Қазақстан • 27 Қазан, 2022

Әуезов пен Айтматов биігі

568 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алатаудай алып құстың қос қана­тын жайлаған қазақ пен қырғыз бауырластығы – қадым заманнан ән мен жырға, аңыз бен шығармаға айналған. Жыр алыбы Жамбылдың: «Екі өркеші түйенің, екі емшегі биенің, қазақпенен қырғызым, нағашым мен жиенім» деген өлеңі тереңнен тамыр тартқан аталы сөз. Бір-біріне сәуле түсіріп, сын сағатта ұлт тағдырын зерделеген Әуезов пен Айтматов биігі – екі елдің әзелгі туыстық ұранын одан әрі айқындай түскендей.

Әуезов пен Айтматов биігі

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Еліміздегі Қырғыз мәдениеті күн­дері­нің аясында Ұлттық академиялық кітапха­нада екі елдің зиялы қауым өкіл­дері­нің қатысуымен «Түркі әлемінің қос алыбы: Әуезов және Айтматов» ат­ты форумы өтті. Алқалы жиынға Қа­зақстан тарапынан Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, мемлекет және қоғам қайраткері Қуа­ныш Сұлтанов, әдебиеттанушы, Пре­зидент кеңесшісі Бауыржан Омаров, ақын, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, басқа да зиялы қа­уым өкілдері қатысты. Ал Қырғызстан тара­пынан Қырғыз Республикасының Ба­тыры, мемлекет және қоғам қай­рат­кері, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақса­қалдар кеңесінің мүшесі Медетхан Ше­рімқұлов, КСРО Халық әртісі Самар­бубу Токтахунова, қоғам қайраткері, Шың­ғыс Айтматовтың қарындасы Ро­зетта Айтматова, Қырғыз КСР Ха­лық әртісі Рейна Чокоева, ҚР ҒА ака­демигі Абдылдажан Акматалиев, Жазу­шылар одағының төрағасы Нурлан Калы­беков, Қырғызстанның Халық әртісі, Қазақ­станның Еңбек сіңірген әртісі Саламат Садықовалар қатысты.

Кештің әлқиссасында жазушы, манасшы, жақында ғана Түркияда алты күн, алты түн «Манасты» жырлап, Гиннестің рекордтар кітабына енген Асан Ахматов жырдан үзінді оқып, жиылған қауымның рухын көтеріп, жігерін жаныды. Таудан құлаған тас бұлақтай дауылды шумақтар қырғыз даласының сексеуіл бұтағындай тарамдалған адыр-жазықтарын, жалынды, жалғандыққа төзбес отты мінезін танытқандай.

Жиын барысында сөз алған Бауыржан Омаров екі елдің арғы-бергі әдеби ше­жі­ресінен сыр суыртпақтап, мысал кел­тірді.

«Қазақ пен қырғыздың әдебиеті бір-біріне өте жақын, мәселен, бізде екі елдің әдебиетіне ортақ тұлғалар бар. Мысалы, Асан қайғы, Жиренше шешен, Толыбай сыншы біздің әдебиеттің басында тұратын тұлғалар ортақ. Тіпті біздің Қыз Жібегімізді қырғыздар өзінің он томдық әдебиетіне қазақтың мұрасы, көрші елдің мұрасы деп құрметтеп кіргізді. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Айматовты айтар болсақ, біздің елде ең көп оқылатын жазушы деп айтуға болады. Оның шығармаларын, кейіпкерлерін оқырмандар жақсы көріп, сүйіп оқиды. Айтматовтың қазақ өмірінде рухани тұрғыдан қаншалықты орын алатынын білесіздер. Статистикаға сүйенсек, қазір Қазақстанда Шыңғыс есімімен аталатын 9040 адам бар. Ал Чингиз есімі бар 1366 адам бар. Міне, қазақтың рухани әлемін жайлап алған тұлғаны осыдан біле беріңіздер. Біз Шыңғыс ағаның рухын қадірлейміз. Әрқашан рухы шат болсын, биікте болсын», деді ол.

Сондай-ақ форум аясында Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа ар­налған деректі фильм көрсетілді. Жазу­шылардың аумалы-төкпелі кезеңде ұлт тағдырын қыннан суырған қы­лыш­тай өткір, батыл үнмен шынайы жаза білгенін баян етті. Ойлау жүйесі кос­мостық биікке көтерілген Айтматовтың бір халықтың тағдырына жасаған қы­руар еңбегі әуезді сазбен баяулата жет­кізілгенде, көңіл қылын тербетті.

Сөз кезегін алған Қырғыз Респуб­лика­сының Батыры, мемлекет және қоғам қайраткері, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Медетхан Шерімқұлов толқып сөйледі, толғана, әр сөзін нықтап тіл қатты.

– Құрметті қазақ туғандар. Бірін­шіден сіздерді Республика күнімен құт­тық­таймын. Мейрам құтты болсын. Қа­­зақ пен қырғыз қай кезеңде де бірге болып келеді, өйткені бізді Құдай қос­қан. Бүгінгі тақырыпқа ойысар болсам, Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қырғыз тарихында өшпес атын қалдырған ұлы адам. Біз қазақ ақын-жазушыларын құр­меттеп жақсы көреміз, соның ішінде Әуезовтің орны ерекше. Елуінші жыл­дары қырғыздар өзара дауласып, «Манас» эпосы керек пе, керек емес пе деп жатқанда Әуезов сол жиналысқа қатысып, «Манас» эпосының қырғыз елінің төл байлығы болып қалатыны жайлы айтып кеткен сөзі үлкен тақырыпқа жүк. Қырғыздар мұны еш уақытта ұмыт­пайды. Екіншіден, «Жәмила» повесі жөнінде дау туындап, мұндай шығарма қырғыз елінің бүгінгі менталитетіне, мораліне сай келе ме деп Шыңғыс Төре­құлұлын тұс-тұстан қудалау бас­тал­ғанда, ең кесімді сөзін айтып, шығар­маны әлемге жайған да Мұхтар Әуезов еді. Айтматовтың жолын ашып, дүниеге танытқан заңғар жазушының еңбегін бүгін жан-жүрегімізбен сезініп, рахмет айтамыз», – деді.

Мұнан соң белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов сөз алып, екі ел арасындағы тығыз рухани байланыс жөнінде толғады.

– Аса құрметті бүгінгі меймандар, ­ба­­уырлар! Бүгінгі тақырыптың өзі, Мұх­­тар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов әле­міне арналып отыр. Бұл екі тұлғаға бүкіл әлем бізден бұрын баға беріп жатыр. Біз онымен мақтанамыз, мұхиттың шексіз тереңіндей қайнарынан сусын­даймыз. Бүгін қатарларыңызда белгілі, елге танымал кісілер келіп отыр. Айта­лық, Саламат Садықова бүкіл қазақ таласатын қыз. Сондықтан да Саламат екі елге ортақ өнерпазымыз. Ал Мұратбек бауырымызды той-жиындарда, өнер адамдарының мерейтойларында болсын кездестіріп тұрамыз. Шыңғыс аға­мыздың қарындасы Роза апамыз да бү­гін біздің ортамызды толтырып отыр. Бір байқағаным, жеке басы әр­түр­лі жағдайды басынан өткеріп жат­қан кісілер Әуезовті, Айтматовты оқып дертіме шипа табамын, өзімді қай­рат­тандырып, өмірге көзқарасымды қалып­тастырамын деп жатады. Қазақ пен қырғыздың бүкіл дүние жүзіне мақтана алатын рухани байлығы бар. Соны біз құнттап, ескеруіміз керек, – деді.

Бет-пішімі Шыңғыс Айтматовтың өзіне ұқсаған, қоғам қайраткері, жазу­шының қарындасы Розетта Төреқұлқызы Айтматова сөз тізгінін алып, елуінші жылдары үйіне Әуезовтің қонақ болға­ны жөнінде қызықты естелігімен бө­лісті. Тоқсанға таяған апамыздың бойы­нан Айтматовтың биязы, ұяң, адал, ізгіліксүйгіш мейірімді кейіпкерлерінің болмысын байқадық. Орынды, байыпты сөйлеген жазушының қарындасы көпшілікке жаңадан жазып шыққан «Ата-бейіт» кітабын үлестірді.

Айтматов әлемі – шуақты, ақ адал, кісі жанын езіп жіберердей нәзік әлем. Қос жазушыға арналған тағылымды отырыста біз сол әлемнің бөлшегін, атмосферасын сезінгендей болдық. Ізгілік атты алып ағашқа тамыр жіберген жазушы мұрасына тағы бір шомғандай, сол арқылы қайта түлеп катарсиске түскендей сезім кештік. Сірә, талант байлығы, тұлға ұлылығы деген осы болса керек.