Astana Hub қатысушылары 12 мыңнан астам жұмыс орнын ұсынып отыр. Ал IT-қызметтер экспортының көлемі 82,6 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ қатысушы компаниялар өз жобаларына 172 млрд теңге көлемінде қаржы тартып, салықтық жеңілдіктердің нәтижесінде 47,6 млрд теңге үнемдеген.
– Astana Hub қатысушыларының кірісі дегеніміз – технопарктің кірісі емес. Бұл – технопаркте салық жеңілдіктерін алып отырған 930 компанияның кірісі. Біздіңше, бұл – өте жақсы нәтиже, Үкіметтің IT-саланы ынталандыру бағытындағы іс-шараларының оң көрсеткіші. Технологиялық кәсіпкерлікті қолдаудың нәтижесінде сала қарқынды дамып жатыр, – дейді Astana Hub-тың басқарушы директоры Бақытжан Ешмұхамбетов.
Расында да, технопарк қатысушыларының саны жылдам өсіп келеді. Мәселен, жыл басынан бері 328 компания қосылған. Бұл ретте үшінші тоқсанда технопарк қатысушыларының кіріс көрсеткіші де 42 пайызға өскен.
– 2022 жылдың басынан бері IT-мамандар мен IT-компанияларды көшіруге деген сұраныс айтарлықтай өсті. Биыл 28 ақпаннан бері технопарк қоныс аудару бойынша 3 мыңнан аса кеңес берді. Astana Hub мүшесі ретінде тіркелуге 142 өтініш түсіп, оның 117-сі комиссияның оң қорытындысын алып үлгерді, – дейді Б.Ешмұхамбетов.
Еске сала кетейік, Astana Hub қатысушысы мәртебесін алғандарға кірістерінің 1 пайызын технопаркке аудару міндеті жүктеледі. Сондай-ақ технопарк қатысушылары технологиялық кәсіпкерлікті насихаттау және жаңа бастап жатқан стартапшыларды баулу үшін шеберлік сыныптарын, воркшоптар мен басқа да іс-шаралар өткізуге тиіс.