Саясат • 27 Қазан, 2022

Тас жолдың түйткілді мәселесі

129 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан үміткер Нұрлан Әуесбаев Ақтөбе облысына барды.

Тас жолдың түйткілді мәселесі

Аймақтағы сайлауалды науқан аясындағы сапарының алғашқы нүктесі Бестамақ ауылына соғып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Ауыл тұрғындары үміткерге тікелей кент арқылы өтетін Ақтөбе-Астрахань тас жолына байланысты шағымданды. Бүгінде жобаға сәйкес кеңейтіліп жатқан бұл жол елді мекенді екіге бөліп тұр. Сонымен қатар жолдағы көлік ағыны қозғалысы өте қарқынды, тас жол бойымен жеңіл автокөліктер де, жүк көліктері де қатар жүреді. Бұл жергілікті тұрғындар үшін белгілі бір қиындықтар тудыруда. Біріншіден, жол бо­йында орналасқан үй тұрғындарын күндіз-түні тынбайтын көлік дыбысы мазалайды. Екіншіден, тұрғындар үнемі жолды кесіп өтуге мәжбүр, ал бұл өте қауіпті.

Ауыл тұрғындарының мұң-зарымен танысқан Нұрлан Әуесбаев адамдардың қауіпсіздігі мемлекеттің басты міндеті екенін атап өтті. Айналма жол салу қажеттілігі анық. Не себепті әкімдік пен жол құрылысы басқармасы елді мекен тұрғындарының қажеттіліктерін елемей жүргені сұрақ тудырады. Үміткер бұл мәселені тез арада шешу керек екеніне баса назар аударды. Мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін ол Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін реформалау қажет екенін атап өтті.