Жарты ғасырдан бері «Заря Востока» газетінің ұйытқы болуымен дәстүрлі түрде «Алтын күз» жеңіл атлетика кросы ұйымдастырылып келеді. Биыл жарыс ауданда 55-ші рет өтіп, «Заря Востока» газетінің бұрынғы директоры Бақытжан Имамбаевты еске алуға арналды.
Жексенбі күні таңертең жарысқа қатысуға ниетті спортшылар белгіленген орынға жиналды. Кросқа қала мен ауданның жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары, колледж студенттері, өндірістік кәсіпорындар мен мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері және спорт ардагерлері қатысты. Сөреге ұзын саны 400-ге жуық спортшы тұрды.
– Бүгін біз табысты кәсіпкер және белсенді спортшы болған Бақытжан Құрмашұлын еске алуға арналған кросты қолдау үшін жиналдық. Бүгінгі таңда біздің мемлекетімізде жас спортшылар үшін барлық жағдай жасалуда. Сіздердің облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысуға және жеңіп шығуға мүмкіндіктеріңіз бар. Әрқашан жеңіс тұғырынан көрініңіздер! – деді қала әкімі Игорь Оконешников.
Бүгінгі күнде кросты дәстүрлі түрде ұйымдастыруға Бақытжан Құрмашұлының ұлы Дидар Имамбаев ұйытқы болып жүр. Әкесінің айтуымен Дидар бала кезінен бокспен айналысты. Аудандық, облыстық және республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері.
Еске сала кетсек, «Алтын күз» жарысы коронавирустық пандемияға байланысты 2020 және 2021 жылдары өткізілмеген. Биыл ғана дәстүрлі кросс қайта жалғасын тапты. Сонымен қатар биыл «Бүркіт» тау шаңғы кешенінің жұмысы қайта қалпына келтіріледі. Алтай ауданының тұрғындары, қонақтары қыстың күні бос уақыттарын аталған кешенде өткізуге мүмкіндік алады.
Сонымен жарыс жолына шығып, қара үзіп келген спортшылардың ішінде жеңіл атлетика жарысының ардагері Анатолий Чуйкин болды. Жетпістен асқан ол әлі күнге дейін жүгірумен айналысады.
Іс-шара соңында «Заря Востока» газетінің ұжымы барлық жүлдегерге бағалы сыйлықтар мен құрмет грамоталарын тапсырды. Бірінші орын алғандарға аудандық газетке тегін жазылу бақыты бұйырды. Аудандық газеттің бас редакторы Меруерт Қалымжанқызының айтуынша, «Алтын күз» жарысын жылдан-жылға түрлендіріп, қызықты өткізуге күш салынбақ. Демек келесі жылғы жарыс бұдан да тартысты өтеді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Алтай ауданы