардың ішінде егіздер де бар. Отбасындағы төрт ұл, үш қыздың үлкені 13-те, кенжесінің жасынан асқанына төрт ай болған. Үйдегі ұл-қыздармен қатар дәрігер Айназдың көңілі дәрігерлік есепте тұрған мыңға жуық науқастың жағдайына да алаңдаулы. Бір қолымен бесікті тербетіп, енді бір қолымен ауырғанға ем іздеген қайсар ана өзін қастерлі мамандық иесі санайды.
– Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Науқастың тілін табу – бірінші мақсат. Жан дүниесін түсініп, демеу білдіру дәрігерге артылатын жүк. Өз басым дәрігерге қажетті қасиеттің бірегейі ауруға жылы сөйлеу, оның өмірге деген құштарлығын ояту болуы керек деп ойлаймын. Біз үшін халықтың алғысын алу – ең үлкен құрмет, – дейді дәрігер Айназ Арысбайқызы.
Дәрігер – Түркістан қалалық емханасында ауруларды басқару бағдарламасы бойынша смарт сағатты қолданысқа енгізіп, жақсы нәтиже көрсетуіне қомақты үлес қосқан мамандардың бірі. Қоғамдық денсаулық басқармасы мен қалалық емхана басшылығының қолдауымен жүзеге асырылған жоба бүгінде оң нәтиже беріп отыр. Науқастардың дәріні өз уақытында ішіп, дәрігер айтқан талаптарды орындауына дағдылануы қамтамасыз етілген. Бұл жаңашылдық көптеген келеңсіздік пен оқыс оқиғаның санын айтарлықтай азайтты. Міне, осындай оң көрсеткіштер мен елеулі еңбегінің нәтижесінде дәрігер Айназ Ахметова академик Мұқан Егізбаев атындағы сыйлықтың жүлдегері атанды. Еселі еңбегі жоғары бағаланған дәрігер бұған дейін медицина қызметкерлерінің күніне орай арнайы медальмен марапатталған болатын.
– Ауруларды басқару бағдарламасы Түркістан қалалық емханасында 2018 жылы қолға алынды. Соның ішінде смарт сағатты қолданысқа енгізу 2022 жылдың маусым айынан басталды. Емханада жүрек-қантамыр жүйесі, қант диабеті секілді тағы басқа да аурулармен диспансерлік бақылауда тұратын науқастар болады. Солардың әрбіріне арналған жеке ем жоспары бойынша денсаулығын қадағалап, дәріні уақтылы ішуге көмектесуші осы – смарт сағаттар. Қазір ауруларды басқару бағдарламасына 649 адам енгізілген. Дәрігердің берген ем ескертпелері сағаттың функциясына енгізіледі. Науқастың дәрі ішетін уақыты болғанда жаңағы сағат діріл арқылы ескертіп отырады. Дәріні дер кезінде ішуі керек болып саналатын жүрек және қан тамырлар жүйесі ауырған науқастарға осы ескерту ауадай қажет. Емхана таратып берген сағаттың нәтижесінде атаулы науқастардың ауыр халде емханаға түсуі екі есеге дейін азайды. Осы еңбегімізді бағалаған байқау ұйымдастырушыларына рахмет. Академик Мұқан Егізбаев атындағы сыйлықтың иегері атану мен үшін мақтаныш! – дейді Айназ Ахметова.
Иә, дәрігер атаулыға сын сағаты дерлік кезең болған пандемия кезінде бала күтімі бойынша демалыста жүрген Айназ Арысбайқызы да мамандығына деген адалдығын таныта білді. Дерті ауыр жүкті әйелді босандырып, ана мен баланы аман алып қалу үшін Алматыдағы арнайы гинекологиялық орталыққа апару қажет болады. Осындай жауапты сәтте емізулі баласы бар дәрігер Айназ жүкті әйелді Алматыға алып барып, аман босануына септігін тигізген. Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген Айназ мектепті үздік бітірген соң Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. Атаулы білім ордасында «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алып, 2009 жылы интернатураны аяқтайды. Ал 2010 жылдан бастап Түркістан қалалық емханасында терапевт мамандығы бойынша еңбек жолын бастады. Содан бері бірінші дәрежелі жалпы тәжірибелік дәрігер болып еңбек етуде. Қандай қиындық болса да, ұрпақ қамы, ел амандығы деген ұғымдарды биік ұстаған қазақтың қайсар қызы – бүгінде көптің адамы, көпбалалы ана. Яғни қарапайым халықпен бірге қайнап, оларға қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да қайыры тиетін жан. Көптің адамы дейтініміз де сондықтан. Дәрігерлік – асқан жауапкершілікті қажет ететін, машақаты мол мамандық. Әріптестерінің айтуынша, 13 жылға жуық бір мекемеде табан аудармай маңдай терін төгіп келе жатқан Айназ Арысбайқызы – күніне науқастардың сан алуан түрін кездестіргендегі салмақты, сабырлы, байсалды қалпынан жаңылмаған білікті маман. Дәрігердің еңбегіне жоғары баға беріп, ризашылығын білдіруші тұрғындар да көп. Алдына келген науқасқа жылы жүрекпен, ерекше мейіріммен, шынайы жанашырлықпен қарайтын дәрігер еңбегінің жоғары бағаланып, академик Мұқан Егізбаев атындағы сыйлықтың иегері атануына емхана басшысы Райымбек Берікұлының және емхана меңгерушісі Ғалия Ақмұрзаеваның септігі тигенін айтады. Ал отбасында баланы еңбекке баулу аса маңызды деп санайды.
– Еңбек – адамдық кемелденудің негізі. Еңбек ете білмеген немесе оны жек көрген адамның отбасы берекелі болмайды. Өз отбасында бала ата-ананың қамқорлығына, шексіз сүйіспеншілігіне бөленумен қатар жақсы істерінен өнеге, үлгі алуға тиіс. Бабаларымыз еңбектің маңдайақы, ащы термен келетінін, бейнетсіз табыс құралмайтынын біліп, кейінгі ұрпаққа «еңбекпен ел көгеретінін» аманаттап кеткен. Ендеше, бабалар аманатын балаларымыздың санасына сіңіру біздің, яғни ата-ананың міндеті, – дейді көпбалалы ана.
Түркістан облысы