2016 жылы облысымыздағы ауыл шаруашылығында 171 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, биыл бұл көрсеткіш 450 млрд теңгеден асады деп күтілуде. Яғни көрсеткіш 3 есеге өсті. Бұған қоса соңғы 5 жылда саладағы жұмыс өнімділігі 3 есеге ұлғайған. Жергілікті ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің жаңа техникалар мен озық технологияларды қолданысқа көптеп енгізуі, салаға инвестициялар мен субсидиялардың молынан тартылуы осындай оң нәтижелерге жеткізген. Соған сәйкес шаруаларға жылдағыдан көп демеуқаржы төленеді. Дей тұрғанмен, қаражатты біраз күтуге тура келіп отыр.
– Өңір диқандары жаппай техникаларын жаңартуға көшіп жатқандары байқалады. Биыл жыл басынан сатып алынған арнайы техникалардың саны өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым көп. 2021 жылы жаңадан барлығы 654 ауыл шаруашылығы техникасы алынса, биыл алғашқы 8 айдың өзінде 687 техника рәсімделген. Әр сатып алынған техника құнының 25 пайызын мемлекет субсидиялайтыны мәлім. Жалпы, агросектордағы субсидия мәселесіне қатысты қазір біраз түсініспеушілік қалыптасып отырғаны байқалады. Жыл басынан өңір шаруаларына 2,4 млрд теңгенің субсидиясы төленді. Дегенмен суармалы жерлердің көбеюіне және шаруалардың техникаларды жиі ала бастауына байланысты субсидия өтініштерінің көлемі тым артып кетті. Қазіргі күні қосымша 7,8 млрд теңге субсидия қажет. Оның 5 млрд теңгесі – инвестсубсидияға, қалғаны егістік уақытында қолданылған тыңайтқыштарға төленуге тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2,1 млрд теңгені бөлді, ол келесі апталарда төлене бастайтынын айтқымыз келеді. Ал өзге сома жыл соңында немесе алдағы жылдың қаңтар, ақпан айларында төленетінін ескеру керек. Себебі ол сома жыл басында бюджетте қарастырылмаған, – деп түсіндірді облыс әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов.
Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, Қазақстанда астық ішкі сұраныстан өте көп көлемде өндіріледі. Оларды сыртқа шығаруда квота енгізу, ішкі нарықта тиімді бағаны ұстап тұру үшін Үкімет пен өңірлер тиімді жұмыс істеп отыр деуге болады. Қазір мемлекетімізде субсидияны астық өндірушілерге емес, өңдеушілерге беру туралы ұсыныс қарастырылып жатыр. Әділін айту керек, шаруалардың көбі астықты жинаған соң тонналап сыртқа сатып жібереді. Ал өнімді өсіру, өндіру кезінде бюджеттен оған миллиардтаған демеуқаржы төленетіні анық. Яғни арзан астықтың қызығын шетелдің азаматтары көріп отыр деген сөз. Сондықтан өнімді дайын күйінде сөреге жеткізу жүйесіне көмек көрсетілуге тиіс. Қазір Ресейдің арзан астығы да біздің нарыққа келеді. Бұл баға саясатына әсер етпей қоймайтыны анық. Бидайды өткізу бағасы бүгінде тоннасына шамамен 100-120 мың теңге болып қалыптасып отырғанын байқаймыз. Бұл барлығына бірдей тиімді баға деп санайды мамандар. Диірмендерде астық қоры жеткілікті. Сондықтан мол өнімді экспортқа шығаруға кедергі жоқ деген сөз.
Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашевтің дерегінше, биыл облыста жалпы егін жинау алаңы 1 млн 351 мың гектарды құраған.
«Астық 951,5 мың гектардан 100 пайыз жиналды. Гектарынан 10,8 центнер өнімділікпен барлығы 1 млн 25 мың тонна астық алдық. 25 мың гектардан 777 мың тонна картоп жиналды, өнімділік гектарына 313 центнерден айналды. Бұл – тіркелген шаруа қожалықтарында алынған өнім. Ал жеке аулаларда өсірілетін «екінші нан» есепке кірмейді. Өткен жылы 1 млн тоннадан астам астық қамбаға құйылып еді. Биыл тағы да 1 млн-нан астық. Аймақта жыл сайын 20-30 мың гектар суармалы жер қолданысқа енгізіледі», дейді ол.
Картоп бойынша жыл сайын жаңа рекордтың тіркелуі көкөніс сақтау қоймаларының аздығын байқатып отырған сыңайлы. Облыста жалпы сыйымдылығы 460 мың тонна көкөніс сақтайтын 146 қойма бар. Картоп түйіндерінің көбі сыртқа бірден сатылып кетпеуі үшін қоймалардың санын арттыру жоспарда тұр. Негізі заманға сай қоймалардың нәтижесінде картоп, сәбіз, қарақұмық және нан бойынша жергілікті тұрғындардың қажеттілігі 100 пайызға қамтамасыз етіледі. Бұған қоса алдағы қыс пен көктем айларында жергілікті азық-түлік нарығында пияз бойынша сұраныстың 85 пайызын, қырыққабаттың 50 пайызын өзіміздің өнімдер жабады деп күтіліп отыр.
Атап өтерлігі, өңірдегі әлеуметтік нанның бағасы келесі жылы да өзгермейді. Салмағы 550 грамдық, бөлкесі 95 теңге тұратын ас атасы барлығына жеткілікті болады. Нан бағасын ұстап тұру үшін жалпы көлемі 15 мың тонна бидайға меморандум жасалды.
Павлодар облысы